«ҚазМұнайГаз» қазақстандық мұнайды Әзірбайжан арқылы тасымалдауды арттыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы әзірбайжандық Trend басылымына берген сұхбатында ҚМГ Басқарма төрағасы Мағзұм Мирзағалиев айтты.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың 11 наурыз, дүйсенбіде болатын Әзірбайжанға мемлекеттік сапары аясында біз әріптесім Ровшан Наджафов мырзамен Қазақстан мұнайының Әзірбайжан арқылы транзитінің көлемін бір жарым есе ұлғайту туралы келісімге қол қоюды жоспарлап отырмыз», – дейді Мағзұм Мырзағалиев.

2023 жылдың наурыз айынан бастап Қазақстан Әзірбайжан аумағы арқылы мұнай экспорттай бастады. Мирзағалиевтің айтуынша, бүгінде еліміз айына 120 мың тонна экспорттайды. Келісімге қол қойылғаннан кейін бұл көлем тағы 60 мыңға – айына 180 мың тоннаға дейін ұлғайтылады (салыстыру үшін: Германияға «Дружба» мұнай құбыры арқылы ай сайын 100 мың тонна мұнай жеткізіледі).

Жалпы, ҚМГ мен Әзербайжан мемлекеттік мұнай компаниясы SOCAR арасында Теңіз кенішінен Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбыры арқылы жылына 1,5 млн тонна мұнай тасымалдау туралы келісім бар. 2023 жылы бұл бағыт бойынша 1,4 млн тоннаға жуық мұнай экспортталды.

Бұл ретте ҚМГ мұнайды Баку-Супса мұнай құбыры арқылы экспорттай алады. Оның қуаттылығы жылына 5-6 млн тонна мұнайды құрайды.

«Ровшан Наджафов мырзамен кездесуде біз бір ай ішінде SOCAR бізге Баку-Супса бағыты бойынша, оның ішінде тарифтік саясат бойынша ұсыныстар береді деп келістік», – деді Мирзағалиев.

Сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» басшысы SOCAR-ға геологиялық барлау жобаларын қарастыруды ұсынды.

«Осылайша, біз қазір мұнай және өндіру саласындағы жобаларды дамыту мүмкіндігін зерттеп жатырмыз деп келістік. Сонымен қатар, біз SOCAR-ды Қазақстандағы геологиялық барлаумен байланысты жобаларды қарауға шақырдық. Мен Ровшан Наджафов мырзаға Елбасымыздың тапсырмасы бойынша 2023 жылы жер қойнауын пайдалануға арналған жетілдірілген үлгілік келісімшарт (ЖҮК) заңнамалық тұрғыдан қабылданғанын хабарладым. ЖҮК арқасында геологиялық барлауға, сондай-ақ күрделі кен орындарында өндіруге кірісетін инвесторлар үшін ең жақсы жағдай жасалады», – деді ол.

Сонымен қатар, Мағзұм Мирзағалиев Теңіз кен орнындағы өндірісті кеңейту жобасы 2025 жылы іске қосылатынын атап өтті. Ол мұнай өндіруді жылына 12 млн тоннадан 39 млн тоннаға дейін кеңейтуге мүмкіндік береді.