Үкіметте жанар-жағармайға нарықтық баға белгілеуге жүйелі түрде көшу мәселесі пысықталуда. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Сенат депутаты Бақытжан Баяхметовтің сауалына берген жауабында мәлім етті.
«Жалпы, мұнай өңдеудің экономикалық тартымдылығын қамтамасыз ету және мұнай өнімдерінің тапшылығы мәселесін жүйелі шешу мақсатында жанар-жағармайға нарықтық баға белгілеуге жүйелі көшу мәселесі пысықталуда», - деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, ішкі нарықтың өсіп келе жатқан тұтынуын қамтамасыз ету үшін ұзақ мерзімді перспективада ірі мұнай өңдеу зауыттарының мұнай өнімдерін өндіру көлемін арттыру жоспарлануда. Осылайша, Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуатын 9-12 миллион тонна мұнайға дейін кеңейту жоспарлануда. Қазір оның қуаттылығы 6 миллион тоннаны құрайды.
«Қазіргі уақытта жобаның алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесі аяқталу сатысында. Жоба 2029 жылға дейін аяқталады деп күтілуде», деді Премьер-Министр.
Сондай-ақ, Әлихан Смайыловтың айтуынша, Павлодар мұнай-химия зауытында палауызсыздандыру және сұйытылған мұнай газын тазарту қондырғысын біріктіру арқылы гидротазалау қондырғысын қайта құру жобалары жүзеге асырылуда, бұл өз кезегінде мұнай өңдеу қуаттылығын қосымша 600 мыңға арттыруға мүмкіндік береді.
Министрлер кабинетінің басшысы жанармай экспортына тыйым салудың себебін айтты. Бүгінде дизельдік отын бағасының көрші елдермен салыстырғанда айтарлықтай алшақтығы бар екенін түсіндірді ол. Мысалы, Қазақстанда дизель отынының орташа бағасы 235-250 теңге/литр болса, Ресейде - 370-380 теңге/литр, Өзбекстанда - 515-520 теңге/литр, Қырғызстанда - 400-410 теңге/литр.
«Бұл баға айырмашылығы мұнай өнімдерінің шекаралас елдерге ағылуына әкеліп соқты және ішкі нарықтағы жанармайдың маусымдық тапшылығы факторларының бірі. Осыған байланысты үкімет ішкі нарықты қамтамасыз ету және жанар-жағармай экспортының сұр схемаларын жою бойынша жүйелі шаралар қабылдауда. Мәселен, бүгінде ел аумағынан мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін автомобиль көлігімен әкетуге тыйым салынды. Сондай-ақ ресурс ұстаушылардың жанар-жағармай сатуына бақылау күшейтіліп, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен «Петросун» ЖШС-нің мұнай өнімдерін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне, жанар-жағармай құю станцияларының бөлшек сауда желілеріне және коммуналдық қызметтерге басымдықпен бөлуі белгіленді», деді Премьер-Министр.
Ол биылғы бірінші тоқсанында мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін есепке алу жүйесі жергілікті атқарушы органдардың электрондық деректер базасында, жанармай құю станцияларының өңірлік желілерімен бірге іске қосылатынын, бұл мұнай өнімдерінің сатылуын толық бақылауға мүмкіндік беретінін айтты.