Қазақстанда 10-рет электронды аукцион өтті, онда алты мұнай мен газ кен орындары сатылымға шығарылды. Аукционды ұтқан компаниялардың көбі қытайлық.
«Pro Explore Mining Co., Ltd» компаниясы Атырау облысындағы Қиғаш учаскесін барлау құқығын алды. Egov.kz сайтының хабарлауынша, компанияның негізін қалаушы Ян Ченвэй. Индустрия министрлігінің тапсырысы бойынша компания екі ұңғыма бұрғылап, сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізуі тиіс. Жұмыстың құны 9 млн доллар.
Ұлытау облысындағы Бестақыр учаскесін Sozak Oil and Gas компаниясы алды. Ол сонау 2007 жылы Қазақстанның бірнеше өңірінде мұнай мен газды барлауға келісімшартқа отырған. Оның құрылтайшылары қытайлық акционерлер: Sino-Science Netherlands Petroleum (Қытайдың Hainan Zhenghe Industrial Group еншілес компаниясы), Матен Петролиум (Sino-Science меншігі), Shenzhen Andachang Industrial Co., Ltd., Singapore Charter Power Pte. Ltd, Singapore Starlights Energy Investment Pte. Ltd. Учаскедегі бұрғылау және сейсмикалық барлау жұмыстарының құны 7 млн долларға бағаланып отыр.
Атырау облысындағы «Азнагүл» учаскесіндегі барлау мен өндіруді АХҚО-да тіркелген Astana Guangming Mining Co., Ltd компаниясы жүргізетін болады. Оның негізін қалаушы сингапурлық Jiuyuan Trading SG Pte. Ltd. Жұмыс құны шамамен 6 млн долларды құрайды.
АХҚО-да тіркелген HarmonyOre Mining Co., Ltd. компаниясы Ақтөбе облысындағы Жарқамыс Батыс II учаскесін барлау құқығын алды. Оның жетекшісі және негізін қалаушы - Юн Юн Сун. Ол басқа қазақстандық компаниялардың басшысы - JinSheng Energy Co., Ltd. және Kazakhstan Blue Ocean Energy Co., Ltd. Учаскедегі жұмыс құны 9 млн долларға бағаланып отыр.
Kazakhstan Zhonghengyongsheng Energy Co., Ltd. Атырау облысындағы Құлсары учаскесін барлау құқығын жеңіп алды. Ол АХҚО-да тіркелген, оның негізін қалаушы сингапурлық Weiye Trading SG Pte Ltd. компаниясы. Жұмыстың құны 3 млн долларға бағаланып отыр.
Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарындағы Шыңғыс-Телсу учаскесіндегі барлау жұмыстарын Фарух Абдухалиловқа тиесілі RV-Oil&Gas компаниясы жүргізеді. Компания бұрын кен орындарын барлаумен айналыспаған, оның негізгі қызметі отын сатумен байланысты. Жұмыстың құны 4 млн доллар.