1 қарашадан бастап салық берешегі төрт ай бойы өтелмеген компаниялар басшысын және заңды мекенжайын өзгерте алмайды. Шектеу 45 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК), яғни 2026 жылы 194 625 теңгеден басталатын берешекке қатысты қолданылады. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.
Тиісті норма 2026 жылғы 1 шілдеде «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу туралы» заңға енгізілген. Алайда ол 1 қарашадан бастап күшіне енеді.
Берешектің жалпы сомасына салық қарызымен қатар кедендік төлемдер, баждар, өсімпұлдар мен айыппұлдар бойынша берешек те кіреді.
Егер компания қарызы пайда болған күннен бастап төрт ай ішінде оны өтемесе, тіркеуші орган басшыны немесе заңды мекенжайды өзгерту туралы электронды хабарламаны орындаусыз қалдырады. Бұл туралы өтініш берушіге де хабарланады.
Мемлекеттік кірістер комитеті Аудит департаментінің берешекпен жұмыс басқармасының басшысы Қайсар Арынның айтуынша, төрт айлық мерзім 1 шілдеден бастап есептеледі. Сондықтан алғашқы хабарламалар 1 қарашадан бастап орындаусыз қалдырылады.
«Бұл норма салық төлеушілердің жағдайын нашарлататындықтан, 1 қарашадан бастап қолданылады. Берешегі бар азаматтар осыны ескергені жөн», – деді ол.
Қандай өзгерістерге шектеу қойылады?
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, кейбір компаниялар салық берешегінен жалтару үшін қарыздарын тұрғылықты жері жоқ немесе әрекетке қабілетсіз адамдарға рәсімдейді. Сондай-ақ бір өңірден екіншісіне көшеді. Жаңа норма осындай әрекеттердің жолын кесуге бағытталған.
Шектеу хабарлама тәртібімен жүзеге асырылатын өзгерістерге қолданылады. Атап айтқанда:
компания басшысын ауыстыруға;
заңды мекенжайын өзгертуге;
қызмет түрлерін өзгертуге;
бенефициарлық меншік иесі мен байланыс деректерін өзгертуге;
жарғылық капиталды ұлғайтуға;
үлесті сенімгерлік басқаруға беруге;
құрылтай құжаттарына өзгерістер енгізуге шектеу қойылады.
Заңды мекенжайды өзгертуге қатысты шектеу акционерлік қоғамдарды қоспағанда, жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қолданылады.
Сонымен қатар компания басшысы немесе құрылтайшысы басқа компанияда да тіркелген болса және сол компанияның әлеуметтік төлемдер бойынша берешегі болса, өзгерістер туралы хабарлама орындаусыз қалдырылуы мүмкін.
Салық берешегін өндіріп алу тәртібі қалай өзгереді?
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салық берешегін өндіріп алу шаралары оның мөлшеріне байланысты қолданылады.
20 АЕК-ке дейін (86 500 теңге) – салық төлеушіге хабарлама жіберіліп, өсімпұл есептеледі.
20 АЕК-тен жоғары – банк шоттары мен касса бойынша шығыс операциялары тоқтатылып, шоттардағы ақша есебінен берешек өндіріп алынады.
45 АЕК-тен жоғары – мүлікке билік етуге шектеу қойылып, берешек дебиторлар есебінен өндіріп алынуы мүмкін.
Бұдан бөлек, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап компаниялардың бірінші басшыларына, жеке кәсіпкерлерге және жеке практикамен айналысатын адамдарға Қазақстаннан шығуға уақытша шектеу қойылуы мүмкін.
Ол үшін берешек 27 мың АЕК-тен, яғни 116 млн 775 мың теңгеден асып, үш айдан астам уақыт өтелмеуі керек. Сонымен бірге борышкерге берешекті өндіріп алу шаралары қолданылуы тиіс. Елден шығуға шектеу тек соттың санкциясымен енгізіледі.
Салықтық тексерулерді тағайындау тәртібі де өзгереді
Мемлекеттік кірістер комитеті салықтық тексерулерді тағайындау ережелеріне жаңа негіз енгізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы МКК төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов мәлімдеді.
Ұсынылып отырған түзету автоматтандырылған процестен тыс анықталған салық және өзге де заңнама бұзушылықтары бойынша тексеру тағайындауға мүмкіндік береді.
Қазір салық төлеушілерді тексеруге іріктеу тәуекелдерді басқару жүйесі (ТБЖ) негізінде жүргізіледі. Алайда жүйе анықтаған тәуекелдер әрдайым заң бұзушылықтың болғанын толық растай бермейді.
Сондықтан МКК тәуекелдерді іріктеу жүйесін жетілдіруді ұсынып отыр. Алдымен заң бұзушылықтар автоматтандырылған түрде анықталады. Содан кейін тізімдегі салық төлеушілердің бір бөлігі іріктеп тексеріледі.
«Шартты түрде айтсақ, 100 салық төлеушінің ішінен бесеуін таңдаймыз. Тәуекелдердің дұрыс анықталғанын тексереміз. Егер барлық тәуекел расталса, қайтадан автоматтандырылған процеске көшеміз. Сондықтан бұл қандай да бір өкілеттікті кеңейту емес, тәуекелдер бейінін жетілдіру», – деді Жәнібек Нұржанов.