2023 жылғы 12 сәуірде ҚР Ұлттық банкі Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының 2030 жылға дейінгі активтерін басқару тұжырымдамасын жариялады. Жоба «Ашық НҚА» порталында шықты. Тұжырымдаманы жүзеге асыру, яғни онда белгіленген шектеулерді, қағидаттар мен тәсілдерді сақтау, ҚР ҰБ-ның пікірінше, 2030 жылға қарай 100 млрд АҚШ долларын жинақтауға және «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасының табысты жұмыс істеуіне ықпал етеді.
Мақсат өршіл көрінеді, бірақ тым шынайы емес. Түсіну үшін: 2023 жылдың наурыз айының соңына қарай ҚР Ұлттық қорының активі 58,4 млрд АҚШ долларын құрады. Яғни, 7 жылдан аз уақытта Ұлттық қордың активтері 71% немесе 41,6 млрд АҚШ долларына өсуі керек деп болжануда. Егер 2014 жылдан бергі жеті жылда Ұлттық қор активтері өспек түгілі азайып кеткенін ескермесеңіз, жоспар орындауға оңай секілді көрінеді. Нақтырақ айтқанда, 2014 жылғы тамызда (ең жоғары өскен кезі) Ұлттық қордың активі тұрақты өсім көрсетіп, 77,2 млрд АҚШ долларына жетті, бірақ одан кейін айтарлықтай құлдырау байқалды. Бүгінгі таңда Ұлттық қордың активтері сол кездегімен салыстырғанда 24,4% немесе 18,8 млрд АҚШ долларына төмендеді.
Тағы бір қызықты дерек: жаңа тұжырымдамада атап өтілгендей, 2016 жылдың өзінде Ұлттық қор активтерін басқару тәсілдерін жетілдіру бойынша жұмыс жүргізілді, Ұлттық қор қаражатын қалыптастыру мен пайдаланудың жаңа тұжырымдамасы әзірленді және бекітілді, тұрақтандыру портфелінің максималды көлеміне 10 млрд АҚШ доллары шегінде шектеу қойылды. 2019 жылы Ұлттық қордың жинақ портфелінің активін консервативті бөлуден теңгерімді бөлуге көшу басталды.
Алайда, бұл шаралардың барлығы алыс қашықтықтағы теріс үрдісті қалпына келтіре алмады. Иә, төменде келтірілген диаграммадан көріп отырғаныңыздай, кейде өсу болды, бірақ жалпы көрсеткіш төмендеуде. Тиісінше, жаңа тұжырымдама қысқа мерзімде осындай өршіл мақсаттарға қол жеткізе алады деуге ешқандай кепілдік те, негіз де жоқ.
Жаңа тұжырымдамада атап өтілгендей, активтердің бұлайша қысқаруының бір себебі – Ұлттық қорға мұнайдан түсетін табыстан гөрі республикалық бюджетке алатын қаражаттың көп болуы. Ең жоғары мәндер 2017 және 2020 жылдары тіркелді: 2017 жылы 2,1 трлн теңге түсім болса, алынған ақша 4,4 трлн теңгені құрады, 2020 жылы 1,4 трлн теңге түсім болса, алынған ақша 4,8 трлн теңгені құрады.
Дегенмен, бұл жалғыз себеп емес екенін атап өткен жөн. ҚР Ұлттық банкі жүзеге асырып жатқан инвестициялық қызмет те маңызды рөл атқарады. Соңғы 10-15 жыл ішінде активтерді басқарудан алынған кіріс әлемдегі ұқсас тәуелсіз әл-ауқат қорларының табысынан төмен болды.
Ұлттық қордың бүкіл тарихында (2000-2022 жылдары) оның орташа жылдық табыстылығы 3,02%, шетел валютасындағы активтерді басқарудан түскен инвестициялық кіріс 15,1 млрд АҚШ долларын құрады. Айталық, Норвегия қорының 1998 жылдан бастап 2022 жылдың соңына дейін орташа жылдық жиынтық кірісі 5,7%-ды құрады.
Сонымен қатар, соңғы 10 жылда ҚР-да Ұлттық қорды басқарудан табыс таппақ түгілі шығын да болды. Оның ең үлкені 2022 жылы болды. Былтыр жыл соңында Ұлттық қорды басқарудан 1,4 трлн теңге көлемінде рекордтық шығын тіркелді.
Осы сценарийде және басқарудың осы деңгейіндегі қазіргі жағдайды ескере отырып, 2030 жылға қарай 100 млрд АҚШ долларлық көрсеткішке жету оңай болмайды. Бұл ретте уәкілетті органдар ҚР Ұлттық қорының қаражатын сақтауға бар күш-жігерін салуы қажет.