Қазақстанда өндірілген сиыр етінің өзіндік құны мен дүкендердегі бағасы арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Бұл туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін мәлімдеді.

Ресми дерекке сәйкес, тауар шаруашылықтарында бір келі сиыр етін өндіру құны шамамен 1,8–1,9 мың теңге. Ал нарықтағы әлеуметтік баға деңгейі 3,5 мың теңгеден басталады. Өңірге байланысты айырмашылық бар: кей жерлерде ет 2,6 мың теңгеден сатылса, ірі қалаларда баға 4 мың теңгеге дейін жетеді.

Сұлтановтың айтуынша, баға тек шикізат құнына ғана емес, сонымен бірге жалақы өсімі, несие құны, дизель отыны нарығындағы либерализация сияқты факторларға да тәуелді.

Вице-министр биыл көрші елдерден жоғары сұраныс байқалып, бұл ішкі бағаға да ықпал етіп отырғанын айтты.

«Қазір ет экспорты өткен жылмен салыстырғанда екі есе артты. Бұл ішкі нарықтағы бағаға әсер етпей қоймайды», – деді ол.

Сонымен қатар, министрлік дерегінше, өңірлерде 50 мың тоннаға жуық ет қоры бар. Бұл бірнеше ай ішкі нарықты қамтамасыз етуге жеткілікті.

Сұлтановтың айтуынша, әкімдіктердің қолында нарықты реттеудің белгілі бір механизмдері бар.

«Ет тапшылығы жоқ. Бірақ сыртқы импорттаушылардың қысымы ішкі бағаға ықпал етіп отыр. Баға өсе бастаса, әкімдіктердің оны реттеу мүмкіндігі бар», – деді вице-министр.

Айта кетсек, Қазақстанда сиыр еті бағасы жыл басынан бері 20%-дан артық қымбаттады. Сиыр етінің бағасы бір аптада 0,8% өскен кезде жыл басынан бері жиынтық өзгеріс 20,2%-ды құраған. 2024 жылы Қазақстаннан барлық түрдегі сиыр етінің экспорты 22 014,9 тоннаны құрады, елімізде осы ет түрінің 400 мың тоннаға жуық жеке өндірісі бар.  Сондай-ақ быдтыр Қазақстан 17 567,5 тонна қой етін экспорттады. Биыл алты айдың қорытындысы бойынша Қазақстанда барлық түрдегі ауыл шаруашылығы малдарының басы тұрақты өсіп жатқаны айтылды. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі ет бағасының өсуі малды ұстауға жұмсалатын шығындардың ұлғаюымен, сондай-ақ экспорттаушылар тарапынан жоғары сұраныспен байланысты екенін айтты

Министрдің орынбасары күзде ет бағасы қымбаттауы мүмкін екенін де мәлімдеген болатынҚазақстанда сиыр еті одан әрі қымбаттап барады, бірақ маусым айында өсу қарқыны 1,4%-ға дейін баяулады. Бұл – тұрақтандыру белгісі ретінде бағалануда.