«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ-ның Директорлар кеңесі «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) алаңында орналастырылатын «ANU Energy OEIC Ltd.» табиғи уран қорына қатысатыны туралы шешім қабылдағанын хабарлайды.
Қордың мақсаты – уранды ұзақ мерзімді инвестиция ретінде сақтау, ал бастапқы сатып алу Қор құрылтайшыларының 50 миллион АҚШ доллары мөлшеріндегі бірлескен инвестициялары есебінен жүзеге асырылады.
Қордың инвесторлары: Қазатомөнеркәсіп – 48,5%, «Қазақстан Ұлттық Банкінің Ұлттық инвестициялық корпорациясы» АҚ – 48,5% және 3%-ды иеленетін Genchi Global Limited («Қор менеджері»).
Қордың операциялық қызметі басталғаннан кейін оны дамытудың екінші кезеңі шеңберінде уранның қосымша көлемін сатып алу мақсатында жария немесе жеке орналастыру арқылы 500 миллион АҚШ долларына дейінгі мөлшерде институционалдық және/немесе жеке инвесторлардан қосымша инвестициялар тарту көзделеді, бұл ретте орналастыру параметрлері мен мерзімдері нарықтық шарттармен айқындалатын болады.
«Қор Қазатомөнеркәсіптің уран нарығындағы тәжірибесін және ҰИК-тің сенімді инвестициялық тарихын біріктіріп, АХҚО құралдарының арқасында инвесторларға уран нарығы мен атом өнеркәсібінің тартымды ұзақ мерзімді іргелі мүмкіндіктеріне тікелей қол жеткізуге жол ашады, - деді Қазатомөнеркәсіптің Басқарма төрағасы Мәжит Шәріпов. – Компания барлық мүдделі тараптар үшін ұзақ мерзімді нарықтық құндылықты құруға бағытталған өзінің кеңейтілген стратегиясы шеңберінде ANU Energy жобасы бойынша төрт жылдай жұмыс істеген болатын, ал Қорды құрудың уран нарығында қысқарып бара жатқан ұсыныс жағдайында жүзеге асырылуы барлық стейкхолдерлерге елеулі пайда әкеледі».
Таза энергия көздеріне, оның ішінде төмен көміртекті және минималды климаттық әсер артықшылықтарына ие атом энергетикасына жаһандық қарқынды назар аударылуы уран өнеркәсібі үшін сенімді инвестициялық тезис болып табылады. Алайда, соңғы уақытта бірқатар халықаралық және аймақтық инвесторлар тарапынан қызығушылықтың артуына қарамастан, табиғи уранға қол жеткізу екі уран қорымен шектелген болатын, олардың бірі Канададағы Торонто Қор Биржасында, ал екіншісі Лондондағы AIM Exchange (Лондон қор биржасының бөлігі) қор биржасында. АХҚО алаңында құрылған ANU Energy қоры дамушы нарықтарға инвестицияларын бағыттайтын, әсіресе экология, әлеуметтік жауапкершілік және корпоративтік басқару (ESG) мәселеріне және таза энергияға назар аударатын инвесторлардың әртүрлі санаттарына, сондай-ақ шикізат қорларына, тәуелсіз қорларға және мемлекеттік кәсіпорындарға ықтимал тікелей қолжетімділікті қамтамасыз ететін алғашқы уран қорына айналады.
Anu Energy – тәуелсіз компания, ал Қордың білікті Директорлар кеңесі уран қорларын жауапты басқаруды жүзеге асыру мақсатында корпоративтік басқаруды қамтамасыз ететін болады.