Инфляция жалпы ел бойынша бәсеңдегенімен, Ұлытау, Ақмола, Атырау облыстарында әлі де өсіп жатыр. Премьер-министр Олжас Бектенов мұның басты себебі — азық-түлік бағасының қымбаттауы екенін айтып, ет және ет өнімдерінің бағасын ұстап отыруды тапсырды.
«Өңір әкімдерінде азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін барлық құрал бар. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты күшейту керек», — деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр Сауда министрлігіне бұдан бөлек әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының уақытша тізбесін тезірек кеңейтуді тапсырды. Оның пайымдауынша, бұл өнімнің көбірек түріне бағаны реттеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ведомствоға Астананың тәжірибесін басқа өңірлерге де енгізіп, ірі сауда желілері арқылы арзандатылған сиыр етінсатуды қолға алу тапсырмасын берді.
Сонымен қатар Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында Сауда комитетінің төрағасы Ернұр Жәутікбаев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізімін жаңарту бойынша жұмыс жалғасып жатқанын хабарлады. Жаңа тізімге барлығы 31 түрлі өнім енгізілмек. Бұлар — қой еті, қызанақ, қияр, балық, сондай-ақ сиыр етінің бірнеше түрі, оның ішінде еттің таза бөлігі мен тартылған еті сияқты кең таралған өнімдер. Бұл шара уақытша сипатқа ие және негізгі мақсаты – халық үшін бағаны қолжетімді ету.
«Мынаны ескерген жөн – бұл шара тауар өндірушілерге еш әсер етпейді. Бұл халық үшін өнімнің бағасын қолжетімді етеді, өйткені сауда үстемесі 15%-дан аспайды және қатаң сақталады. Табиғи түрде бұл өнімдердің бағасы төмендейді. Қазіргі уақытта біз бұл тетікті пысықтап жатырмыз, енді әріптестерімізбен, қауымдастықтармен және кәсіпкерлер палатасымен кездесеміз. Нәтижесінде тізім кеңейеді, бірақ бұл уақытша болады – ол келесі жылдың соңына дейін әрекет етеді деп болжап отырмыз», – деді ол.
Сауда комитетінің төрағасы бұл шара ең алдымен алыпсатарлықпен күреске бағытталғанын, өйткені бағаның өсуіне объективті себеп жоқ екенін атап өтті. Жаңа жыл қарсаңында импорттаушылар мен көтерме сатушылар реттелмейтін өнімдерге бағаны негізсіз көтере бастайды.
Сондай-ақ Ернұр Жәутікбаев жыл басынан бері ӘМБТ тобына жататын тауарлардың бағасы 8,4% өскенін, бұл жалпы инфляция деңгейінен төмен екенін атап өтті.
Айта кетсек, Қазақстанда ет пен құс еті тамыз айында кейінгі 14 жылдағы ең жоғары қарқынмен қымбаттады.
2024 жылы Қазақстаннан барлық түрдегі сиыр етінің экспорты 22 014,9 тоннаны құрады, елімізде осы ет түрінің 400 мың тоннаға жуық жеке өндірісі бар. Сондай-ақ былтыр Қазақстан 17 567,5 тонна қой етін экспорттады.
Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі ет бағасының өсуі малды ұстауға жұмсалатын шығындардың ұлғаюымен, сондай-ақ экспорттаушылар тарапынан жоғары сұраныспен байланысты екенін айтты.
Қазақстанда өндірілген сиыр етінің өзіндік құны мен дүкендердегі бағасы арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Бұл туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін мәлімдеді.
Қазақстанда сиыр етінің қымбаттауын тоқтату үшін енгізілген шектеулер айтарлықтай нәтиже бермейді. Сарапшылар экспортқа тыйым сала отырып, мемлекет ет бағасын төмендетудің орнына бүкіл саланың дамуына кері әсер етуі мүмкін дейді.
Қазақстанда ет қымбаттауының басты себебі – жем-шөп бағасының күрт өсуі. Ауыл шаруашылығы сарапшысы Төлеутай Рақымбеков 1 келі сиыр етінің нақты өзіндік құны шамамен 4 мың теңге деген еді.