Global Firepower әскери қуатының деңгейі бойынша елдердің рейтингінде Қазақстан 145 елдің ішінде 63-орында. Елдің индексі 1,0873. Көрсеткіш неғұрлым жоғары болса, мемлекеттің әскери қуаты соғұрлым жоғары деген сөз, деп хабарлайды finprom.kz.

Рейтинг сарапшылары 60 түрлі факторды бағалады, оның ішінде қорғаныс шығындарының деңгейі, техника мен құрылғының арсеналы, әскердің көлемі, танктердің, кемелердің, ұшақтардың және басқа да әскери техникалардың саны, мұнай, көмір және т.б. ресурстарға қолжетімділік. Бұлар әскердің жауынгерлік қабілетіне әсер етеді. Бұл ретте ядролық қарудың болуы факторы ескерілмеді.

Әскери қуаты ең жоғары елдер – АҚШ, Ресей және Қытай. Бутан рейтингтің ең соңында.

ТМД елдерінің ішінде Ресейден басқа Қазақстан Украина*, Әзірбайжан, Беларусь және Өзбекстаннан төмен. Рейтингте Қазақстаннан төмен Түркіменстан, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан және Молдова орналасқан.

Қазақстаннан жоғары тұрған ТМД елдерінің ішінде Ресей қорғаныс саласына 82,6 млрд АҚШ долларын, Украина 30 млрд АҚШ долларын, Әзірбайжан 3,1 млрд АҚШ долларын жұмсайды. Бұл ретте Беларусь пен Өзбекстанның бюджеті Қазақстандағыдан бірнеше есе төмен болып шықты: Қазақстанда 2,6 млрд АҚШ доллары болса, аталған екі елде тиісінше 723,1 млн және 692,5 млн АҚШ доллары.

Global Firepower сарапшыларының мәліметінше, ҚР авиациясында 237 ұшатын құрал, соның ішінде 75 жауынгерлік тікұшақ, ал ұшақтардың ішінде — 39 шабуылдаушы ұшақ, 81 жойғыш, 17 көлік және 25 оқу-жаттығу ұшағы. Елдің құрлықтағы күштерінде 300 танк, 5200 бронды тасымалдаушы, 246 өздігінен жүретін артиллериялық қондырғы, 456 сүйретілетін артиллериялық қондырғы және 407 көп реттік зымыран жүйесі бар.

Әскери қызметкерлердің жалпы саны 77 мың адамды құрайды, оның 45 мыңы белсенді әскерилер, 32 мыңы әскерилендірілген құрамаларға жатады.

Биыл қаңтар айында мемлекеттік басқару, қорғаныс және міндетті әлеуметтік қамсыздандыру салаларындағы негізгі капиталға салынған инвестиция 10,6 млрд теңгеге жетіп, бір жыл бұрынғыдан 24,1 есе көбейді.

Жалпы, 2022 жылдың 12 айында бұл көрсеткіш 161 млрд теңгені құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 2,2 есе артық.

Өңірлер бойынша биыл қаңтар айында ең көп инвестиция Маңғыстау облысына түсті: 4,6 млрд теңге. Екінші және үшінші орында Абай және Түркістан облыстары: тиісінше 2,8 млрд және 2,7 млрд теңге.

Сектордың негізгі капиталына салынған инвестициялар портфеліндегі қаражаттың басым бөлігі банктік емес қарыз: 10,5 млрд теңге немесе бірден бүкіл портфельдің 98,6%-ы.

Жергілікті бюджет есебінен инвестиция 31,5 млн теңгені, кәсіпорындардың өз қаражаты есебінен 120,8 млн теңгені құрады.