«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы 2025 жылы 231,6 млн теңге таза пайда тапты. Бұл 2024 жылғы қайта қаралған 5,3 млрд теңге шығынмен салыстырғанда оң нәтиже.
Қаржылық есептілік депозитарийінің деректеріне сәйкес, компанияның кірісі 11,9%-ға төмендеп, 13,6 млрд теңгені құрады. Ал сату құны 10,3% өсіп, 15,9 млрд теңгеге жетті. Соның салдарынан жалпы шығын 2,3 млрд теңге болды. Сонымен қатар операциялық шығын 2,8 есеге артып, 4 млрд теңгеге жеткен.
Соған қарамастан, компания таза пайдаға шықты. Бұған өзге кірістердің төрт есеге өсуі және басқа шығындардың 70% қысқаруы әсер еткен.
2024 жылғы есеп қайта қаралды
«ҚазАвтоЖол» 2024 жылға арналған қаржылық нәтижелерін де қайта есептеген. Бұған дейін жарияланған есепте компанияның таза пайдасы 40,8 млрд теңге деп көрсетілсе, кейін ол 5,3 млрд теңге шығынға өзгертілді.
Компания мұны сенімгерлік басқару шарттары бойынша мәмілелерді есепке алу тәсілінің өзгеруімен және корпоративтік табыс салығына енгізілген түзетулермен түсіндірді. Соның нәтижесінде 45,6 млрд теңге көлемінде резерв қалыптастырылып, бұл 2024 жылғы қаржылық нәтижені айтарлықтай нашарлатқан.
Активтері 2,43 трлн теңгеге жетті
2025 жылдың қорытындысы бойынша:
Активтері 27,8% өсіп, 2,43 трлн теңгені құрады;
Міндеттемелері 29,8% артып, 2,41 трлн теңгеге жетті;
Меншікті капиталы шамамен 50% өсіп, 21,7 млрд теңгені құрады;
Жабылмаған шығын 1,7% азайып, 13,1 млрд теңге болды.
Ақылы жолдардан түскен кіріс өсті
Бұған дейін «ҚазАвтоЖол» басқарма төрағасы Дархан Иманашев 2025 жылы ақылы жолдардан түскен түсім 87 млрд теңгеге жеткенін мәлімдеген еді. Бұл 2024 жылғы 48 млрд теңгемен салыстырғанда едәуір жоғары.
Ал қаржылық есептің түсіндірме жазбасында сенімгерлік басқарудағы ақылы жолдар бойынша 2025 жылғы кіріс 85,1 млрд теңге, өндірістік шығын 39,7 млрд теңге болғаны көрсетілген.