Тапсырыс азайып, өндіріс кеміп кетті

Қазақстанның өңдеу өнеркәсібінде өндірістің қысқаруы мен жаңа тапсырыстар тапшылығы күшейіп келеді. 2026 жылғы тамызда өңдеу салаларының іскерлік белсенділік индексі (PMI) 46,0 пунктке дейін төмендеді. Шілдеде бұл көрсеткіш 47,0 пункт болған.

PMI-дің 50 пункттен төмен болуы бизнестегі белсенділіктің қысқарғанын білдіреді. Қазақстанның өңдеу өнеркәсібінде индекс қатарынан үшінші ай осы шектен төмен қалып отыр.

Жаңа тапсырыстар азайып жатыр

Freedom Holding Corp. есебіне сәйкес, тамыздағы құлдырау пандемия кезеңін есептемегенде соңғы жылдардағы ең терең төмендеулердің біріне айналды.

Негізгі себеп — жаңа тапсырыстардың тапшылығы. Тұтынушылардың сатып алу қабілетінің төмендеуі кәсіпорындарға түсетін тапсырыстар көлеміне әсер етіп отыр.

Жаңа келісімшарттар ағыны қатарынан төртінші ай төмендеген. Тамыздағы төмендеу қарқыны соңғы төрт жарым жылдағы ең жоғары деңгейге жеткен.

Кәсіпорындар өндірісті қысқартуға мәжбүр

Өнеркәсіп кәсіпорындарындағы өндіріс көлемінің төмендеуі сегіз ай қатарынан жалғасып келеді.

Сауалнамаға қатысқан кейбір компаниялар тапсырыстардың болмауына байланысты өндіріс орындарының жұмысын толық тоқтатқанын хабарлаған.

Өндірістің қысқаруы еңбек нарығына да әсер етуде. Өңдеу өнеркәсібіндегі жұмыспен қамту деңгейі қатарынан жетінші ай төмендеді. Қызметкерлер санын қысқарту қарқыны 2022 жылғы қаңтардан бергі ең жоғары деңгейге жеткен.

Кейбір кәсіпорындар қызметкерлерді жалақысы сақталмайтын демалысқа жіберіп жатыр.

Шығын да өсіп барады

Сұраныстың төмендеуіне қарамастан, кәсіпорындардың өндірістік шығындары соңғы үш жыл бойы өсіп келеді.

Тамызда бизнес металл, тоқыма өнімдері мен коммуналдық қызметтер бағасының тағы қымбаттағанын атап өткен.

Бұған қоса, Ресеймен шекарада шикізат жеткізіліміне қатысты кідірістер байқалған. Өндіріс шығындарының өсуіне байланысты кәсіпорындар дайын өнімнің сату бағасын көтеруге мәжбүр болып отыр.

Дағдарыс басқа салаларға да таралуы мүмкін

Freedom Holding Operations экономикалық зерттеулер бөлімінің жетекшісі Салтанат Мұхамбеталиеваның айтуынша, соңғы 15 айдың 14 айында PMI теріс аймақта болған.

Қазіргі таңда ең күшті төмендеу тамақ өнеркәсібі мен ірі бизнес сегментінде байқалады.

Сарапшылар ірі кәсіпорындардың тоқырауы шағын жеткізушілер мен байланысты салаларға да әсер етуі мүмкін екенін ескертеді. Яғни өндірістегі проблемалар біртіндеп бүкіл жеткізу тізбегіне таралу қаупі бар.

PMI — экономикалық белсенділіктің маңызды алдын ала көрсеткіштерінің бірі. Индекс 50 пункттен жоғары болса — іскерлік белсенділіктің өскенін, ал 50 пункттен төмен болса — төмендегенін білдіреді.

Тамыздағы 46,0 пункт Қазақстанның өңдеу өнеркәсібінде сұраныс, өндіріс және жұмыспен қамту бойынша қысымның күшейгенін көрсетіп отыр.