Қазақстанда 29 миллионнан астам тауар өндіріледі

2026 жылдың тамызындағы жағдай бойынша Қазақстанның Ұлттық тауарлар каталогында (ҰТК) 29 миллионнан астам тауар тіркелген. Тіркелген тауарлардың ең үлкен үлесін киім-кешек пен күнделікті тұтыну тауарлары құрайды.

Ұлттық тауарлар каталогындағы ОКТРУ санаттары бойынша жүргізілген талдау нәтижесіне сәйкес, көш басында – киім-кешек пен күнделікті тұтыну тауарлары. Бұл санатта 8 миллионнан астам тауар тіркелген, бұл каталогтағы барлық тауарлардың елеулі бөлігін құрайды.

Екінші орында – көлік құралдары мен көлік жабдықтары. Бұл санатта 2 миллионнан астам тауар есепке алынған.

Үшінші орында инженерлік жүйелерге арналған жабдықтар мен материалдар орналасқан, онда 1 миллионнан астам тауар тіркелген.

Алғашқы ондыққа сондай-ақ құрылыс бұйымдары, жиһаз және интерьер тауарлары, азық-түлік пен сусындар, құрылыс материалдары, зергерлік бұйымдар, машиналар мен жабдықтар, сондай-ақ баспа өнімдері енді.

Ұлттық тауарлар каталогы (ҰТК) – Қазақстан Республикасында өндірілетін және елге импортталатын барлық тауарлар туралы мәліметтерді қамтитын бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйе.

Каталогтағы әрбір тауарға бірегей NTIN сәйкестендіру коды беріледі. Бұл – 13 таңбадан тұратын нөмір. Ол тауардың бүкіл өмірлік циклі барысында: өндіріс кезінде, импорттау, сақтау, өткізу, электрондық шот-фактураларды рәсімдеу және бақылау-касса машиналарында пайдаланылады.

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Ұлттық тауарлар каталогының талаптарын енгізуге арналған өтпелі кезең толық аяқталды. Соңғы кезеңде бұл талаптар шағын және микрокәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде үй маңындағы дүкендерге де енгізілді.