«Атамекен» ҰКП алаңында кәсіпкерлер жаңа Салық кодексін әзірлеу шеңберінде шағын және орта бизнес субъектілері үшін арнайы салық режимдерін реформалау мәселелерін талқылады. Бизнестің жаңа салық жүйесіне қойылатын негізгі талаптары – салықтарды тұрақтандыру және жұмыс істеу үшін болжамды жағдай жасау.
«Атамекен» ҰКП жанындағы шағын және орта бизнеске салық салу жөніндегі қосалқы топтың басшысы Берік Зайыров ШОБ субъектілеріне салық салу бойынша жиынтық ұсыныстарды таныстырды. Ол арнайы салық режимін реформалаудың негізгі тәсілдерін атап өтті:
«Қазір қолданыста 7 салық режимі бар. Біз оларды 3-ке дейін қысқартуды ұсынамыз. Бұл өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жеке кәсіпкерлерге салынатын салық, оңайлатылған декларация және қосымша нұсқасы бар бөлшек салық болады. Біз барлық ШОБ өкілі ҚҚС төлеуші болмай, еңбекақы бойынша бірыңғай төлемді пайдалануы үшін арнайы салық режимдерін қолдана алауын қалаймыз».
Берік Зайыров кәсіпкерлерге ұсынылған салық режимдерінің әрқайсысы бойынша шарттарды таныстырды. Қандай режим болмасын, оны қолданудың негізгі критерийлері шекті айналым және жұмысшылар саны болуы керек.
Патент, арнайы мобильді қосымшаны пайдаланатын режим, сондай-ақ БЖТ (келесі жылы күші жойылады) сияқты режимдерді алмастыратын өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін ұсынылатын режимге қатысты Қазақстанның тікелей сату қауымдастығының атқарушы директоры Анастасия Калашникова пікірін білдірді.
«Менің ойымша, 3-4 пайыз дұрыс шешім болады. Оларды әлеуметтік қолдауға белгілі бір әлеуметтік кепілдіктері болуы үшін қорларға тарату керек. Мемлекетке де қандай да бір пайда әкеледі. Енді 13 млн теңгеге келетін болсақ... Бүгін бұл 13 млн, ертең инфляция болады... сондықтан біздің ұсыныс 20 млн теңге. Бұл кәсіпкердің кірістілік деңгейін ескере отырып, артығымен саналған ұсыныс…Шағын ғана салық осы санаттағы кәсіпкерлерге тыныш жұмыс істеп, кәсіпті ашық жүргізуге мүмкіндік береді», – деді Анастасия Калашникова
Өңірлерді тұрақты дамыту жөніндегі қоғамдық бірлестіктің өкілі Жанар Сүлейменова Шағын бизнес үшін қызмет түрлеріне шектеулерді алып тастау қажеттілігі туралы пікір білдірді.
«Біз әртүрлі шектеуді алып тастауымыз керек. Шектеу түрлі түсіндірулер түрінде қиындықтар туғызады: дүкен немесе сауда базарында сауда жасады, әже базар жанында сауда жасайды, біреу онлайн-дүкенде сауда жасайды. Яғни, кез келген шектеу түрлі түсіндірілуі мүмкін: сондықтан барлық қызмет түріне жеке кәсіпкерлер/өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін салықты пайдалануға рұқсат берген дұрыс. Акциздерді пайдаланатын немесе жер қойнауын пайдаланушыларға ғана ерекше шарттарды қалдыруға болады»,– Жанар Сүлейменова.
Берік Зайыровтың пікірінше, оңайлатылған декларация ең кең таралған режим: оны 1 млн-ға жуық кәсіпкер қолданады. Алайда мұнда да шешімді талап ететін мәселелер бар.
«Мұнда екі мәселе бар. Бірншісі – екі шектің болуы. Оңайлатылған декларация бойынша шектеу және ҚҚС бойынша шек. Бұл ретте көптеген кәсіпкер ҚҚС шегін асырып жібергенін білмейді. Екінші мәселе – ірі бизнес оңайлатылған декларация бойынша жеке кәсіпкерлік арқылы табысын аз етіп көрсетеді», – деді спикер.
Жиында Бөлшек сауда және қоғамдық тамақтану қауымдастығының президенті Марина Бошель осы мәселелердің шешімдерінің бірі ретінде POS-терминалдар арқылы «ұрылған» соманы есепке алмауды ұсынды. Осылайша бұл шара бизнесті ашық жұмыс істеуге ынталандырылады.
Бөлшек салықты қолдану кезінде бірқатар кедергі әлі де бар. Мысалы, мүмкін болатын қызметтердің шектеулі тізімі, бухгалтердің есебі мен қол жетімділігі, сондай-ақ алдын-ала қолданылатын салық мөлшерлемесін анықтау қажеттілігі.
Берік Зайыров презентация кезінде жақсарту шаралары ретінде бөлшек салықты қолдану шегін көтеру, қызмет түрлері бойынша шектеуді алып тастау, сондай-ақ еңбекақы төлеу қоры бойынша бірыңғай төлемді сақтауды ұсынды. Спикер талқылау барысында мемлекеттік органдармен бизнес ұсыныстары мен мемлекеттік органдардың позициясы арасындағы сәйкессіздіктер сақталатынын атап өтті.
Кәсіпкерлер бизнесті дамытудағы басты кедергілердің қатарында ҚҚС бойынша шек, қызмет түрлері бойынша шектеу, төлемдердің сан алуан түрі, сондай-ақ бухгалтерлік есепті жүргізу жөніндегі талапты атап өтеді.
«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов жаңа Салық кодексіне бизнес ұсыныстарын қалыптастыру жұмыстары жалғасатынын атап өтті:
«Микро және шағын бизнес – маңызды бағыттардың бірі, оған көп көңіл бөлінеді. Жұмыс үздіксіз жүріп жатыр, мұның бәрі әлі түпкілікті шешім емес. Соңғы редакция 2024 жылдың соңына дейін құрылады. Микро, шағын және орта бизнес бойынша жұмыс тобы шеңберінде жұмыс 2024 жылдың бірінші тоқсанында шамамен аяқталатынын, содан кейін Ұлттық экономика министрлігі мен Қаржы министрлігінің жұмысы шеңберінде бекітілетінін, содан кейін вице-премьер деңгейінде бекітілетінін қысқаша еске саламы. Содан кейін Мәжіліс деңгейінде талқыланатын болады және 2024 жылдың соңына дейін бізде 2025 жылы іске қосылатын жаңа Салық кодексі дайын болуы керек», – деді Тимур Жаркенов.
Еске салсақ, қазіргі кезде мемлекеттік органдар, бизнес-қоғамдастық және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жаңа Салық кодексін әзірлеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Президенттің тапсырмасы бойынша құжат 2025 жылы бизнес үшін қолайлы жағдай жасап, сонымен бірге жоғары салық кірістерін сақтай отырып іске қосылуы керек.