Қазақстан Үкіметі заң нормаларын жасанды интеллектке жаздырмақ. Ол заң нормаларын жазу үдерісінің толық циклін — идеядан бастап оны іске асыруға және кейінгі мониторингке дейін сүйемелдейді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Үкіметінің 2025 жылға арналған заң жобалау жұмыстары жоспарының орындалу барысы және 2026 жылға арналған заң жобалау жұмыстары жоспарының жобасы жөнінде баяндама жасаған Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев мәлімдеді.

«Министрлік заң нормаларын жазу үдерісін одан әрі цифрландыру және бизнес-процестерді автоматтандыру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Заң нормаларын жазу бойынша ЖИ агент жасау шаралары қабылдануда, ол нормативті құжатты жазудың толық циклін — идеядан бастап оны іске асыруға және кейінгі мониторингке дейін сүйемелдейтін болады», — деді ол.

Министр өткен жылы заң нормаларын жазу үдерісін жетілдіру бойынша, оның ішінде жоспарлау сапасын арттыру және мемлекеттік органдардың болжамдық-талдамалық функциясын күшейту бағытында ауқымды жұмыс жүргізілгенін айтты.

«Біріншіден, заңнамалық бастамаларды іске асырудың пакет қағидатына қойылатын талаптар күшейтілді. Енді бұл талаптар тек үкіметтік заң жобаларына ғана емес, парламент депутаттары бастамашылық ететін заң жобалары мен түзетулерге де қолданылады. Заңнамалық жаңалықтарды іске асыруға қажетті ведомстволық актілер жобаларын қатар әзірлеу барлық кезеңде және барлық заң жобалары бойынша міндетті болды. Бұл заң қабылданғанға дейін проблемалық мәселелерді алдын ала анықтап, пысықтауға және оны ведомстволық деңгейде сапалы іске асыруға мүмкіндік береді», — деді Ерлан Сәрсембаев.

Президенттің дебюрократияландыру шаралары туралы жарлығын іске асыру жалғасуда. Атап айтқанда, нормалардың артық заңнамалық регламенттелуін алып тастау бағытында. Қазіргі таңда жүргізілген ревизия нәтижесінде әзірленген 25 заң қабылданды, тағы 10 заң жобасы мәжілістің қарауында жатыр.

«Заң шығару тәжірибесі көрсеткендей, құқықтық реттеу деңгейлерінің нақты ажыратылмауы заңдардың процедуралық нормалармен шамадан тыс толуына және шешім қабылдау икемділігінің төмендеуіне әкеледі. Осыған байланысты министрліктер артық бюрократияны болдырмайтын, заманауи, тұрақты әрі бейімделгіш заңнама моделін қалыптастыру тәсілдерін әзірледі. Олар құқықтық реттеу деңгейлерін айқындаудың нақты критерийлерін және жеделдік пен басқарушылық дербестіктің басымдығын тануды қамтиды», — деді Әділет министрі.

Әділет министрлігі өз тарапынан аталған жаңашылдықтардың орындалуын құқықтық сараптама жүргізу және Үкімет қорытындылары жобаларын қарау барысында бақылау мен талдауды қамтамасыз етеді.

«Үшіншіден, биылдан бастап мемлекеттік органдардың болжамдық-талдамалық функциясын күшейтудің және соның нәтижесінде заңнаманың тұрақтылығын арттырудың маңызды элементі — құқықтық мониторингті салалық жаңа форматта жүргізуге көшу болды. Бұрын мониторинг әрбір нормативтік құқықтық акті бойынша жеке жүргізіліп, негізінен заң техникасына бағытталды, ал тұрақтылық тек заңнамалық актілер аясында бағаланатын», — деп түсіндірді Ерлан Сәрсембаев.

Бұл құқықтық реттеудің жалпы көрінісін көруге және оның нақты тиімділігін бағалауға мүмкіндік бермеді.

Енді салалық қағидат енгізілуіне байланысты, белгілі бір саланы реттейтін заңдардан бастап жергілікті актілерге дейінгі нормативтік-құқықтық актілердің жиынтығы талданады. Кешенді талдау, соның ішінде бүкіл заңнама саласының тұрақтылығын анықтау арқылы мемлекеттік органдардың заң нормасын шығару тәртібі артады, бұл дебюрократияландыру жағдайында аса маңызды.

«Қазіргі таңда заңнаманың 80 саласы талданды, нәтижелері жалпы алғанда талдамалық және болжамдық құрамдастың күшейіп келе жатқанын көрсетеді», — деді ол.

Заңнама және құқықтық ақпарат институтына мемлекеттік органдардың заң нормасын жазу қызметін ғылыми сүйемелдеуді жүзеге асыратын уәкілетті ұйым мәртебесі бекітілді.

«Мұндай ғылыми сүйемелдеу барлық міндетті ғылыми сараптамаларды, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптаманы жүргізуді, заңнаманың тиімділігін талдауды, ғылыми қорытындылар мен талдамалық материалдарды дайындауды көздейді», — деп қорытындылады министр.