Шетелдік банктердің Қазақстан нарығына шығуы үшін қандай да бір алғышарттар бар ма? Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов жауап берді.
«Жекелеген шетелдік банктердің Қазақстанда еншілес ұйымдар немесе филиалдар ашуға қызығушылықтары ғана бар», - деді ол.
Атап айтқанда, қызығушылық Шығыс Азия елдерінен, соның ішінде Оңтүстік Кореядан, Таяу Шығыстан, оның ішінде Катардан, сондай-ақ Шығыс Еуропадан болып отыр, дейді.
Алайда, олардың ешқайсысы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне әлі ресми мәлімдеме бермеген.
Еске салайық, өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына қыркүйектегі Жолдауында сектордағы бәсекелестікті арттыру үшін елімізге сенімді үш шетелдік банкті тарту қажеттігін айтқан болатын.
Олжас Қизатовтың айтуынша, қаржы реттеушісі өз тарапынан бұл бағытта біраз дайындық жұмыстарын жүргізіп қойған.
«Біз шетелдік еншілес ұйымдар мен филиалдарды ашу талаптарын ырықтандыру бойынша заң жобасын дайындадық. Біз бұл заңнамалық түзетулерді жақын арада парламентке енгізуді жоспарлап отырмыз», - деді.
Ол ырықтандырудың мәнін әдетте еншілес банктерді ашу кезінде ұсынылатын құжаттардың санын азайту екенін түсіндірді.
«Біз бұл ақпараттың көпшілігін басқа әртүрлі көздерден алуға болатынын көреміз. Тікелей емес, бір-бірін қайталайтын құжаттар жиі болатын. Яғни, біз аудит жүргіздік, елуге жуық құжат болды, бұл тізімнің айтарлықтай бөлігін қысқарттық», – дейді Олжас Қизатов.
Бұл ретте реттеуші негізгі шарттарды, атап айтқанда қаржылық тұрақтылық пен іскерлік беделге қойылатын талаптарды қысқартуға ниетті емес, деп атап өтті ол.
«Қалай болғанда да, біз ірі халықаралық банктердің біздің нарыққа келгенін қалаймыз, олардың келуі банк секторының одан әрі сапалы өсуіне оң әсер етеді деп ойлаймыз», - деп түйіндеді спикер.