Halyk 150 МВт-тық жел электр станциясының құрылысына қатысады

Halyk 150 МВт-тық жел электр станциясының құрылысына қатысады

Halyk Bank пен «Қазақстандық коммуналдық жүйелер» (ККС) Түркістан облысында «Жүзімдік» жел электр станциясын (ЖЭС) салу туралы келісімге қол қойды. Жобаның жалпы құны шамамен $138 млн деп бағаланып отыр.

Жаңа электр станциясы өңірде жаңартылатын энергия көздерінен электр энергиясын өндіру көлемін арттыруға, экологиялық таза энергияны пайдалануды кеңейтуге және өңірдің энергетикалық теңгерімін әртараптандыруға мүмкіндік береді.

Құрылысты 2027 жылғы наурызда бастау жоспарланған, нысан 2028 жылғы қыркүйекте пайдалануға берілмек.

Halyk Bank басқарма төрағасының орынбасары Ольга Вурос келісімге қатысты пікір білдіріп, банкінің ESG стратегиясы аясында экологиялық жобаларды қаржыландырудың және Қазақстанның тұрақты дамуына үлес қосудың маңыздылығын атап өтті.

«Жүзімдік» жел электр станциясы жобасын қаржыландыруға қатысу біз үшін ерекше маңызға ие. Өйткені бұл ҚКЖ компаниясының стратегиялық маңызды инвестициялық бастамасын қолдауды елдің ұзақ мерзімді экологиялық және экономикалық мақсаттарына қол жеткізумен ұштастырады. Біз бұл жобаны заманауи энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға салынған инвестиция ретінде ғана емес, Қазақстанның тұрақты әрі экологиялық жауапты энергетикалық жүйесін қалыптастыруға қосылған үлес ретінде де қарастырамыз», – деді Ольга Вурос.

Жел электр станциясының құрылысы кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде қуаты 150 МВт болатын генерациялау қуаттарын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Кейін оны 350 МВт-қа дейін кеңейту мүмкіндігі қарастырылған.

Бірінші кезең аясында әрқайсысының қуаты 7,5 МВт болатын 20 жел энергетикалық қондырғысын орнату, кернеуі 35/220 кВ қосалқы станциясын және ұзындығы шамамен 22 км болатын 220 кВ әуе электр желісін салу көзделген.

Жобаны іске асыру Қазақстанның энергетикалық теңгерімін әртараптандыруға және төмен көміртекті экономикаға көшуге бағытталған елдегі жаңартылатын энергетиканы дамыту жұмыстарының бір бөлігі болады.

ҚКЖ бұл инвестициялық бастаманы «New Clean Energy» ЖШС арқылы жүзеге асырады. Сондай-ақ жобаға Қазақстанның Даму Банкін (ҚДБ) қатыстыру жоспарланып отыр.