Минералды немесе химиялық тыңайтқыштар өндірісі айтарлықтай азайды. Мәселен, биыл қаңтар-маусымда азот тыңайтқыштар өндірісі 192,6 мың тонна болды, бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 10,4% аз. Фосфор тыңайтқыштар өндірісі небәрі 7,6 мың тоннаны құрады, бұл 2022 жылғы қаңтар-маусыммен салыстырғанда бірден 14,1 есе аз.

Бұл ретте минералды және химиялық тыңайтқыштар экспорты 2,5 есе өсіп, биыл қаңтар-мамырда 264,4 мың тоннаға жетті, оның 184,1 мың тоннасы ТМД елдеріне, 80,2 мың тоннасы басқа елдерге экспортталды.

Жалпы, экспорт көлемінің жартысынан сәл астамы Өзбекстанға жөнелтілді: 137,7 мың тонна, былтырғымен салыстырғанда 3,3 есе өскен. Одан кейін Польша (47 мың тонна), Ресей (38,7 мың тонна) және Литва (20,3 мың тонна). Сондай-ақ айтарлықтай көлем Тәжікстан (6,3 мың тонна) мен Түркияға (6 мың тонна) жіберілді. 

Биыл мамырдың қорытындысы бойынша, ЕАЭО елдеріне тыңайтқыштардың экспорттық бағасы 2,7% төмендеді, бір жыл бұрын 24,9% өскен еді. Барлық басқа елдер бойынша экспорттық баға 6,2% төмендеді, былтыр 56,3% өскен.