Тарихи жетістік. Әлем Кубогынан 11 медаль жеңіп алып, жалпы есепте 1-ші орын алған ұлттық құраманың жетістігіне осындай баға берілді.

Ел намысын қорғаған спортшылар күні кеше елордаға оралды. Олармен Мәдениет және Спорт министрі Асхат Оралов және Спорттық ату федерациясының президенті Берік Асылов арнайы кездесіп, марапаттау рәсімін өткізді. 

«Спортшыларымызды және барша қазақстандықтарды осы тарихи жеңіспен құттықтаймын. Еліміз алғаш рет осындай беделді жарыста жалпы медальдық есепте көшбасшы болды. Жасына қарамастан, спортшыларымыз қазіргі Олимпиада чемпиондарымен тең дәрежеде өнер көрсетіп, үлкен жеңіске қол жеткізді. Мен жаттықтырушылар мен мамандардың жұмысын ерекше атап өткім келеді, олардың қызметі сөзсіз маңызды. Қазақстанның оқ атудан ғана емес, стендтік атудан да соңғы жетістіктері ұлттық құраманың Франция Олимпиадасында жақсы нәтиже көрсететініне зор сенім сыйлайды», - деді министр.

Айта кетейік, спорттық ату түрлері бойынша дүниежүізілік дода Индонезияның Джакарта қаласында өтті. Оған 32 елден 400-ге жуық спортшы қатысты. Ұлттық құрама спортшылары 3 алтын, 5 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды. Атап айтқанда, шымкенттік Никита Чирюкин тапаншамен нысана көздеуде алдына жан салмады. Ал, әйелдер арасында Арина Алтухова барлық мүмкіндігін сәтті пайдаланып, ең үздік нәтижені тіркеді. Бұған қоса, қазақстандық қыздар да командалық сында топ жарды. Бұл бәсекеде ел намысын Александра Ле, Елизавета Безрукова және Анастасия Григорьева үштігі қорғаған болатын.

Әлем Кубогының қорытындысы бойынша үздік нәтиже тіркеген спортшыларға рейтинтік ұпайлар беріледі. Дәл осы көрсеткіш кейін Париж олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынғанда негізгі рөлді атқарады.