Қазақстандағы сақтандыру саласы IT-технологиялардың дамуына байланысты өркендеп келеді, бұл клиентке түсінікті әрі барынша цифрландырылған механизмдер мен қызметтерді ұсынуға мүмкіндік береді. Полистерді онлайн рәсімдеу, жол-көлік оқиғасын телефон қосымшасы арқылы тіркеу, сақтандыру төлемдерін 5-7 жұмыс күні ішінде алу бүгінде қалыпты рәсімге айналды, алайда бірнеше жыл бұрын мұны елестету де қиын еді.
Цифрландырудың арқасында сақтандыру полисін рәсімдеу және төлем алу үдерісі сақтандырушы үшін де, клиент үшін де ыңғайлы, жылдам әрі қарапайым бола түсуде. Цифрлық жасақтамалардың көмегімен сақтандыру компаниялары Бірыңғай сақтандыру дерекқорында жинақталған үлкен көлемдегі ақпаратты өңдеп, соның негізінде клиенттерге жаңа, заманауи цифрлық сақтандыру өнімдерін ұсына алады.
Соған қарамастан, сақтандыру компаниялары клиенттерінің бір бөлігі полистерді рәсімдеу мен сақтандыру төлемдерін алудың бұрынғы тәсілдерін қолдануға дағдыланған, яғни оны өздері емес, «көмекшілер» деп аталатын делдалдар арқылы жүзеге асырады. Полисті сатып алудың мұндай тәсілі көп жағдайда үлкен қауіп тудырады, өйткені сақтандырушы ретінде сол делдалдың өзі әрекет етуі мүмкін. Соның салдарынан делдал арқылы әрекет ететін клиент ақшасынан да, полисінен де айырылып, демек сақтандыру қорғанысынсыз қалуы ықтимал.
Мәселе бұрын сақтандырушы мен полис сатып алушының арасында делдал болған көптеген сақтандыру агенттері бүгінде сұранысқа ие болмай қалуында. Қазір автокөлік иелері полисті сақтандыру компаниясының сайтында немесе қосымшасында өз бетінше онлайн рәсімдей алады. Бұл жылдамырақ әрі ыңғайлырақ, сонымен қатар агенттік комиссия төлеудің де қажеті жоқ. Кейбір бұрынғы сақтандыру агенттері қызмет саласын өзгерткен, ал кейбірі полистерді сатуды жалғастырып жүр, бірақ енді сақтандыру компанияларының өкілі ретінде әрекет етпейді. Олар автокөлік иелерін сақтандыруды сайт арқылы рәсімдеу өте қиын әрі сенімсіз деп иландырып, делдалға жүгіну керек деп көндіреді.
«Сатып алушыны иландырған соң, олар сақтандыру компаниясының сайтына немесе қосымшасына кіріп, сақтандыруды өз атына рәсімдейді, сонымен бірге сақтандыруға өз клиентінің және оның автокөлігінің деректерін енгізеді. Осылайша сақтандыру компаниясы үшін заңды түрде сатып алушы ретінде дәл сол делдал танылады және кэшбэк соған төленеді (егер бұл сату талаптарында көзделсе). Осылайша агенттер тек өз клиенттерінен ғана емес, сақтандырушылардан да пайда табады», — деп атап өтті «Freedom Insurance» СК» АҚ басқарма төрағасы Азамат Керімбаев.
Мұндай схема бірқатар тәуекелге алып келеді. Сақтандыру компаниялары барлық жағдайда тек сақтандыру кімнің атына рәсімделсе, сол адаммен ғана байланысуға құқылы. Егер клиент сақтандыруды өз бетінше емес, делдал арқылы сатып алса, онда ол полиске жаңа тұлғаларды қоса алмайды немесе ондағы автокөлікті ауыстыра алмайды. Делдалдың қатысуынсыз шартты қайта рәсімдеу де мүмкін болмайды.
«Біз делдал қажет болған сәтте оған қол жеткізу мүмкін болмай қалған жағдайларды тіркедік: ол желі аясынан тыс жерде жүрген немесе жай ғана телефон тұтқасын көтермеген. Бұл автокөлік иесіне де үлкен қиындықтар туғызады», — деп атап өтті сарапшы.
Бұдан бөлек, полисті тікелей сатып алушы сатып алған күннен бастап 14 күн ішінде сақтандыру шартын бұзып, ақшасын қайтарып алуға құқылы. Адал емес делдалдар осы мүмкіндікті өз пайдасына асыруы мүмкін, олар қайтарылған қаражатты өз картасына алады, ал сатып алушылар бұдан бейхабар болып, жол полициясы оларды тоқтатқанға дейін сақтандырусыз жүре береді.
«Автокөлік иесі айыппұл алуы мүмкін, ал егер жол-көлік оқиғасы болса, сақтандыру шарты оның хабарынсыз делдал тарапынан бұзылған жағдайда, ол сақтандыру төлемінсіз қалуы ықтимал», — деп түсіндіреді сақтандырушы.
Сақтандырушылардың пікірінше, бұл мәселе сақтандыру делдалдары сақтандыру брокерлеріне айналған жағдайда шешімін табады. Сақтандыру брокері – сақтандыру нарығының кәсіби әрі реттеуші орган лицензиялаған қатысушысы. Ол клиенттің мүддесі мен тапсырмасы бойынша әрекет етеді, қолайлы сақтандыру компаниясы мен өнімін таңдауға, сақтандыру шартын дұрыс жасасуға көмектесіп, сондай-ақ сақтандырушыдан сақтандыру төлемін алуға жәрдемдеседі. Брокерден айырмашылығы, «көмекшілерді» ешкім реттемейді және тексермейді. Олар қаржылық қадағалау органдарына есеп бермейді, яғни құқықтық алаңнан тыс әрекет етеді. Оның үстіне, олар сақтандыру компанияларын кемсітіп көрсетуі мүмкін, бірақ өз қызметіне қатысты ешқандай кепілдік те, есептілік те ұсынбайды.
«Қажет болған жағдайда сақтанушы брокердің немесе сақтандырушының әрекетіне шағымдана алады, ал «көмекшілерге» қатысты реттеуші оларға ықпал ете алмайды. Егер «көмекшілер» сақтандыру брокерлеріне айналса, олардың қызметі толықтай айқын болар еді. Брокердің функциялары, жауапкершілігі мен міндеттері нақты әрі ашық түрде көрсетіледі, сонымен қатар ол сақтандырушының беделіне нұқсан келтіріп, клиентті алдай алмайды», — деп түсіндіреді сарапшы.
«Брокерден айырмашылығы, «көмекші» тек өз мүддесі үшін әрекет етеді, бірақ клиентті өз жағына тартып, өзін соның мүддесін қорғайтын адам ретінде көрсетеді. Ол клиентті сақтандырушыға сенбеуге иландыруға бағытталған. Ал клиент, өз кезегінде, қалай сақтандырылатынын өзі таңдауға құқылы, және егер ол делдалға жүгінгісі келсе, онда «көмекшіге» емес, брокерге жүгінгені қауіпсізірек», — деп бөлісті ол.
Бұл ұсыныс Қазақстандағы сақтандыру нарығын сауықтырып, жалпы саланы нығайта алады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ақпан айында Үкіметтің кеңейтілген отырысында да айтқан болатын. Ол сақтандыру секторы ел экономикасында анағұрлым маңызды рөл атқаруға тиіс екенін атап өтті. Қорғау функциясымен қатар, ол банк саласы мен бағалы қағаздар нарығы деңгейінде инвестициялар мен экономикалық өсуді қолдауы қажет. Президенттің айтуынша, сақтандыру азаматтар үшін анағұрлым түсінікті, ыңғайлы әрі жаппай қолжетімді құралға айналуға тиіс. Мемлекет басшысы 2030 жылға дейін сақтандыру нарығын дамыту бағдарламасын әзірлеуді, сондай-ақ саладағы жүйелі өзгерістерді жолға қоюға көмектесетін жаңа заң дайындауды тапсырды.