Инвестицияның ең басты қағидаларының бірі – барлық ақшаны бір ғана құнды қағазға салмай, бірнеше компанияларға инвестициялау. Бұл туралы бастауыш инвесторлар жиі жасайтын қателіктердің бірі ретінде жазған едік. Яғни, сауатты инвестицияның ең бірінші қадамы – бір ғана акция сатып алмай, аз аздан болса да бірнеше және әр түрлі компаниялардың акциясынан инвестициялық портфель құрастыру. 

 

Бұған дейін инвестициялық идеяны қалай дұрыс таңдау керек, инвестициялау стратегиясын құру жолдары туралы жазған едік. Қандай компанияларға қалай ақша салу керектігінің теориясынан кейін нақты мысалдармен көрсетуді жөн көрдік. Сонымен, белгілі инвесторлар Уоррен Баффет, Рэй Далио, Гарри Браундар қандай компаниялардың құнды қағаздарына иелік ететінін талдап көрмес бұрын, портфельдердің түріне тоқталайық. 

 

Портфельдің артықшылықтары

 

Портфель сатып алуға кеңінен тоқталайық. Оның табыстылығы айтарлықтай емес. Есесіне тәуекелі де біршама төмен болады. Әдетте портфельдер аста-төк пайда әкелмейді. Бірақ осыншама шығынға батырыпты деген жаңалықты да аз естиміз. Портфельдің өсуі немесе құлдырауы жаһан экономикасының динамикасы сияқты өзгереді. Былтыр орталық банкетрдің инфляциямен куресудегі ақша-несие саясатын қатандыруы, әлемдік экономиканың біраз құлдырауына әкелді. 2022 жылдың 1-ші жартысында S&P 500 көрсет20 пайыздай жоғалтты. Алайда оның соңғы 5 жыл көлемінде 59 пайызға жуық табыстылық жинағанын да ұмытпау керек. 

 

Бағалы қағаздар портфелін бірнеше түрге бөліп қарастыра аламыз

 

Капитал өсімі портфелі – нарықтық құны тез ұлғаятын акцияларға бағдарланады. Мұндай портфелдің мақсаты – инвестор капиталын еселеу. Мұндай портфелдің иелері әдетте аса қатты жоғары емес дивиденд алады немесе мүлде алмайды. 

 

Тәуекел капиталының портфелі – жаңа технологияларды немесе жаңа өнімдердің өндірісін пайдалану базасындағы жедел даму стратегиясын таңдаған жас акционерлік компаниялардың немесе «агрессивті» типтегі кәсіпорындардың акциясынан құралады. Мұндай стратегия туралы алдыңғы материалда жазған едік. 

 

Теңдестірілген портфель – инвестор капиталының өсіміне және жоғары кірістер алуға бірдей бағдарланған. Мұндай портфелдің құрамына тәуекелі жоғары бағалы қағаздар да кіреді. 

 

Мамандандырылған портфель – тар салаға маманданған акциялардан тұрады. Оның аясында бағалы қағаздар жалпы емес, жекелеген критерий бойынша сатып алынады. Мәселен, біреулер экологиялық таза өнім өндіретін компаниялардың акциясын жинаса, енді бірі ислам қағидаларына сай компанияларды топтастарады. Енді бір инвесторлар өңірлік және салалық портфелді жинауы мүмкін. 

 

Саланың майын ішкен мамандар инвестициялық портфель жасақтауда саланың әркелкі болуына айырықша мән беру керек деп кеңес айтады. Мәселен, бір портфелде металлургия, ретейл, мұнай-газ секторы, телеком, қаржы, ауыл шаруашылығы, құрылыс, энергетика және IT секілді бірнеше саланың акциясы жинақталса құба-құп. Бұл сізді жаппай құлдыраудан, қатері мол тәуекелден сақтандырып тұрады. 

 

Кей инвесторлар потенциалы жоғары, соған сай бағасы да қымбат компанияларды жинап алады. Себебі ертеңгі күні компанияның жағдайы жақсы бола түссе, акциясы да сөзсіз құн қосады, сөйтіп мол қаржы табамын деген пайданы көздейді. Ал кей инвесторлар нарықта орны әбден қалыптасқан, қаржылық ахуалы тұрақты компанияларға басымдық береді. Олар үшін аста-төк ақша мұрат емес, ең бастысы тұрақты және ұзақ мерзімді дивиденд алып тұрса болғаны. 

 

Үшінші бір топ жаңадан жарқ етіп шыққан, технологиялық компаниялардың акциясына құмар болады. Қазіргі заман осындай компаниялардың заманы, сондықтан ұтыла қоймаспын деген түйсікпен осы қадамға барады. Иә, қазір технологиялық компаниялар дәуірлеп тұр. Бірақ тәуекел дегеніңіз де кез келген сәтте туындай салады. Мысалы, наурызда АҚШ-та, негізінен стартаптарды қаржыландыратын, ірілігі жағынан 16-шы банк саналатын (АҚШ-та) Silicon Valley Bank-тің айналасы екі күнде банкротқа ұшырауы технология саласын да тұралатып тастады. Қаншама компанияның акциясы құлдырап, қор нарығының опан-топаны шықты. Сондықтан жаңа технологияны серік еткен компанияларды таңдау кезінде де жеті рет өлшеп, бір рет кеспесе болмайды. 

 

Белгілі инвесторлардың портфелі қандай?

 

Бұл тақырып аясында жекелеген табысты инвесторлардың портфеліне тоқталып өту де ерекше маңызды болмақ. Табысты инвестор дегенде аузымызға алғашқылардың бірі болып Уоррен Баффет ілігеді.

 

Berkshire Hathaway Inc. бас директор, төраға және негізгі акционері Уоррен Баффет өзіне тиесілі жария компаниялардың акцияларын Berkshire Hathaway Inc. иелігінде ұстайды. 

 

Berkshire Hathaway портфеліндегі акциялардың қозғалысы туралы деректер АҚШ-тың Бағалы қағаздар жөніндегі комиссиясына өтініш беру арқылы тоқсан сайын жаңартылады. Соңғы жарияланым 2023 жылдың 15 мамырында болды.

 

Buffett.online сайтындағы дерекке сүйенсек, 2023 жылдың 31 наурызындағы жағдай бойынша (15 мамырда жарияланған), Баффеттің акциялар портфелінің 46,44%-ы APPLE INC акцияларына тиесілі, нақтырақ айтқанда инвестор Apple компаниясының 915 560 382 акциясына ие. Одан кейін портфелінің 9,09%-ы, яғни 1 032 852 006 құнды қағаз BANK OF AMERICA CORP акциясы. Тағы 151,610,700 акция, портфельдің 7,69%-ы AMERICAN EXPRESS CO компаниясынікі. 

 

Бұдан бөлек инвестор COCA COLA CO (портфелінің 7.63%-ы), CHEVRON CORP (портфелінің 6.65%-ы), OCCIDENTAL PETROLEUM (портфелінің 4.07%-ы), KRAFT HEINZ CO (портфелінің 3.87%-ы), MOODYS CORP (портфелінің 2.32%-ы), ACTIVISION BLIZZARD INC (портфелінің 1.30%-ы), HP INC. (портфелінің 1,09%-ы), т.б. үлесіне ие. 

 

Әлемге әйгілі инвесторлардың тағы бірі Гарри Браун тұрақты ірі эмитенттердің құнды қағаздарына инвестиция жасауымен белгілі болған. Оның портфелі Баффеттің портфелі сияқты аз деңгейдегі құбылмалылыққа ие. Бұл оның инвестициялық стратегиясын тартымды ете түседі. 

 

Гарри Браун Microsoft, Coca-Cola, Procter&Gamble, PepsiCo және тағы да басқа ірі компаниялардың қағаздарын сатып алған. Бұл компаниялар нарықта өзінің тұрақтылығын және табыстылығын дәлелдеген ірі ұжымдар болып саналады. Сондықтан да тәжірибелі инвестор ұзақ мерзімді перспективадағы инвестициялау жобасы ретінде осы компанияларды таңдаған. 

 

Браун инвестициясының басты принциптерінің бірі – дивидендтік саясат жүргізетін және өз дивидендін ұдайы ұлғайтып отыратын компанияға инвестиция жасау. Ол сонымен қатар қаржылық көрсеткіштері өте жоғары және нарықтық үлесі мығым компанияларға көбірек көңіл бөлген. Себебі мұндай компаниялар нарықтағы кез келген тәуекел мен құбылмалылыққа төзімді келеді деп санайды. 

 

Браун портфелінің 25 пайызы акциялардан құралған. Одан бөлек ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді облигациялар ұстайды. Оларың да үлесі 25 пайыздан. Тағы 25 пайызы алтынға тиесілі. Гарри Браунның портфелі активтерді жиі қайта реттеуді қажет етпейді. Ол тұрақты компаниялардағы ұзақ мерзімді позицияларға инвестициялауға және уақыт өте келе осы инвестициялардан дивиденд алуға арналған болатын. 

 

Инвестор портфелі туралы сөз қозғағанда Рэй Далиодан да аттап өте алмаймыз. Ол – табысты инвестор және Bridgewater Associates хедж-қорының негізін салушы. Оның инвестициялаудағы ешкімге ұқсамайтын философиясы және кез келген нарықта табысты бола алатын ерекшелігі бар. Негізгі ұстанымы – әралуандық. Ол алдағы жылдары қай нарықтың жоғары табысты болатынын дәл болжау мүмкін емес екенін мойындайды, сондықтан оның инвестициялық портфелі көптеген активтердің әртүрлі кластарынан тұрады. Соның ішінде акция да, облигация да, алтын мен жылжымайтын мүлік те бар. 

 

Портфелі мейлінше әртараптандырылған. Мәселен ол технология (Apple, Microsoft), қаржы (Goldman Sachs), денсаулық сақтау (Johnson & Johnson, Pfizer, Merck, AbbVie), бөлшек сауда (Walmart, Home Depot, Costco) және инфрақұрылым (Caterpillar, Union Pacific, CSX Corp) салаларына белсенді инвестиция жасайды. 

 

Қорыта айтар болсақ, әртараптандырылған инвестиция – салған ақшаңызды жоғалтпаудың және оны көбейтудің ең басты кепілі. Ол үшін жоғарыда айтылғандай, бірнеше және біріне бірі ұқсамайтын салалар мен компаниялардың қағаздарынан әртараптандырылған инвестиция портфелін құру керек. Уоррен Баффеттің портфелінен көргеніміздей, оның иелігінде технология саласындағы алпауыт компанияның да, банк секторының да, азық-түлік саласының да, мұнай-газ саласының да акциялары бар. Ал Гарри Браун акцияға да, облигацияға да, алтынға да ақша салған. Рэй Далио салаларды ғана әртараптандырмай, құнды қағаздың да бірнеше түрін сатып алған. Оның ішінде акция да, облигация да, тіпті алтын мен жылжымайтын мүлік те бар.