Жыл басынан бері 1 мамырға дейін БЖЗҚ-дағы қазақстандықтардың шоттарына Қазақстан Ұлттық Банкі басқаруындағы зейнетақы активтерін инвестициялау есебінен бөлінген табыстылық нөлдік деңгейде болды. Инфляцияны есептегенде бұл қаражаттың құны 3,6% төмендеді, деп хабарлады БЖЗҚ.

Қазақстандықтардың зейнетақы активтері тек БЖЗҚ-да сақталмайды, сонымен қатар инфляция салдарынан құнсызданбауы үшін әртүрлі қаржы құралдарына инвестицияланады.

Активтердің 99%-дан астамы немесе 25,57 трлн теңгесі Ұлттық Банктің басқаруында. 2026 жылдың басынан бері реттеуші салымшылар шотына 2,78 млрд теңге инвестициялық табыс есептеген. Осылайша, Ұлттық Банк басқаруындағы БЖЗҚ активтерінің табыстылығы 0,00% болды. Ал жыл басынан жиналған инфляцияны ескерсек, бұл қаражаттың нақты құны 3,6% азайды.

БЖЗҚ есебінде инвестициялық табыстың төмендеуінің басты себебі ретінде теңгенің нығаюына байланысты валюталық активтердің теріс бағамдық қайта бағалануы аталды. 2026 жылғы сәуірде АҚШ, Израиль және Иран арасындағы қақтығыс пен энергия тасымалдаушылар бағасының өсуі аясында қаржы нарықтарында жоғары құбылмалылық сақталды.

Зейнетақы активтерін басқарушылар арасында инфляцияны есептегенде оң нақты табыс көрсеткен жалғыз компания — Сентрас Секьюритиз болды. Оның портфелінде небәрі 8,3 млрд теңге бар. Компания 4,95% табыс есептеп, инфляцияны шегергенде нақты өсім 1,35% құрады.

Бұл көрсеткішке ең жақын нәтиже көрсеткен — BCC Invest. Оның басқаруындағы портфель көлемі 13,5 млрд теңге. Компания номиналды түрде 3,05% табыс әкелгенімен, инфляцияны есептегенде активтердің нақты құны 0,55% төмендеген.

Төрт айдағы зейнетақы активтерінің табыстылығы:

  • Сентрас Секьюритиз — 298 млн теңге табыс немесе 4,95% (+1,35 пайыздық тармақ инфляциядан жоғары)
  • BCC Invest — 392 млн теңге немесе 3,05% (инфляциядан –0,55 т.п.)
  • Halyk Finance — 1,5 млрд теңге немесе 2,66% (–0,94 т.п.)
  • Alatau City Invest — 444 млн теңге немесе 2,62% (–0,98 т.п.)
  • Halyk Global Markets — 203,61 млн теңге немесе 2,37% (–1,23 т.п.),э
  • Tansar Capital — 0,21 млн теңге немесе 0,57% (–3 т.п.)
  • Қазақстан Ұлттық Банкі — 2,78 млрд теңге немесе 0,00% (–3,6 т.п.)

БЖЗҚ қысқа мерзімдегі табыстылық көрсеткіштері активтерді басқару тиімділігінің нақты индикаторы емес екенін еске салды. Себебі қысқа уақыт ішінде қаржы құралдарынан түскен табыс бағалы қағаздар мен валюта бағамдарының ауытқуын әрдайым жаба бермейді.