Қазақстанда жаңа банктерді ашу талаптары жеңілдетілмек, дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова.
«Қазір микроқаржы ұйымдары екінші деңгейлі банктер ретінде құрылуы мүмкін. Бізде екінші деңгейлі банк ретінде құрылуға талпынып отырған екі ірі микроқаржы ұйымы бар, олар – KMF және Solva микроқаржы ұйымдары. Олардың қомақты сомадағы портфелі бар. Капиталдарының жеткілікті деңгейі қазірдің өзінде банк ретінде тіркелуге мүмкіндік беріп отыр», – деді Мәдина Әбілқасымова.
Оның айтуынша, былтыр тиісті конвертация жасауға мүмкіндік беретін тиісті заңнамалық түзетулер қабылданған.
«Өтініш беріп, банк лицензиясын алуға болады. Жаңа банктердің пайда болуына қатысты тоқталсақ, біз жаңа банктерді ашу талаптарын жеңілдету мақсатында банк жүйесі туралы заңнамаға түзетулер әзірлеп жатырмыз. Осы түзетулер қабылданғаннан кейін, Қазақстанда банк ашуға талпынғандар көбейеді деп санаймыз», – деді М. Әбілқасымова.
Сонымен қатар төраға Bereke Bank-тің сатылатыны туралы да айтты.
«Қазіргі кезде «Бәйтерек» холодингі оның акционері саналады. Бұл тұрғыда Berekе Bank-ке жаңа инвестор табу және жаңа меншік иесін табу бойынша тиісті жұмыстарды ұйымдастырды. Әлеуетті инвесторлар Катар инвесторлары, Грузия банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі жағынан тиісті ұсыныс болды. Атап айтқанда, тиісті келіссөздерді «Бәйтерек» холдингі жүргізеді», – деді Мәдина Әбілқасымова.