Бүгінгі таңда транспорттық инфрақұрылым мен транзиттік жүк тасымалдау көлемінің артуы Транскаспий халықаралық көлік бағдарының бәсекелестік қабілетіне оң серпін беріп, Ақтау және Құрық сынды теңіз порттарының рөлін нығайтуда. Мәселен, биылғы 8 айда еліміздің теңіз порттары арқылы Әзербайжанға 1,9 млн тонна жүк тасымалданған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,1 есе көп.
Сонымен қатар жүк тасымалдау саласындағы оң өсім Транскаспий халықаралық көлік бағдарында да байқалуда. Атап айтқанда, аталған бағыт бойынша 2022 жылдың алғашқы 8 айында 1,3 млн тонна жүк тасымалданған. Бұл көрсеткіш 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 есе жоғары. Қазіргі күнде ТХКБ-ның транспорттық инфрақұрылымы 6 млн тоннаға жуық жүк тасымалдауға қауқарлы. Бұл – 80 мың футтық эквивалентке тең.
«Жүк тасымалдау көлемінің жылдам артуы мен транспорттық инфрақұрылым жүктемесінің көбеюі халықаралық көлік бағдарының қызмет көрсетуі барысында бірқатар тосқауылдардың пайда болуына әсер етті», – деді «KTZ Express» АҚ өкілі Айбек Қапар.
Басқосу барысында сала мамандары теңіз порттары, темір жол желілері мен тұйық бекеттердегі инфрақұрылымдық шектеулерге байланысты туындаған мәселелерді талқылап, тиімді шешімдерді ортаға салды. Сондай-ақ жылжымалы вагондардың жеткіліксіздігі мен Транскаспий халықаралық көлік бағдарындағы жүк контейнерлерінің аздығы да назарға алынды.
Өз кезегінде ТХКБ халықаралық қауымдастығының жетекшісі аталған бағдардың алдағы даму жоспары турасында айтып, жаңа фидерлік желінің ашылатындығын хабарлады.