Қазақстанның ұлттық мұнай-газ компаниясы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ 2023 жылдың өндірістік нәтижелерін жариялап отыр.
2022 жылмен салыстырғанда 2023 жылғы басты өндірістік көрсеткіштер:
- ҚМГ көмірсутектерінің дәлелденген және ықтимал қоры (2P) 3,7%-ға артып, 733 млн тонна м.э. құрады;
- Мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 6,9% өсіп, 23 532 мың тоннаға жетті;
- Мұнай тасымалдау көлемі 7,6% артып, 80 359 мың тоннаға жетті;
- Қазақстандық және румындық мұнай өңдеу зауыттарында көмірсутек шикізатын (КСШ) өңдеу көлемі 19 900 мың тоннамен салыстырғанда 19 593 мың тонна болды.
Көмірсутек шикізатының қорлары
DeGolyer&MacNaughton халықаралық тәуелсіз компаниясы жүргізген, PRMS халықаралық стандарттары бойынша дайындаған аудитіне сай 2023 жылдың 31 желтоқсанында ҚМГ көмірсутектерінің дәлелденген және ықтимал қоры (2P) 733 млн тонна м.э. (5 680 млн барр. м.э.) құрады. 2022 жылмен салыстырғанда 2Р қорының деңгейі 3,6% өсті.
Көмірсутек шикізатын өндіру
ҚМГ-нің мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 2023 жылы 6,9% ұлғайып, 23 532 мың тоннаға (тәулігіне 486 мың барр.) жетті. Ілеспе және табиғи газды өндіру көлемі (кері айдау көлеміне дейін) 14,8%, яғни 9 460 млн м3 дейін ұлғайды.
Теңіз кен орнында мұнай өндіру өндіру көлемі 1,0% төмендеп, 5 779 мың тоннаны (тәулігіне 126 мың барр.) құрады. Өндірістің төмендеуіне мұнай құбырына жоспарлы техникалық қызмет көрсету кезінде Каспий құбыр консорциумы жүйесінің мұнайды қабылдауын тоқтатуы және 2023 жылдың төртінші тоқсанында қолайсыз метеожағдайларға байланысты теңіз терминалы жұмысының тоқтауы себеп болды. Ілеспе газ өндіру 0,9% қысқарып, 3 202 млн м3 құрады.
Қашағанда ҚМГ үлесіне тиесілі мұнай өндіру көлемі 121,8% өсім көрсетіп, 3 108 мың тоннаға (тәулігіне 68 мың барр.) жетті. Газ өндіру көрсеткіші 1 963 млн м3 болып, 123,8% ұлғайды. Негізінен өндірістің өсуіне 2022 жылғы қыркүйекте «Самұрық-Қазына» АҚ-тан «ҚМГ Қашаған Б.В.» ЖШЖК 50% үлесін кері сатып алу жөніндегі мәміленің аяқталуы нәтижесінде ҚМГ үлесінің 8,44%-дан 16,88%-ға дейін ұлғаюы, сондай-ақ 2022 жылы жазда өндіруді тоқтату және теңіз бен жерүсті кешендеріне күрделі жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу себеп болды.
Қарашығанақта мұнай мен конденсат өндіру 7,1% артып, 1 086 мың тоннаға (тәулігіне 23 мың барр.) жетті. Газ өндіру 15,1% артып, 2 239 млн м3 құрады. Орынбор газ өңдеу зауытының шикі газды қабылдау мүмкіндігінің артуы мұнай және конденсат өндіру көлемінің ұлғаюына әкелді.
Мұнай тасымалдау
Магистральды құбырлар мен теңіз арқылы мұнайды тасымалдаудың жалпы көлемі 7,6%, яғни 80 359 мың тоннаға дейін ұлғайды.
Мұнайды магистральды құбырлар арқылы тасымалдау көлемі 6,5% ұлғайып, 69 581 мың тоннаға жетті. Өсім ҚазТрансОйл жүйесі рқылы мұнайды Германия бағытында экспортқа тасымал көлемінің ұлғаюымен, Ақтау порты арқылы Баку-Тбилиси-Джейхан бағытында мұнайды тиеп жөнелтуімен, сондай-ақ Қашаған кен орнынан Каспий құбыр консорциумы жүйесіне мұнайды тапсыру көлемінің ұлғаюмен байланысты болды.
Мұнайды теңіз арқылы тасымалдаудың жалпы көлемі есепті жылы 15,4%, яғни 10 778 мың тоннаға дейін ұлғайды. Тасымалдау көлемінің өсуіне негізінен Қазақстан мұнайын Ақтау порты - Баку порты бағыты және одан әрі Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбыры арқылы экспортқа шығару көлемінің ұлғаюы себеп болды.
Көмірсутек шикізатын сату
ҚМГ өндірген мұнай мен газ конденсатын өткізу көлемі 7,1% ұлғайып, 23 695 мың тоннаға жетті, оның 64,9%-ы экспортқа жөнелтілді.
2022 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда КСШ өңдеудің жалпы көлемі 1,5% азайып, 19 593 мың тоннаны құрады.
Қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары 12 951 мың тонна мұнай өнімдерін өндірді, бұл ПҚОП зауытында жүктеменің азаюның салдарынан 2022 жылғы көрсеткіштерден 1,3% аз.