200 мыңнан астам адам үй кезегінен шығарылуы мүмкін

Қазақстанда 200 мыңнан астам азамат тұрғын үйге мұқтаждар кезегінен шығарылуы мүмкін. Бұған олардың мемлекеттік тұрғын үй алу талаптарына сәйкес келмеуі себеп. Бұл туралы Отбасы банкінің Бірінші тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы департаментінің директоры Азат Ашимов қолжетімді тұрғын үй мәселелеріне арналған конференцияда мәлімдеді.

21 қазандағы жағдай бойынша, Қазақстанда тұрғын үй кезегінде 1 млн 89 мың адам тұр.

«Мемлекеттік тұрғын үй кезегінде тұрған миллион азаматтың ішінен 200 мыңнан астам адамның кезектегі мәртебесі тоқтатылуы немесе олар есептен шығарылуы мүмкін. Бірақ әзірге біз оларды есептен шығару жұмыстарын жүргізіп жатқан жоқпыз, қазір жағдайды талдап жатырмыз», – деді Азат Ашимов.

Оның айтуынша, бұл азаматтар мемлекеттік тұрғын үй алуға қойылатын жаңартылған талаптарға сәйкес келмейді.

21 қазандағы жағдай бойынша:

  • 64 мың адам тұрғын үй кезегінен шығарылған;

  • 227 мың адамды кезекке қоюдан бас тартылған;

  • кезекте тұрған 239 мың адамның мәртебесі түрлі себеппен тоқтатылған.

2025 жылғы қазаннан 2026 жылғы 20 қазанға дейін әкімдіктер кезекте тұрған азаматтарға 41,9 мың пәтер берген.

2033 жылға дейін тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж 292 мың отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл қазір кезекте тұрғандардың үштен біріне де жетпейді.