2022-2025 жылдар аралығында Достық-Мойынты (833 км) бағыты бойынша жаңадан тағы бір жол салынып, электрмен қамтылады. Жобаның құны 938,1 млрд теңге, деп хабарлайды LS.
Жаңа жолды салудағы мақсат Қытай-Еуропа-Қытай көлік дәлізін кеңейту. Индустрия және инфрақұрылым министрлігінің мәліметінше, бұл жоба дәліздің өткізу мүмкіндігін бес есеге, ал жылдамдықты тәулігіне 800 шақырымнан 1,4-1,5 шақырымға жеткізбек.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстандық кәсіпкерлер Қытайдан тауар тасымалдауда қиындыққа ұшырап отырғанын бұған дейін жазған едік.
Сонымен қатар 2023-2025 жылдар аралығында Қазақстан мен Өзбекстан арасында Дарбаза-Мақтаарал (106 км) темір жолының жаңа жолағы салынады. Бұл Сарыағаш өткізу пунктінің жүктемесін азайтады. Жаңа дәліздің арқасында шекарадағы өткізу мүмкіндігі екі есе өседі. Пойыздарды қабылдау мен өткізу көлемі тәулігіне 26-дан 50-ге дейін жетпек. Жүк тасымалына кететін уақыт 1,5 есе азаяды.
2022-2025 жылдары тағы 160 млрд теңгеге Түркістан-Шымкент-Ташкент (260 км) жылдам темір жол магистралі салынбақ. Жолға 2 сағат қана уақыт алып, жолаушы ағыны 4,5 млн адамға жетпек.
Тағы 93,6 млрд теңгеге Алматы станциясын айналып өтетін темір жол құрылысы басталмақ. Ол 2022-2023 жылдарға жоспарланған. Жобаға жеке инвесторлар тартылмақ.
Соның арқасында Қытайдан тауар тасымалы 2 күнге немесе 40% азаймақ.
Жалпы, 2025 жылға қарай Қазақстанда транзитті жүк тамсылан 1,5 есеге арттырып, 30 млн тоннаға жеткізу жоспарланған.