Қазақстанда 1,15 трлн теңге салық қарызы үшін 900 мыңнан астам салық төлеушінің банк шоттары бұғатталуы мүмкін. Мемлекеттік кірістер комитеті жаңа Салық кодексінің қарызды өндіру тәсілдері әртүрлі екенін түсіндірді. Қазіргі ереже бойынша, қарыз көлемі 6 айлық есептік көрсеткіштен (2025 жылы — 23,6 мың теңге) асса, шоттар бұғатталады. Ал 2026 жылдан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексінде қарыз сомасына қарай сараланған тәсіл қолданылмақ.

Мүлікті сату

Егер қарыз 45 АЕК-тен асса, салық органдары берешекті өндіріп алудың барлық шарасын қолданады. Бұған мүлікті тізімге алу және оны сату, сондай-ақ дебиторлар арқылы қаражатты өндіру шаралары кіреді.

Бұл санатқа 56 784 қазақстандық жатады. Олардың жалпы қарызы 276,5 млрд теңгені құрап отыр, яғни орташа есеппен әрбір жеке тұлғаға 4,9 млн теңгеден келеді.

Айта кетсек, егер берешек 20 АЕК-ке дейін (2026 жылы — 86,5 мың теңгеге дейін) болса, салық төлеушіге тек хабарлама жіберіліп, өсімпұл есептеледі. Бұл жағдайда шоттарды бұғаттау сияқты қатаң шаралар қолданылмайды.

Ал қарыз 20-дан 45 АЕК-ке дейін (2026 жылы — 86,5 мыңнан 194,6 мың теңгеге дейін) болса, салық органдары берешекті өтеу туралы хабарлама жіберіп, өсімпұл есептейді. Сонымен қатар банк шоттары мен касса бойынша шығыс операцияларын тоқтатып, инкассалық өкімдер қояды.

Қарызы 27 мың АЕК-тен (116,8 млн теңге) асатын компания басшылары, жеке кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатын тұлғалар (нотариустар, адвокаттар және т.б.) үшін Қазақстаннан шығуға шектеу қойылуы мүмкін. Бұл шара қарыз үш айдан астам уақыт бойы өтелмеген жағдайда және сот санкциясы болса ғана қолданылады.