«Кселл» АҚ Қазақстан Республикасында ұялы байланыс бағасының өсуі туралы бірқатар БАҚ-та жарияланған (11.03.2024) ақпаратқа байланысты компанияның телекоммуникация қызметтерінің тарифін қайта қарамағанын, тиісінше бағаның өспегенін хабарлайды. 

Бұл ретте компания былтыр бірқатар мұрағаттық тарифтік жоспарлар бойынша өз қызметтерінің бағасын орта есеппен 25% немесе 650 теңгеге түзеген. 

«Айта кетерлігі, соңғы 3 жылда Қазақстанда абоненттердің мобильді трафикті тұтынуының өсімі 60 пайызға дерлік (59,3%) өсті, бұл байланыс операторларынан желіні дамытуға және кеңейтуге, оның жұмысының сапасы мен тұрақтылығына қомақты инвестицияны талап етеді. Сондай-ақ инфляцияның құбылмалылығы (30,4% – 3 жыл ішінде жинақталған деңгей) және айырбас бағамының тұрақсыздығы (доллар 20,8%, еуро 15,04% – шетел валюталарының теңгеге шаққандағы 3 жыл ішінде жинақталған өсімі) телекоммуникация құралдарының құнының өсуіне және абоненттерге қызмет көрсету мен байланыс қызметтерінің сапасын қолдау және жақсарту үшін қажетті бағдарламалық қамтамасыз етуге, тиісінше компанияның шығындарына әсер етті», – деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда ұялы байланыс қызметінің айтарлықтай қымбаттағанын хабарлаған едік.