2024 жылдың I тоқсанында кредиттеу туралы банктерде жүргізілген сауалнаманың қорытындысы туралы ҚҰБ Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаментінің директоры Олжас Кубенбаевтың түсіндірмесі
Ірі, орта және шағын бизнесті кредиттеу
Сауалнама нәтижесі бойынша, I тоқсанда кәсіпкерлік субъектілері тарапынан кредитке сұраныс негізінен ірі және орта бизнес есебінен т/т (тоқсаннан тоқсанға) ұлғайды. Шағын бизнес тарапынан сұраныс алдыңғы тоқсан деңгейінде сақталды.
Шағын бизнес субъектілері тарапынан сұраныс Мемлекеттік бағдарламалар аясында кредиттеуді қаржыландыру арқылы да қолдау тапты. Сонымен қатар, жекелеген банктер 2023 жылдың соңында іске қосылған кепілді және кепілсіз скорингтік өнімдердің оң әсерін атап өтті. Кейбір банктер клиенттердің тәуекел профиліне қойылатын талаптарды қайта қарады. Нәтижесінде шағын бизнестің кредиттік өтінімдерінің жалпы саны 6% — 786 мыңға дейін өсті.
Ірі және орта бизнестің кредитке сұраныс индексі I тоқсанда негізінен несие ресурстары құнының төмендеуімен аздап өсті. Сонымен қатар, жекелеген банктердің пікірінше, Мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржыландыруды қайта бастау да орта бизнес тарапынан сұранысқа оң әсерін тигізді. Нәтижесінде орта бизнестің кредиттік өтінімдерінің жалпы саны т/т 7% — 6,2 мыңға дейін өсті, өз кезегінде ірі бизнестің кредиттік өтінімдерінің саны т/т 6% қысқарды және 169-ды құрады.
Есепті тоқсанда кредиттік өтінімдерді мақұлдау үлесі ірі және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін төмендеді, осылайша, ірі бизнес үшін 51% және орта бизнес үшін 39% құрады, ал шағын бизнес субъектілері үшін бұл көрсеткіш 35% деңгейінде сақталды.
Банктер сыйақы мөлшерлемесін біршама төмендету есебінен корпоративтік сектор үшін кредит беру шарттарының біршама жұмсартылғанын атап өтті. Бұл ретте жекелеген банктерде бірқатар өзге шарттардың елеусіз қатаңдатылуы байқалды.
Келесі тоқсанда банктер негізінен несиелік ресурстар құнының төмендеуінің қазіргі динамикасына байланысты ірі және орта бизнес субъектілері тарапынан сұраныс одан әрі өседі деп күтеді. Ал шағын бизнес тарапынан сұраныстың өзгеруі күтілмейді.
Ипотекалық және тұтынушылық кредиттеу, автокредиттер
Автонесиелерді қоспағанда, жеке тұлғалардың несиеге деген сұранысы I тоқсанда өсті.
Ипотекалық несиелерге деген сұраныс алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда, елеусіз өсім көрсетіп, іс жүзінде өзгерген жоқ. Жекелеген банктер несиелеу шарттарының жеңілдетілгенін атап өтті. Бұл нарықтық өнімдерге деген сұранысқа оң әсерін тигізді. Нәтижесінде кредиттік өтінімдер саны 1%, 216 мыңға дейін өсті.
Тұтынушылық несиелерге деген сұраныс осы сегментте кредиттік өнімдерді неғұрлым белсенді ілгерілету арқылы өсті. Жеке банктер несие шарттарының біршама жеңілдегенін, соның ішінде мөлшерлеменің төмендегенін атап өтті. Нәтижесінде келіп түскен өтінімдер саны 6% (т/т), 38 мыңға дейін өсті.
Банктердің пікірінше, тұтынушылық кепілсіз қарыздарға сұраныстың артуы белсенді маркетингтік ілгерілеудің, сондай-ақ жекелеген банктердегі онлайн кредиттеу үлесінің ұлғаю нәтижесі. Осылайша кредиттік өтінімдер саны 21,1 млн-ды құрады, бұл өткен тоқсаннан 10% артық.
Банктер I тоқсанда төмен ставкалары бар акциялық өнімдердің көпшілігінің аяқталуына және кепілді қамтамасыз ету құны бойынша параметрлердің тәуекелін қайта қарауға байланысты автокредитке сұраныстың біршама төмендегенін атап өтті. Сөйтіп автокредит алуға түскен өтінімдер саны т/т 2%, 903 мыңға дейін қысқарды.
2024 жылдың II тоқсанында банктер борыштық жүктеме коэффициентін есептеуге қойылатын талаптың қолданысына жататын қарыз түрлерінің кеңеюіне байланысты бөлшек кредиттердің барлық түріне сұраныс төмендейді деп күтеді.
2024 жылдың I тоқсанында кредиттеу туралы банктерде жүргізілген сауалнамаға екінші деңгейлі 19 банк қатысты. Ұлттық Банк мұндай сауалнаманы кредиттік ресурстарға сұраныс пен ұсыныс арасындағы өзгерістерді бағалап отыру үшін тоқсан сайын жүргізеді.