Алматы, Астана және Атырау облысы 2027 жылы республикалық бюджетке 1 трлн теңгеден астам қаржы аударады. Бұл параметрлер «2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасында қарастырылған.
Заң жобасы 5 қыркүйекке дейін «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауда болады.
2027 жылы аталған өңірлерден республикалық бюджетке түсетін қаржы көлемі 1 трлн 79,8 млрд теңге деңгейінде белгіленбек. Атап айтқанда:
Алматы қаласы — 600,9 млрд теңге;
Атырау облысы — 237,9 млрд теңге;
Астана — 241 млрд теңге.
Осы үш өңірдің өзінен республикалық бюджетке 1 трлн 80 млрд теңгеге жуық қаражат алынады.
Жалпы, мемлекеттік бюджет кірісі 25,4 трлн теңгеден асады деп жоспарланған. Оның ішінде салық түсімдері шамамен 19,5 трлн теңгені құрайды.
Сонымен қатар республикалық бюджет 4,56 трлн теңге тапшылықпен қалыптастырылмақ.
Ұлттық қордан бюджетке 2,43 трлн теңге кепілдендірілген трансферт қарастырылған.
Осылайша, 2027 жылғы бюджетте бір жағынан кірісі жоғары өңірлерден республикалық бюджетке 1,08 трлн теңге алу көзделсе, екінші жағынан қаржысы жеткіліксіз өңірлерге 6,36 трлн теңге субвенция бөлу жоспарланып отыр.
Заң жобасы 5 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылауда болады. Құжатты талқылау және Парламентте қарау барысында оның жекелеген көрсеткіштері өзгеруі мүмкін.