Қазақстанда ипотекалық кредит алған адам қайтыс болған жағдайда оның қарызы автоматты түрде жойылмайды. Қарыз бойынша міндеттемелер мұрагерлерге өтеді. Алайда олардың жауапкершілігі мұраға алған мүліктің құнымен шектеледі. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі түсіндірді.
Азаматтық кодекске сәйкес, мұра құрамына қайтыс болған адамның мүлкімен қатар мүліктік құқықтары мен міндеттері де кіреді. Сондықтан ипотекалық қарыз бойынша міндеттемелер, соның ішінде кепілге қойылған тұрғын үйге қатысты құқықтар мен міндеттер мұрагерлерге өтеді.
Мұрагерлер ипотеканы төлеуге міндетті ме?
Мұраны қабылдаған азаматтар қайтыс болған адамның қарыздары бойынша ортақ борышкерлер ретінде жауап береді. Бірақ әрбір мұрагердің жауапкершілігі өзіне мұрагерлік тәртіппен өткен мүліктің құнымен шектеледі.
Мысалы, мұрагерге 10 млн теңгенің мүлкі берілсе, оның мұра қалдырушының қарыздары бойынша жауапкершілігі осы мүліктің құнынан аспайды.
Банк ипотекадағы пәтерді алып қоя ала ма?
Қарыз алушының қайтыс болуы ипотеканы тоқтатпайды. Кепілге қойылған жылжымайтын мүлік қарыз толық өтелгенге дейін кепілде қала береді.
Егер мұрагерлер ипотекалық міндеттемелерді орындамаса, банк заңнама мен жасалған шарттарда көзделген тәртіппен кепіл мүлкін өндіріп алу шараларын қолдана алады.
Сондай-ақ мұрагерлер мұраны қабылдағанымен, мүлікке құқықтарын тіркеуден жалтарса, кредиторлар мұндай тіркеуді мәжбүрлеп жүргізуді талап етуге құқылы.
Мұрагерлер болмаса, қарыз не болады?
Егер заң бойынша да, өсиет бойынша да мұрагерлер болмаса, ешкімнің мұрагерлік етуге құқығы болмаса немесе барлық мұрагер мұрадан бас тартса, мүлік иесіз қалған мұра деп танылады.
Мұндай мүлік заңда белгіленген тәртіппен коммуналдық меншікке өтеді. Алайда бұл қайтыс болған адамның кредиторлар алдындағы міндеттемелерін автоматты түрде жоймайды. Кредиторлар заңнамада белгіленген тәртіппен және шекте өз талаптарын қоя алады.
Мұрагерлерге қарызды реттеуге қанша уақыт беріледі?
Мұраны қабылдаудың жалпы мерзімі — мұра ашылған күннен бастап алты ай.
Мұрагерлік құқықтарды рәсімдеу кезеңінде банк мұрагерлердің кім екенін анықтау және олардың мұраны қабылдауына дейін сыйақы, тұрақсыздық айыбы мен мерзімі өткен төлемдерге байланысты өзге де төлемдерді есептеуді тоқтата тұру мәселесін қарауға тиіс.
Мұра қабылданғаннан кейін ипотекалық кредитті өтеу банктік қарыз шартына, төлем кестесіне және ипотека шартына сәйкес жалғасады.
Банк ипотеканы мерзімінен бұрын өтеуді талап ете ала ма?
Қарыз алушының қайтыс болуы банктің ипотекалық кредитті мерзімінен бұрын толық өтеуді талап етуіне өздігінен негіз болмайды.
Банк мұндай талапты заңнамада және банктік қарыз шартында көзделген жағдайларда ғана қоя алады.
Қоса қарыз алушылар мен кепілгерлердің міндеттемелері сақтала ма?
Егер ипотекалық кредит бойынша қоса қарыз алушылар болса, олардың міндеттемелері шартта белгіленген көлемде сақталады.
Ал кепілдік пен кепілгерлік заңнамада және шарттарда көзделген негіздер бойынша тоқтатылуы мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайларда әрбір шарттың талаптары жеке қарастырылады.
Осылайша, ипотека алған адамның қайтыс болуы кредиттік міндеттемелерді автоматты түрде тоқтатпайды. Қарыз мұрагерлерге өтеді, бірақ олардың жауапкершілігі мұраға алған мүліктің құнымен шектеледі. Ал кепілдегі тұрғын үй қарыз толық өтелгенге дейін кепілде қалады.