Қазақстандағы балық нарығы бес жылда бір жарым есе өсті. 2022 жылы еліміздің ішкі нарығында 83,8 мың тонна балық, шаянтәрізділер және моллюскалар сатылды. Салыстыру үшін: 2017 жылы бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен болды: небәрі 58,3 мың тонна.
Соңғы бес жылдағы нарық көлемі әр қилы құбылды. 2017-2019 жылдары қазақстандықтар шамамен жыл сайын бірдей 50 мың тоннадан сәл астам балық сатып алды. Пандемияның бірінші жылында көрсеткіш екі еседен артық өсіп, 112 мың тоннаны құрады. Келесі екі жылда бұл көрсеткіштер тағы төмендеп, 80 мың тоннадан астам болды.
Осы жылдар ішінде нарық тек халық саны өзгергендіктен ғана емес, сонымен бірге жан басына шаққандағы тұтыну көлемінің артуы есебінен де өсті. ҚР Ұлттық статистика бюросының іріктемелік зерттеулерінің нәтижелеріне сүйенсек, соңғы бір жылда әрбір қазақстандық орта есеппен 14,1 килодан астам балық пен теңіз өнімдерін тұтынған. Бұл бес жыл бұрынғы көрсеткіштен 31,9% артық – ол кезде орташа тұтыну көрсеткіші жылына бір адамға 10,7 кило болды.
Айтпақшы, бесжылдықтағы жылдық тұтынудың максималды көлемі пандемияның бірінші жылында тіркелді: жылына жан басына шаққанда 15,1 кило.
2020 жылдың ең жоғары көрсеткішінің өзі де бір адамға 20,5 кило болатын әлемдік орташа көрсеткішке жетпейді. Былтыр БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (FАО) дүниежүзілік балық шаруашылығы мен су шаруашылығы жағдайы туралы есебін жариялады. Онда соңғы жылдары дүние жүзінде балық тұтыну өскені айтылған. Бірақ өсу қарқыны әр елде әртүрлі болды. Олар су нысандарына жақындығына, бағалар мен кірістердің айырмашылығына, әртүрлі тамақтану дәстүрлеріне және тұтынушылардың қалауына байланысты.
2019 жылы FАО сарапшылары әлемнің 227 елінде балық тұтыну деңгейіне зерттеу жүргізіп, бұл мемлекеттерді төрт үлкен топқа бөлді. Табысы жоғары аймақтарда тұрғындар жылына 26,5 кило балық тұтынса, табысы азыроақ елдерде 5,4 кило балық тұтынады екен. 14,6 кило көрсеткішпен Қазақстанды (ҚР СЖРА ҰСБ деректері) үшінші топқа – табысы ортадан төмен елдерге жатқызуға болады. Айта кету керек, ҚР Ұлттық статистика бюросының көрсеткіштері FАО-ның Қазақстан туралы деректерінен басқаша. Ұйымның сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, ҚР тұрғындары жылына 5 килодан аз балық жейді екен. Бұл жағдайда елімізді ең кедей елдер тобына жатқызуға болады.
Қазақстандықтардың теңіз өнімдеріне өсіп келе жатқан сұранысын қалай қанағаттандыра алды? Ол үшін балықшылар да, балық өсірушілер де еңбек етті. ҚР СЖРА Ұлттық статистикалық бюросының деректері Қазақстанда 2022 жылы балық өндіру (табиғи аулау және жасанды өсіру есебінен) 2017 жылмен салыстырғанда 53,4%, 38,5 мың тоннадан 59 мың тоннаға дейін өскенін көрсетеді.
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, 2022 жылдың аяғында елімізде 380 балық шаруашылығы жұмыс істеп тұрған. Оның үштен бірі Арал-Сырдария бассейніне (Түркістан және Қызылорда облыстары) тиесілі.
Импорт та соңғы бес жылда өсуде, тұрақты түрде жылына 2-3 мың тоннаны қосып отыр. Нәтижесінде 2022 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында шетелдік компаниялар Қазақстанға 50,5 мың тоннадан астам балық пен теңіз өнімдерін әкелді.
Кедендік статистика Қазақстанның басқа елдерден қандай теңіз өнімдерін сатып алатынын көруге мүмкіндік береді. Мәселен, былтыр импортталған теңіз өнімдерінің ең көп көлемі ақсерке мен Дунай албыртына тиесілі. Мұндай мұздатылған ақсеркенің 8,4 мың тоннасы үшін қазақстандық гурмандар 60,9 млн АҚШ долларын төлеген. Айтпақшы, дағдарысқа қарамастан, 2022 жылы Қазақстанға осы албырт импортының көлемі 13,5%, ақшалай түрде 38,1% өсті. Негізгі жеткізушілер Норвегия мен Чили.
Қазақстандықтар арасында импорттық балықтардың танымалдығы бойынша екінші орынды майшабақ алады. Оның 6,5 мың тоннадан астамы бір жылда елге әкелінді (2021 жылмен салыстырғанда өсім 45,5%). Үшінші орында скумбрия, бұл балықтың жеткізілімі 4,5 мың тоннаны құрады, бұл бір жыл бұрынғыдан 24,6% аз.
Экспорттау деректері соншалықты егжей-тегжейлі емес. ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпаратына сүйенсек, Қазақстанның балық экспортының негізін мұздатылған тұщы су балығының филесі құрайды. 2022 жылы 7,8 мың тоннаға жуық осындай тазартылған және ішектері тазартылған балық Германия, Литва, Нидерланды және басқа да Еуропа елдеріне жөнелтілді. МКК статистикасы олардың қай тұщы су балығы екенін көрсетпейді. Бірақ ҚР премьер-министрінің сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, Еуропадағы басты қазақстандық бренд көксерке филесі екен.