2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторын 21 екінші деңгейдегі банк құрайды, оның ішінде 12-і шетел қатысатын банк, оның ішінде 9 еншілес банк.

Банк секторының активтері ағымдағы жылғы қазанда 1,5%-ға немесе 0,6 трлн теңгеге ұлғайып, 2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 42,4 трлн  теңгені құрады (жыл басынан бері өсім - 12,6% немесе 4,7 трлн теңге). 2022 жылғы қазандағы активтердің өсуі несие портфелінің 1,8%-ға немесе 410 млрд теңгеге ұлғаюы нәтижесінде орын алды.

Өтімділігі жоғары активтер 13,0 трлн теңгені немесе активтердің 30,8%-ын құрады, бұл банктерге клиенттер алдындағы өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Экономикаға кредиттер 2022 жылғы қазанда 1,8%-ға өсіп, 21,5 трлн теңгені құрады (жыл басынан бері өсім – 16,1% немесе 3,0 трлн теңге).

Ұлттық валютадағы кредиттер 2022 жылғы қазанда 2,0%-ға  19,7 трлн теңгеге дейін ұлғайды, шетел валютасындағы кредиттер 0,7%-ға 1,8 трлн теңгеге дейін төмендеді.

Заңды тұлғаларға кредиттер 2022 жылғы қазанда 0,8%-ға ұлғайып, 8,1 трлн теңгені құрады. Бұл ретте ағымдағы жылдың басынан бері осы көрсеткіштің өсуі 4,4%-ды құрады (2021 жылғы осындай кезеңде – 2,4%-ға өсті).

Дара кәсіпкерлерді қосқандағы бизнес субъектілерінің жиынтық кредиттері 2022 жылғы қазанда 1,1%-ға ұлғайып, 9,0 трлн теңгені құрады (2022 жылдың басынан бері – 6,4%-ға).

ШОБ субъектілеріне қарыздар 1,2%-ға 5,7 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2022 жылдың басынан бері – 8,1%-ға), ірі бизнеске қарыздар – 1,0%-ға 3,3 трлн теңгеге дейін (2022 жылдың басынан бері – 10,7%-ға). Бұл ретте жыл басынан бері қарыз алушы – ШОБ субъектілерінің саны 63,0%-ға өсіп, 272,9 мың қарыз алушыға жетті.

2022 жылғы қазанда бизнес субъектілеріне 1,0 трлн теңге сомасына жаңа қарыздар берілді. Бұл ретте жыл басынан бері бизнеске 10,1 трлн теңге сомаға жаңа қарыздар берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,1%-ға артық (9,2 трлн теңге).

Салалар бойынша заңды тұлғаларға берілген кредиттердің негізгі үлесі өнеркәсіпке (34,4%), саудаға (21,3%), құрылысқа (7,5%) және көлікке (5,7%) тиесілі.

Жеке тұлғаларға кредиттер 2022 жылғы қазанда 2,5%-ға ұлғайып, 13,4 трлн теңгені құрады (ағымдағы жылдың басынан бері 24,6%-ға өсті).

Жеке тұлғаларға кредиттердің өсуіне жеңілдетілген мемлекеттік ипотекалық бағдарламаларды іске асыруды жалғастыру нәтижесінде ипотекалық кредиттеудің 3,9%-ға 4,4 трлн теңгеге дейін ұлғаюы, сондай-ақ тұтынушылық қарыздардың 1,5%-ға 7,3 трлн теңгеге дейін өсуі себеп болды.

2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша банк секторы бойынша мерзімі өткен берешегі 90 күннен асатын (NPL90+) қарыздарының деңгейі жалпы несие портфелінің 3,7%-ын немесе 836 млрд теңгені құрады (2022 жылғы 1 қаңтарда - 3,3% немесе 669 млрд теңге).

ШОБ-ты ескере отырып заңды тұлғалардың портфелінде NPL90+ деңгейі 3,6%-ды немесе 365 млрд теңгені, жеке тұлғалардың портфелінде - 3,8%-ды немесе 471 млрд теңгені құрады. Жұмыс істемейтін қарыздарды провизиялармен жабу жоғары деңгейде сақталады және 75,6%-ды құрайды.

Банктердің меншікті капиталы ағымдағы жылғы қазанда 2,3%-ға   5,1 трлн теңгеге дейін өсті. 2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 18,0%-ды, меншікті капитал (к2) – 21,2%-ды құрады, бұл заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір асып түседі және банк секторындағы ықтимал тәуекелдерді жабуды қамтамасыз етеді.

Банк секторының міндеттемелері 2022 жылғы қазанда клиенттердің салымдарының 2,6%-ға 30,2 трлн теңгеге дейін ұлғаюы нәтижесінде 1,4%-ға 37,3 трлн теңгеге дейін өсті (міндеттемелер құрылымындағы үлесі 81%). Ағымдағы жылдың басынан бері банктердің міндеттемелері                  12,7%-ға өсті.

Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттері 2022 жылғы қазанда 2,9%-ға 30,0 трлн теңгеге дейін ұлғайды (жылдың басынан бері өсім - 10,7%). Заңды тұлғалардың депозиттері 4,1%-ға 15,9 трлн теңгеге дейін, жеке тұлғалардың депозиттері - 1,5%-ға 14,1 трлн теңгеге дейін ұлғайды.

Ұлттық валютадағы депозиттер 2022 жылғы қазанда 3,4%-ға 19,4 трлн теңгеге дейін, шетел валютасында депозиттер - 2,0%-ға 10,6 трлн теңгеге дейін өсті. Нәтижесінде 2022 жылғы 1 қарашадағы  жағдай бойынша долларлану деңгейі 2022 жылдың басындағы 36,0%-бен салыстырғанда 35,3%-ды құрады.

Базалық мөлшерлеменің артуы аясында қорландыру құны ұлғаяды. Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2022 жылғы қыркүйекте  13,6%-ды (2021 жылғы желтоқсанда – 7,4%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша – 12,6%-ды (2021 жылғы желтоқсанда – 8,0%) құрады.