III тоқсандағы кәсіпкерлік субъектілерінің кредитке деген сұранысы алдыңғы тоқсандағы деңгейде қалды, алайда оның құрылымында түрлі бағыттағы динамика байқалады, деп хабарлайды Ұлттық банк.

Банктердің бағалауынша, ірі бизнестің кредитке деген сұранысында оң динамика сақталуы кредит ресурстары құнының біртіндеп төмендеуіне байланысты болып отыр. Жекелеген ірі банктер ықпал ету факторы ретінде қарызды қаржыландыруды қажет ететін бірқатар инвестициялық жобалардың жанданғанын атап өтті. Нәтижесінде ірі бизнестің кредиттік өтінімдерінің жалпы саны бір тоқсанда 3%, 196-ға дейін өсті.

Бұл ретте шағын және орта бизнестің сұранысының азаюына, негізінен, 2024 жылға белгіленген лимиттердің игерілуіне байланысты мемлекеттік бағдарламалар аясындағы қаржыландырудың уақытша тоқтатылуы себеп болып отыр. Сонымен қатар, жекелеген ірі банктер орта бизнестің белгілі бір салаларында белсенділік төмендегенін және айналымдардың қысқарғанын айтады. Ал шағын бизнеске келсек, жеке кәсіпкерлерге кредит беру шарттарының әсер еткені байқалады. Осыған қарамастан, III тоқсанда кей банктер шағын бизнес субъектілеріне арналған жаңа өнімдерді іске қосты. Нәтижесінде, шағын бизнестің  кредит өтінімінің жалпы саны тоқсан бойынша 3% өсіп, 845 мыңға жетті, ал орта бизнес бойынша бұл көрсеткіш 40% төмендеп, 4,6 мыңға түсті.

Шағын бизнес субъектілерінің кредиттік өтінімдерін мақұлдау үлесі III тоқсанның қорытындысы бойынша 35% деңгейінде сақталды, ал орта және ірі бизнес субъектілері бойынша тиісінше 41% және 51%-ға дейін ұлғайды.

Келесі тоқсанда банктер мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қаржыландыруды қайта бастау, сондай-ақ ірі бизнес тарапынан сұранысты одан әрі ұлғайту есебінен шағын және орта бизнес тарапынан сұраныстың қалпына келуін күтуде.