«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев CNPC компаниясының вице-президенті, PetroChina Президенті Хуан Юнчжан кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары мен бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін талқылады. Атап айтқанда, Қашаған кен орнында қуаты жылына 4 млрд текше метр газ өңдеу зауытын салу бойынша ынтымақтастық нұсқалары талқыланды.

Сондай-ақ Қазақстан-Қытай мұнай құбырын кеңейту арқылы ҚХР-ға Қазақстан мұнайын жеткізуді арттыру мәселесі қаралды. Аталған мұнай құбырының артықшылығы – Қытай нарығына транзит елдерсіз тікелей шығуға мүмкіндік беретінінде.

Құбыр жүйесінің айтарлықтай бөлігі ҚМГ мен CNPC-дің бірлескен меншігінде екенін айта кету керек. Былтыр Атыраудан шығысқа жеткізу көлемі артты, ал қазір Атырау-Кеңқияқ-Құмкөл учаскесіндегі көлем толығымен жүктелген. Мәселен, 2022 жылы Атырау-Кеңқияқ бойынша 4,5 млн тонна, Кеңқияқ-Құмкөл бойынша 8,1 млн тонна мұнай жеткізілді.

Сонымен қатар, тараптар «Үлкен Жамбыл» және «Торғай Палеозой» сияқты жаңа геологиялық барлау жобаларын әзірлеу бөлігінде ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.

Қатысушылар Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын жылына 12 млн тоннаға дейін арттыру жолдарын қарастырды. Бұл жобаны іске асыру Қазақстан ішінде мұнай өнімдеріне деген сұраныстың артуына байланысты өзекті болып отыр.