Былтыр Қазақстанның сыртқы саудасы үшін соңғы он жылдағы ең табысты жылдардың бірі болды. 2012 жылдан бері алғаш рет экспорт құндық мәнде 40% өсті. Жедел деректерге сәйкес, былтыр қаңтар-желтоқсан айларында Қазақстаннан сыртқа 84,4 млрд АҚШ долларының тауары сатылды. Бұл 2012-2013 жылдардағы көрсеткіштермен тең.
2022 жылғы тағы бір рекорд елдің шикізаттық емес экспортының көлемі болды. Ол 2012 жылғы тарихи максимумнан асып, 26,5 млрд АҚШ долларына (31,4%) жетті. Оның 8 млрд АҚШ долларын қосылған құны жоғары тауарлар экспорты құрады.
Осы санаттағы бірегей экспорттық «жаңалықтардың» қатарында АЭС-тердің ядролық реакторларға арналған отын элементтері (уран таяқшалары) бар. Оларды Өскеменде Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіпорны «Үлбі-ТВС» ЖШС шығарған. 2022 жылдың желтоқсанында қытайлық CGNPC-URC ядролық корпорациясына осындай құрылымдар алғаш рет жеткізілді. «QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ (акционер – ҚР Сауда және интеграция министрлігі) мәліметінше, қазақстандық тарап бұл тапсырысқа 51,1 млн АҚШ долларын алған.
Қытай мен Ресей 2022 жылы Қазақстанның жетекші сауда серіктестері болды. Олардың Қазақстанның сыртқы сауда айналымындағы жалпы үлесі 37%-дан асты. 2021 жылдағыдай қазір де РФ көш бастап тұр: ҚР-ның солтүстік көршісімен сауда көлемі 2022 жылы 26,1 млрд АҚШ долларына (6,1% көбейген) жетті. Мұның басым бөлігі Ресейден Қазақстанға импорт. Қытаймен сауда былыр да жақсы болды, өзара сауда 24,1 млрд АҚШ долларына (34,1% өсті) жетті. Дегенмен, Ресеймен сауда-экономикалық байланыстардан айырмашылығы, Қытай Қазақстан үшін ең алдымен өткізу нарығы (өзара саудадағы экспорт үлесі 54,5%), содан кейін ғана жеткізуші.
Сауда серіктестерінің бестігіне қазақстандық шикізаттың жетекші импорттаушылары – Италия (мұнайдың негізгі сатып алушысы), Түркия және Оңтүстік Корея да кірді. 2022 жылы бұл елдермен ақшалай түрде сауда айтарлықтай өсті: мұнай бағасының өсуіне байланысты Италиямен сауда 54%, Оңтүстік Кореямен 2,3 есе өсті.
QazTrade сарапшыларының пікірінше, геосаяси жағдайға байланысты әлемдік саудадағы өзгерістер, жалпы Қазақстан экспортына қолайлы әсер етті. Экспорттық себетті әртараптандыру деңгейінің артуы байқалды. Қазақстан тауар түрін көбірек сата бастады (2,9 мыңнан 3,4 мыңға дейін), ал экспорттық нарықтар саны 122-ден 129-ға дейін өсті.
Батыстың Ресей мен Беларусьқа қарсы санкциялары еуропалық негізгі жеткізушілерді өздері үшін жаңа нарықтар іздеуге мәжбүр етті, Ресей де сауда саясатын түзетті. Бұл қайта құрулар ҚР-ның экспорттық ағындарына да әсер етті. Мәселен, Қазақстаннан Беларуське тас көмірді жеткізу соңғы бір жылда 93,6% – 1,8 млн тоннадан 119,7 мың тоннаға дейін қысқарды. Дегенмен, Қазақстан Еуропадағы энергетикалық дағдарысты ескере отырып, бұл стратегиялық маңызды өнімнің жаңа сатып алушыларын тез тапты. Еуропа Қазақстан отынын қуана импорттай бастады: Польша 1,5 млн тонна импорттады (2021 жылмен салыстырғанда 10 еседей көп), Латвия 752,8 мың тонна сатып алды (бір жыл бұрын сатып алмаған), Түркия мен Кипрден де сұраныс артты. Жалпы, әлемдік нарықта көмірге сұраныс жоғары болып, Қазақстан осы шикізатты сатудан түсетін экспорттық кірісті 89,3% арттырды.
Уақыт өте келе ҚР-да өсімдік майын өндіру көлемі артты. Былтыр бұл нарықта да өзгерістер болды. Егер бұрын Қытай мен Өзбекстан Ресей мен Украинадан өнімнің үлкен көлемін сатып алса, 2022 жылы олардың жеткізілімі қысқарды. Қазақстан өз майын көршілеріне ұсынып, тараптар келіскен. ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтыр қаңтар-желтоқсан айларында Қытай ҚР-дан тоң май және тоңмай импортын төрт есеге жуық, Өзбекстан екі есе арттырды.
Қазақстан үшін тағы бір қолайлы үрдіс еуропалық компаниялардың орасан зор ресейлік нарықтан көшуі болды. Мысалы, QazTrade мамандарының айтуынша, аустралиялық алюминий тотығын жеткізушілер былтыр сауда санкцияларына байланысты Ресейден кеткен. Осы кезде оның орнын қазақстандықтар алмастыра қойды. Оның үстіне алюминий өндіруге арналған бұл шикізатты Қазақстаннан тасымалдау Аустралиядан әкелгенге қарағанда жылдамырақ болады. Жаңа келісімшарттардың арқасында Қазақстан Ресей Федерациясына алюминий тотығын жеткізу көлемін екі есе – 378,1 мыңнан 745,4 мың тоннаға дейін ұлғайтты.
Еуропа мен Ресей арасындағы логистикадағы қиындықтар қазақстандық балық жеткізушілеріне де әсер етті. Олар Германияға филе экспортын 62,9%, Литваға 56,5%, Нидерландқа 48,7% арттырды. Біздің бренд — зандер.
Қазақстаннан Ресейге экспортталатын тауарлардың толық тізімін қарасақ, біздің еліміз көптеген позициялар бойынша Ресей Федерациясына экспортты арттырғаны көрінеді. Бұл экспорттың жалпы статистикасында өте анық көрінеді. 2022 жылы ол 6,9 млрд АҚШ доларынан 8,8 млрд АҚШ долларына дейін 26,9% өсті.
Дегенмен, Қазақстан кейбір жағынан ұтылды. Мәселен, санкциялардың кесірінен темір рудасын жеткізу 70% қысқарды. Бұл өнімнің негізгі сатып алушысы Ресей болғанын ескерсек (2021 жылы үлесі 66,7%), бұл нарықтың орнын тез арада табу мүмкін болмады. Нәтижесінде Қазақстан Республикасының темір рудасын сатудан түскен экспорттық кіріс екі есе – 1,6 млрд АҚШ долларынан 713,3 млн АҚШ долларына дейін қысқарды.