Асхат Аймағамбетов бюджет тапшылығының себебі белгілі бір дәрежеде бюджет заңнамасы екенін айтты.
Оның айтуынша, Үкімет пен Қаржы министрлігінің орасан зор бюджеттік өкілеттіктері, сондай-ақ есебі жоқ, нақты ережелер, рәсімдер және нысаналы индикаторлары жоқ бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің үлкен дербестігі бюджет тапшылығына, теңгерімсіздігіне және тиімділігінің төмен болуына алып келеді.
«Енді үкімет бұрынғы кездегідей емес, Парламентте бюджетті нақтыламайды. Оларға бұл қажет емес. Бұл оңайырақ, сұрақ аз болады және кез келген мәселені кулуарда шешуге болады. Олар үкімет деңгейінде жылына 8-10 бюджеттік түзетулерді дербес жүргізеді. Соның нәтижесінде алғашында Парламент қабылдаған бюджет, оның басында бекітілген міндеттер мен мақсаттар адам танымастай өзгереді», — дейді.
Қазіргі уақытта министрліктердің өздері бюджеттік бағдарламалар аясында қаражатты өз бетінше қайта бөле алады. Нақты ережелер жоқ.
Енді жаңа Бюджет кодексінің жобасы аясында бағдарламалар кеңейтіліп, министрліктерге бұдан да үлкен дербестік беріледі.
«Есепсіз, өлшенетін де түсінікті міндетсіз, мықты мамандарсыз және қалыпты мемлекеттік жүйесіз автономды жоспарлау өте қауіпті. Орындау мен бақылаудың ішкі тетіктерін өзгертпей, бұғаттауды сырттан енгізу мәселені шешпейді, тек шиеленісе түседі», — дейді депутат.
Оның айтуынша, бұлай жалғаса беретін болса, бюджетті алдағы уақытта Парламентте әр министрлікке бір жалпы цифрмен бекітуге болады, ал іштей әр министрлік бөлуді өз қалауынша өзгертеді. Бюджетті бекіту дегеннің өзі бірте-бірте жойылады.
Оның айтуынша, Ұлттық қордан аударылатын трансферттердің нақты шарттары да үлкен мәселе. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт үкіметті шектейтіндей көрінгенімен, бірақ олқылықтар әлі де бар. Болашақ ұрпақ қорына айналуы тиіс Ұлттық қор бюджет тапшылығын жабудың, тиімсіздік мәселесін шешудің негізгі көзіне айналды.
«Блоктық бюджеттің жаңашылдығы министрліктерге қаражат бөлуде бұрынғыдан да көбірек еркіндік береді. Бірақ тағы да автономды жауапкершіліктен босатуды білдірмеуі керек. Ашық және өлшенетін тиімділік көрсеткіштері бюджет қаражатын пайдаланатын барлық құрылымдар үшін міндетті шарт болуы керек. Министрліктердің дербестігін Парламент пен қоғам алдында міндетті есеп беру арқылы қолдау керек. Министрлiктердiң қорытынды көрсеткiштерi Парламентте бекiтiлмейдi деп болжануда, бұл мемлекеттiк органдар оларды жағдайға сәйкес тұрақты түрде түзетiп отырады, бұл бюджет қаражатын теріс пайдалану және тиiмсiз бөлу мүмкiндiктерiн арттырады», — дейді.
Оның айтуынша, икемділік жақсы, бірақ жұмсалған әрбір теңгені қоғамға қадағалап, ақтау шартымен ғана.
«Жаңа Бюджет кодексі жобасының жүйелі мәселелерді шешетініне үлкен күмәнім бар. Өкінішке қарай, үкімет енгізген жобада сол кемшіліктер сақталып, бюджет жүйесінің жүйелі проблемалары ешқашан жойылған жоқ», — дейді депутат.
«Қазіргі уақытта біз осы және басқа да салалардың барлығына түзетулер енгізуді ұсындық, қызу талқылау жүріп жатыр. Дегенмен, көптеген дұрыс нормалар үкіметтің тұжырымдарымен расталмайды», — дейді.