Мерзімді әскери қызметтің алты айы оқу орындарында өтеді

Мемлекет басшысы әскери реформа мәселелері бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді.

Отырыста Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева әскерді реформалау жоспарын таныстырды.

Жоспарда Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамын қайта қарау, басқару және қорғанысты жоспарлау тетіктерін жетілдіру, Ұшқышсыз жүйелер күштерін құру, сондай-ақ армияның негізгі компоненттерін нығайту қарастырылған.

Бұл реформаның маңызды аспектісі – мерзімді әскери қызметтің екі кезеңнен тұратын үлгісіне көшу. Әскерге шақырылғандар алғашқы алты айда оқу орталықтарында даярлықтан өтеді. Кейінгі алты айда әскери бөлімдерде қызмет етеді. Бұл кезеңде жауынгерлік даярлыққа және бөлімшелер құрамында міндеттерді орындауға басымдық беріледі.

Әскери консультанттар мен Әскери қызметшілер істері жөніндегі уәкіл институттарын құру жоспарланып отыр.

Жоспарда көзделген ұйымдастыру шаралары осы жылдың соңына дейін, ал негізгі тұжырымдамалық шаралар келесі жылы іске асырылады.

Отырыс қорытындысы бойынша Әскери реформа жоспары мақұлданды.