Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкекте Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты. Мемлекет басшысы ұйым елдері арасындағы экономикалық байланыстардың қолда бар мүмкіндіктерге толық сәйкес келмейтінін айтып, сауда, инвестиция, көлік-логистика және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты күшейтуді ұсынды.
Президенттің айтуынша, ШЫҰ елдері ұйымға мүше мемлекеттердің ресурстық, өндірістік және технологиялық әлеуетін тиімді пайдаланып, жаңа экономикалық өсу нүктелерін қалыптастыруы қажет.
«Қазақстан ең аз кедергі, цифрлық рәсімдер және дамыған көлік-логистикалық байланыстарға негізделген ШЫҰ-ның кең сауда-инвестициялық кеңістігін қалыптастыруды қолдайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол келісімдерден нақты жобаларға көшудің маңызын атап өтті. Осы мақсатта мемлекеттерге барлық қатысушылардың қосылуын күтпей, дайындық деңгейіне қарай бірлескен жобаларды іске асыруға мүмкіндік беретін пилоттық индустриялық консорциумдар тетігін енгізуді ұсынды.
Президенттің пікірінше, табысты жобаларды кейіннен бүкіл ШЫҰ кеңістігіне масштабтауға болады.
ШЫҰ трансшекаралық сауда аймақтарын құру ұсынылды
Тоқаев ШЫҰ аясындағы трансшекаралық сауда аймақтарын қолданыстағы шекара маңындағы ынтымақтастық орталықтарының базасында іске қосуды ұсынды.
Бұл механизм тауар алмасуды жеңілдетуге, цифрлық рәсімдерді енгізуге және заманауи өзара есеп айырысу тетіктерін пайдалануға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті ұйым аясында толыққанды инвестициялық контур қалыптастыру қажеттігін айтты.
Қазақстан ШЫҰ Даму банкін құру жөніндегі Қытай бастамасын қолдайды. Тоқаев аталған банктің ресурстарын ең алдымен инфрақұрылымдық, технологиялық және өнеркәсіптік жобаларға бағыттауды ұсынды.
«ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасында консенсус болған жағдайда, Қазақстан бұл институтты, оның ішінде штаб-пәтерін өз аумағында орналастыра алады», – деді Президент.
ШЫҰ-ның бірыңғай цифрлық транзит платформасы
Көлік-логистикалық байланыстарды дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды.
Тоқаев ШЫҰ-ның Бірыңғай цифрлық транзит платформасын құруды ұсынды. Оның көмегімен жүктерді жөнелту пунктінен соңғы алушыға дейін кедергісіз сүйемелдеу көзделеді.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті 2035 жылға дейінгі ШЫҰ-ның көлік байланыстылығы стратегиясын әзірлеп, қабылдауды ұсынды.
Оның айтуынша, мұндай құжат ұйым елдері арасындағы көлік дәліздерін тиімді пайдалануға және транзиттік әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.
Жасанды интеллект пен технологиялық даму
Тоқаев ШЫҰ елдері үшін тағы бір басым бағыт ретінде жаңа технологиялық тәртіпті қалыптастыруды атады.
Президент жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы мемлекеттерден болып жатқан өзгерістерге бейімделумен ғана шектелмей, озық шешімдер қабылдауды талап ететінін атап өтті.
ШЫҰ 2001 жылы құрылған. Қазіргі таңда ұйымға 10 мемлекет мүше: Беларусь, Үндістан, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Пәкістан және Өзбекстан.
Сонымен қатар ұйымның серіктестері қатарында Ауғанстан, Әзербайжан, Армения, Бахрейн, Мысыр, Камбоджа, Катар, Кувейт, Лаос, Мальдив аралдары, Моңғолия, Мьянма, Непал, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Түркия және Шри-Ланка бар.