2023 жылы Қазақстанның ресми автомобиль дилерлерінде саудаланған әр төртінші машина – қытайлық бренд болды. Алдыңғы орынды Chery, кейін Haval мен Jac алды.
Былтыр Қытайдан Қазақстанға 869 млн долларға 55 мың көлік әкелінген. Жалпы, көрші ел автокөліктерінің әлемдік нарыққа шығуы соңғы төрт жылда 9 млрд доллардан 78 млрд долларға дейін артқан. Мұндай деректер Қазақстан көлік нарығы қатысушыларының бірінші тәуелсіз KURSIV AUTO 2024 форумы аясында келтірілді.
Автокөлік нарығын мониторингілеу және талдау агенттігінің басшысы Артур Мискарянның сөзінше, қытайлық брендерге қатысты болып жатқан қарқынды үдерістердің артында үлкен қолдау жатыр.
«Біздің немесе жалпы әлемдік нарықта қытай брендтерінің танымал бола түсуі қалыпты жағдай. Біз одан қашып құтыла алмайтын едік. Біріншіден, көрші елде автоөндіріс саласы өткен ғасырдың 30 жылдарынан бастау алатынын негізге алған жөн. Екіншіден, халықаралық геосаяси жағдайлар қытайлық автомобиль өндірісін тежеген емес, керісінше үдете түсті. Тағы бір айта кететін фактор - Қытай үкіметі өздерінің автомобиль өндірушілеріне халықаралық нарыққа шығуына мықты қолдау білдіріп отыр. Тіпті, олардың өзге халықаралық өндірушілердің акционерлік капиталдарына кіру бастамаларына жәрдемдеседі. Яғни, кәсіпорынның акционерлік капиталына ҚХР орталық аппараты немесе белгілі бір аймақтың үкіметі қатысады. Қытай үкіметі бұл салаға алдағы уақытта қолдауын күшейтетінін айту керек. Сондықтан, брендке қатысты өсім болмаса, тенденция тоқтайды дегенді айта алмаймын», — деген пікір білдірді Автокөлік нарығын мониторингілеу және талдау агенттігінің басшысы Артур Мискарян.
Агенттік өкілінің сөзінше, бүгінде Қытайдың ішкі нарығында стагнация жүріп жатыр. Яғни, жаңа автомобильдерге деген сұраныс жоқ. Осы орайда, ұсталған көліктерді өзге елдерге экспорттау шаралары да күшейтілмек. Мұны Қазақстан нарығының ойыншылары мен реттеушілері мықты түсінуі керек.
«Сол себепті алдағы уақытта көрші елден тиімді бағада ұсталған машиналар жаппай тасымалдануы әбден мүмкін», — дейді ол.
Бұл ретте, форум спикері JAC Motors Qazaqstan маркетинг және клиенттерге қызмет көрсету департаменті директоры Нариман Бектұров қазақстандықтар арасында қытайлық брендтерге деген сұраныстың не себепті жоғары екенін түсіндіріп берді.
«Қытай халық үшін тиімді бағада көліктермен қамту мүмкіндігін көріп, нарықты «қолжетімді құнмен» жаулады. Бұдан қорқудың қажеті жоқ. Себебі, қытайлықтар тұтынушылар сұранысын қамтамасыз етуді үйренді, осы күні сапалы құрастырады. Бұдан өзге, машина сату барысында тиімді қаржылық пакеттер де ұсынады, мәселе сонда», — деді Нариман Бектұров.
Ал автомобиль бизнесінің өкілдері бүгінде машиналарға көп көлемде тапсырыс беріп қою өте қауіпті екенін айтады. Сол себепті де жыл соңына дейін сатылым мен сұраныс бойынша нақты болжам жасай алмай отыр. Өйткені, нарыққа жаңа ойыншылар кіріп жатыр. Атап айтсақ, алдағы уақытта Қазақстан нарығына тағы он бес шақты қытайлық автомобиль бренді кірмек ниетте. Яғни, бұл дегеніміз — нарықта үлкен тартыс пен бәсекелестік болатынын білдірсе керек.