Қазақстандық қонақ үйлер биылғы жылдың бірінші тоқсанында 43 млрд теңге табыс тапты, деп хабарлайды Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.

«Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6 есеге көп. Салыстыру үшін: 2022 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанның орналастыру орындары 26,3 млрд теңгеге қызмет көрсетті. 2023 жылдың қаңтар-наурыз айлары аралығында 228 мың шетелдік қонақ тұру орындарында болды», - делінген министрлік хабарламасында.

Жыл басында Қазақстандағы қонақүйлердің саны 4 мыңды, ал олардың жалпы сыйымдылығы 203 мыңнан астам төсек-орынға жеткен.

Отандық және шетелдік туристер санының артуына байланысты қонақүй қызметінің көлемі де артты. Мәселен, жыл басынан бері Қазақстанға келген шетелдіктер үш есе артты. Атап айтқанда, Қытайдан – 8,5 есе, Үндістаннан – 4,7 есе, Оңтүстік Кореядан – 3,8 есе, Ираннан – 3,8 есе, Германиядан – 3 есе, АҚШ-тан – 2,2 есе көбейді.