Биыл жыл басында елімізде 1,72 млн жеке кәсіпкер (ЖК) тіркелген, бір жылда олардың саны 8,5% өсті. Салыстыру үшін: бір жыл бұрын өсім 24,3% болған. Оның ішінде 1,64 млн жеке кәсіпкер жұмыс істеп тұрды – 2023 жылдың басымен салыстырғанда 11,1% көп, ал бір жыл бұрын өсім бірден 30,7%-ды құрады. Бес жыл ішінде тіркелген ЖК 42,7%, жұмыс істеп тұрғандары 62,7% көбейді.

2023 жылы тіркелгендер арасында жұмыс істеп тұрған ЖК үлесі 93,1%-дан 95,3%-ға өсті, бес жыл бұрын олардың үлесі 83,6% болған.

2024 жылдың басындағы Қазақстандағы барлық ЖК-ның үштен бірінен астамы тек үш өңірде – Алматыда (243,5 мың бірлік), Түркістан облысында (196,9 мың бірлік) және Астанада (162,7 мың бірлік) тіркелген. Бұл ретте жұмыс істеп тұрған ЖК ең көп үлесі Түркістан облысында: облыстағы барлық тіркелген ЖК-ның 98,7%-ы. Салыстыру үшін: Алматы және Астана қалаларында жұмыс істеп тұрған ЖК үлесі 95,6%.

Тіркелген ЖК-ның үштен бірінен астамы көтерме және бөлшек сауда, сондай-ақ автокөлік пен мотоцикл жөндеу саласында жұмыс істейді: 644,6 мың, оның ішінде 616,7 мыңы жұмыс істеп тұр. АӨК-те 279 мыңға жуық ЖК тіркелсе, оның 269,9 мыңы жұмыс істеп тұр. Өнеркәсіп саласында тағы 99,5 мың ЖК тіркелген, оның 95,1 мыңы жұмыс істеп тұр.

ЖК-ның едәуір бөлігі жылжымайтын мүлікпен операциялар, көлік және қоймалау, құрылыс, тұру және тамақтану қызметтерін көрсетеді.

Ай сайынғы динамика бойынша тіркелген және жұмыс істеп тұрған жеке кәсіпкерлер санының жыл сайынғы өсуіне қарамастан, жыл соңына қарай олардың саны азая бастады. Мәселен, 2023 жылы тіркелген жеке кәсіпкерлердің ең көп саны – 1,78 млн шілдеде болса, тамыз айында олардың саны 0,4% азайды. Қараша және желтоқсанда да төмендеу байқалды: тиісінше 0,8% және бірден 2,4%. Естеріңізге сала кетейік: былтыр жыл ортасында ҚР МКК қазақстандықтарға 2024 жылы табыс декларациясына түспеу үшін жұмыс істемей тұрған ЖК-ны жабуды ұсынған болатын.

Жұмыс істеп тұрған ЖК саны да өз кезегінде 2023 жылдың соңында қысқарды. Тамызда 0,2%, ал қараша мен желтоқсанда тиісінше 0,5% және 1,9% азайды.

Биыл ЖК санының өзгеруіне табыстарын декларациялаумен қатар, 2019 жылы енгізілген өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін бірыңғай жиынтық төлемнің жойылуы әсер етуі мүмкін. Енді кәсіпкерлік қызметін жалғастырғысы келетін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ЖК ретінде тіркелуі немесе ЖШС ашуы немесе жұмысшы атануы қажет. Айта кетейік, 2023 жылдың аяғында ҚР-да 2,2 млн-ға жуық өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам болған.