Қай өңір бюджеттен қанша қаражат алады?

2027 жылы Қазақстан өңірлеріне республикалық бюджеттен 6,36 трлн теңге субвенция бөлу жоспарланған. Үкімет қарызының жыл соңындағы шекті көлемі 43,87 трлн теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бұл параметрлер «2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасында қарастырылған.

Заң жобасы 5 қыркүйекке дейін «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауда болады.

Өңірлерге 6,36 трлн теңге бөлінеді

2027 жылы облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың бюджеттеріне республикалық бюджеттен 6 трлн 357,8 млрд теңге субвенция беру ұсынылып отыр. Атап айтқанда:

  • Түркістан облысы — 1,25 трлн теңге;

  • Жамбыл облысы — 607,5 млрд теңге;

  • Қызылорда облысы — 546,9 млрд теңге;

  • Солтүстік Қазақстан облысы — 432,9 млрд теңге;

  • Қостанай облысы — 423,8 млрд теңге;

  • Абай облысы — 421,1 млрд теңге;

  • Қарағанды облысы — 419,9 млрд теңге;

  • Жетісу облысы — 403,6 млрд теңге;

  • Ақмола облысы — 390,9 млрд теңге;

  • Шығыс Қазақстан облысы — 306,9 млрд теңге;

  • Шымкент — 324,4 млрд теңге;

  • Ақтөбе облысы — 291,2 млрд теңге;

  • Батыс Қазақстан облысы — 283,2 млрд теңге;

  • Алматы облысы — 106 млрд теңге;

  • Маңғыстау облысы — 78,6 млрд теңге;

  • Ұлытау облысы — 68,5 млрд теңге;

  • Павлодар облысына қарастырылған — 4,4 млрд теңге.

Субвенциялар жергілікті бюджеттердің өз кірістері жеткіліксіз болған жағдайда негізгі мемлекеттік міндеттемелерді орындауға мүмкіндік беретін қаржы тетігі болып саналады.

Субвенциялардан бөлек, республикалық бюджеттен өңірлерге нысаналы ағымдағы трансферттер мен бюджеттік несие беру көзделген.

Жобадағы көрсеткіштер қоғамдық талқылау қорытындысы мен Парламенттегі қарау барысында өзгеруі мүмкін.