Қазақстан экономикасының қалпына келу қарқыны 9 айда 3,4%-ға дейін жеделдеді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Үкімет отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму және 2021 жылғы қаңтар-қыркүйектегі республикалық бюджеттің атқарылу қорытындысы қаралды.
Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Ұлттық Банк төрағасы Ерболат Досаев, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев экономиканың дамуы, ақша-кредит саясаты, республикалық бюджеттің атқарылуы, мемлекеттік сатып алулардағы жергілікті қамту туралы баяндады.
Үкімет басшысы ұлттық экономика сенімді қалпына келу қарқынын көрсетіп отырғанын атап өтті. Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 3,4% құрады. Экономиканы қалпына келтіруге дағдарысқа қарсы уақтылы қабылданған шаралардың арқасында қол жеткізілді.
Экономиканы жеделдетудің негізгі драйвері нақты сектордағы өндірістің тұрақты өсуі болып табылады. Осылайша, өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі 5,7%-ға өсті. Өсім машина жасауда 22,8%-ға, оның ішінде автомобиль жасауда 31,6%-ға, локомотивтер мен вагондар өндірісінде – 50,5%-ға, құрылыс материалдары өндірісінде – 10,1%-ға, фармацевтикада – 38,1%-ға, пластмасса бұйымдары өндірісінде – 31,4%-ға, киім өндірісінде – 14%-ға, жиһаз өндірісінде – 14,9%-ға, дайын металл бұйымдары өндірісінде – 17,2%-ға байқалады.
Қызмет көрсету секторында карантиндік жеңілдіктер аясында сенімді қалпына келтіру байқалады, сауда (+9,3%) және байланыстағы (+13,0%) жоғары динамика есебінен өсу қарқыны 2,9%-ға жетті.
Құрылыс 9,7%-ға өсті. 9 айда елімізде 10,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8%-ға артық.
Инвестициялардың өсуін белсенді қалпына келтіру жалғасып, тау-кен өндірісін есепке алмағанда 2%-ды құрады, өсім 15,1% деңгейінде.
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың жоғары көрсеткіштері құрылыста (+126,3%), өңдеу өнеркәсібінде (+80,6%), саудада (+37,8%), ауыл шаруашылығында (+36,7%), жылжымайтын мүлікпен операцияларда (+18,9%), қаржы қызметінде (+15,6%), ақпарат пен байланыста (+14,3%) байқалды.
Биыл қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша Алматы, Ақмола, Жамбыл, Қостанай облыстары және Шымкент қаласы барлық 7 негізгі макрокөрсеткіш бойынша, Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы 6 көрсеткіш бойынша, Ақтөбе, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстары және Алматы қаласы 5 көрсеткіш бойынша әлеуметтік-экономикалық даму өсімін қамтамасыз етті.
Ең төменгі көрсеткіш Батыс Қазақстан облысына тиесілі. Үкімет басшысы экономиканың өсу қарқынын арттыру және әртараптандыру, инвестициялар тарту және жұмыс орындарын құру, азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тежеу жөніндегі жұмысты күшейтуді, сондай-ақ инфляцияға қарсы ден қою шаралары кешенінің сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.