Банк секторының наурыз айындағы күйзелісінен кейін сәуірде әлемнің қаржы нарығының бәсеңдей бастаған құбылмалылығы тәуекелді активтердің динамикасына оң әсер етті. Мұның Қазақстанның ішкі валюта нарығына және халықаралық резервтерге қалай әсер еткенін ҚРҰБ Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова түсіндіріп берді.
Сәуірдегі қаржы нарығының ахуалы
Өткен айда «қара алтын» әр түрлі бағытта саудаланды. Айдың бірінші жартысында мұнай бағалары қалыпты оң жағдай аясында қалыптасып, 1 баррельдің құны 85-87 АҚШ доллары аралығында болды. ОПЕК+ келісіміне қатысушы елдердің мамыр айынан бастап жыл соңына дейін мұнай өндіруді қысқартуға қатысты шешімі мұнай бағасына кәдімгідей қолдау көрсетті. Ол тәулігіне шамамен 1,65 млн баррель болады.
Алайда, сәуірдің екінші жартысынан бастап мұнай бағасы айдың басынан бері жинақтаған өсімін толығымен жоғалтып, айтарлықтай төмендеді. Инвесторлар АҚШ-та ықтималды экономикалық рецессия туындауы және Қытайдан қайшылықты статистикалық мәліметтер келуі аясында мұнайға деген сұраныс перспективасын күмәнмен бағалады. Қытайда өнеркәсіп өндірісінің көлемі күтілген 4%-дық өсуі кезінде наурызда жылдан жылға 3,9%-ға өсті. Айдың соңғы аптасында First Republic Bank проблемаларына байланысты АҚШ-тың банк секторына қатысты алаңдаушылық қайта басталуына байланысты шикізат нарығы құбыла түсті. Мамыр айының басында рецессия тәуекелінің қысымымен мұнайға баға белгілеу 1 баррель үшін 77 АҚШ долларына дейін төмендеді.
Жалпы, сәуірде нарықтардың салыстырмалы түрде «тыныш» болуына қарамастан, қаржы нарығындағы активтер динамикасының түрлі бағыты АҚШ пен ЕО-ның банк секторындағы оқиғалардан, орнықты-артқан инфляциядан, АҚШ-тың мемлекеттік қарызы лимитіне тез жетуінен, жетекші орталық банктердің одан әрі жүргізілген ақша-кредит саясатынан туындаған белгісіздік пен аралас сигналдарды көрсетеді.
Мәселен, бір жағынан банк секторындағы дағдарысқа, экономиканың өсуі баяулауына және рецессия тәуекелдеріне байланысты алаңдаушылық ақша-кредит жағдайларын жеңілдету қажеттілігі туралы күтудің артуына ықпал етеді. Екінші жағынан, жоғары инфляция реттеушілерді қатаң саясатты ұстануға мәжбүр етеді. ФРЖ мамырдағы соңғы отырысында қосымша өсіруді көздейтін ұсыныстарды жойып, мөлшерлемені 5-5,25%-ға дейін 25 б.т. көтерді. Сонымен қатар, нарыққа қатысушылар жылдың екінші жартысынан бастап мөлшерлеменің бірінші төмендеуін күтеді. Fed Funds фьючерстері 33% ықтималдығымен шілдеде жеңілдетілуін болжайды.
Ұлттық банк интервенция жасаған жоқ
Сәуірде валюта нарығы орташа құбылмалылықпен сипатталды. Теңге бағамы 453,21-ге дейін 0,1%-ға аздап әлсіреді. Теңге бағамы нарықтық жағдайларға байланысты қалыптасты. Ұлттық Банк интервенциялар жүргізген жоқ.
Валюталық түсімінің бір бөлігін өткізу бойынша міндеттемелерін орындау аясында квазимемлекеттік компаниялардың сатуы сәуірде 295 млн АҚШ долларын құрады.
Ұлттық қордан орындалған сатулар күніне 600 млн АҚШ долларын құрады немесе 30 млн АҚШ долларынан аспады. Бұл біздің болжамды бағалауымызға сәйкес келеді. Мамыр айында сатылым 750-800 млн АҚШ доллары аралығында болады деп күтілуде. Сәуір айында БЖЗҚ үшін валюта сатып алу 240 млн АҚШ долларын құрады. Мамыр айында зейнетақы активтері үшін сатып алуды сол – 200-250 млн АҚШ доллары деңгейінде жалғастырамыз.
JPMorgan клиенттері арасында жүргізілген сауалнамаға сәйкес, сыртқы жағдайлардың аралас белгілеріне қарамастан, жаһандық инвесторлардың теңгедегі позициясы сәуір айында 2021 жылғы қыркүйектен бастап ең жоғары деңгейге дейін ұлғайды.
Алтын-валюта резерві ұлғайды
Алдын ала есептеулерді алып қарасақ, сәуір айының қорытындысы бойынша, АВР көлемі бір айда 1,4 млрд АҚШ долларына ұлғайып, 37,6 млрд долларға жетті. Алайда, көбінесе, ұлғаю Қаржы министрлігінің Ұлттық Банктегі валюталық шотына «транзиттік» түсіммен байланысты екенін және ол кейіннен Ұлттық қорға қайта бағытталғанын атап өткен жөн. Резервтердің төмендеуіне әсер еткен факторлардың ішінде мемлекеттік қарыздың төленгенін атап кету керек.
Алтынның бағасы бір унция үшін 1979 доллардан 1983 долларға дейін өсті. Бір ай ішінде бағалы металдың бағасы бір унция үшін 2036 долларға дейін көтерілді. Алтын нарығындағы белгісіздік бұрынғысынша ФРЖ-ның кейінгі риторикасы бойынша және АҚШ-тың банк секторындағы жағдайға орай күтулерге байланысты болып отыр.
Ұлттық қор айды плюспен аяқтады
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Ұлттық қордағы валюталық активтердің көлемі өткен айда 300 млн долларға ұлғайып, сәуір айының соңында 58,7 млрд АҚШ долларын құрады.
Тәуекел дәрежесінің бірқалыпты өсуі – акциялар мен облигацияларды, сондай-ақ, алтынды оң қалпында қайта бағалауға әсер етті. Сөйтіп, Ұлттық қордың инвестициялық кірісі сәуір айында 441 млн доллар болды.
Бұдан басқа, активтердің өсуіне Ұлттық қорға түскен валюталық түсімдер ықпал етті. Олардың мөлшері сәуірде 457 миллион АҚШ долларын құрады.
Өткен айда Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферт түрінде 393 млрд теңге аударылды. Осы мақсатта ішкі валюта нарығында 600 миллион АҚШ долларына шетел валютасы сатылды.