Соңғы жылдары банктердің мобильді қосымшаларының танымалдығы өсті, кәсіпкерлер оларды тауарларды сату және қызметтерді көрсету үшін төлемдерді қабылдау үшін көбірек пайдаланады.
Қазақстанда 2023 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 86%-ға дейін өсті (2022 жылы – 82%) (Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының мәліметтері). 6 жастан асқан балалар да қолма-қол ақшасыз төлемдерді белсенді пайдаланады, ата-аналардың 41,4%-ы балаларына карта рәсімдеген (Kursiv Research әлеуметтік зерделеу орталығының мәліметтері).
Алайда, жеке кәсіпкерлер өткізген тауарлары (көрсетілген қызметтері) үшін қолма-қол ақша төлеуді талап етіп, қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту жағдайлары да кездеседі.
Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту заңсыз болып табылады, себебі «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларында әртүрлі төлем әдістері – банк картасы, QR төлемі немесе қолма-қол ақша қарастырылған (25-бап).
Кәсіпкерлердің төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін бірінші рет ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тарту, ал қайталап заң бұзғаны үшін 147 680 теңге (40 АЕК) мөлшерінде айыппұл салу көзделген (ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 194-бабы).
Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту фактілері туралы мемлекеттік кірістер органдарына хабарласуыңыз қажет.
Сонымен бірге Салық кодексі микро және шағын бизнес субъектілеріне оңайлатылған салық салу жағдайы жасады, атап айтқанда: салық мөлшерлемелері қызмет түріне байланысты 1%-дан 4%-ға дейін. Кәсіпкер өзіне ыңғайлы салық режимін таңдай алады – патент (салық мөлшерлемесі 1%); оңайлатылған декларация (салық мөлшерлемесі 3%); бөлшек салық режимі (салық мөлшерлемесі 4%).
Салық және әлеуметтік төлемдер автоматты түрде есептелетін және төленетін «e-Salyq Business» мобильді қосымшасы арқылы салық салу режимін таңдауға болады.
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары декларация тапсыруы тиіс, сондықтан кәсіпкерлік қызметтен алынған кірістерді дұрыс көрсету өте маңызды. Кейінгі жылдары мүлікті сатып алған жағдайда бұл кірістер салық салу мақсатында есепке алынады.
Тауарларды сату немесе қызмет көрсету кезінде кәсіпкерлер де сатып алушыға түбіртек беруге міндетті.
Осыған дейін Мемлекеттік кірістер комитеті мобильді аударымдар бойынша салықтық бақылау қалай жүргізілетінін түсіндірген болатын: gov.kz