Қазіргі заманда кез келген елдің тұрғындарының негізгі қажеттіліктерінің бірі басында баспанасының болуы. Мемлекет халықтың әлеуметтік осал топтарын қолайлы тұрғын үймен қамту арқылы Қазақстан халқының әл-ауқатын жақсартуды үнемі назарда ұстап келеді, деп хабарлайды Finprom.kz.
Қазақстан Республикасында қазіргі уақытта жеңілдетілген мемлекеттік тұрғын үй алу кезегінде 614,7 мың адам тұр. Олардың қатарында I және II топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар және оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, Ұлы Отан соғысына қатысушылар, созылмалы ауруының ауыр түрімен ауыратындар, жасы бойынша зейнеткерлер, жетім балалар, көп балалы отбасылар, отбасы мүшелері мемлекеттік және қоғамдық міндеттерді орындау кезінде қаза тапқандар және т.б. бар. Жеңілдікті баспанаға мұқтаждар арасында ең көп үлесті дәл ХӘОТ (40%) мен мемлекеттік қызметкерлер (35,3%) құрайды.
Дегенмен азаматтардың көпшілігі мемлекеттік баспана алу кезегін жылдар бойы күтуге мәжбүр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, кезекте тұрғандар саны жылдан жылға тұрақты қарқынмен өсіп келеді. Олардың саны 2016 жылдан бері 68,1%, яғни 365,6 мыңнан 614,7 мыңға дейін өсті. Ең көп өсім 2017 жылы байқалды, онда кезекте тұрғандар саны 62,8 мың адамға немесе 17,2% өсті. Қарастырылып отырған кезеңде кезекте тұрғандар санының жыл сайынғы өсімінің орташа мәні 11%. Сонымен қатар, осы уақыт аралығында небәрі 61 мың адам баспанамен қамтылған.
Кезекте тұрғандарды жеңілдетілген баспанамен қамтамасыз ету көрсеткішінің төмен болуының негізгі себебі мемлекеттік тұрғын үй құрылысының жеткіліксіздігі. 2016-2022 жылдар аралығында 10,7 млн шаршы метр қолжетімді баспана пайдалануға берілді. Бір пәтердің орташа ауданы 60 шаршы метрді құрайды десек, осы уақытта шамамен 177,6 мың пәтер немесе жыл сайын орта есеппен 25-30 мың пәтерге дейін салынған. Көріп отырғанымыздай, бұл сан жыл сайын кезекке жаңадан қосылып жатқандардан да аз.
Кезекте тұрғандар санының қарқынды өсуі мен қолжетімді тұрғын үй құрылысының жеткіліксіз көлемінен басқа, мемлекеттік тұрғын үйлердегі алыпсатарлық жағдайды одан сайын қиындатады. Мемлекеттік тұрғын үйлердің бағасы нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен болғандықтан, пәтерлерді кезектен тыс заңсыз алып, оны қымбатқа сату фактілері де орын алуда.
Khabar.kz хабарлауынша, Қарағанды облысында 1200 адам баспанаға заңсыз кезекке тұрған. Шығыс Қазақстан облысында да 600 мемлекеттік қызметкер баспанаға кезекке заңсыз тұрған. Бұл шынымен мұқтаж адамдардың пәтер алуына кедергі болды.
Заңсыз кезекке тұру мемлекеттік тұрғын үй жүйесіндегі жалғыз мәселе емес. Сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үйлерді үшінші тұлғаларға жалға беру, мемлекеттік бағдарламалар бойынша пәтерлерді заңсыз бөлу, жеңілдетілген тұрғын үйлерді нарықта қымбат бағамен сату фактілері орын алған. Осылайша, мемлекеттік қолдау шашыраңқы болып, жеңілдетілген пәтерлерді шын мұқтаж емес азаматтар алып жатыр.
Мұндай мәселелерді шешу үшін мамандар мен кәсіби орта Сингапур тәжірибесін мысалға келтіреді. Онда баспана кезегіндегі мәселе салыстырмалы түрде қысқа мерзімде шешілді. Сингапурдағы мемлекеттік тұрғын үй 99 жылдық жалдау шарты бойынша Тұрғын үй және даму кеңесінің (HDB) басқаруында болады. Жылжымайтын мүлікті тек Сингапур азаматтарына сату мүмкіндігімен ұзақ мерзімді жалға беру нарықта көпіршік туындау қаупін азайтады. Сингапур халқының 80%-дан астамы HDB салған пәтерлерде тұрады, 2021 жылы мұндай пәтерлердің саны шамамен 1,1 млн болды.
Пәтерді сатып алудың ең оңай жолы — HDB арқылы тікелей тапсырыс беру. Осы жылдар ішінде баспананы сату бойынша түрлі бағдарламалар жүзеге асырылды. 2001 жылы іске қосылған қазіргі бағдарлама тапсырыс бойынша салу (build to order — BTO) деп аталады. Бұл бағдарлама беретін бұрынғы баланстағы пәтерлерді сатуға, BTO-ның алдыңғы сатылмай қалған пәтерлерді, ескі пәтерлерді айырбастайтын SERS жобасындағы пәтерлерді және HDB меншігіне қайтқан пәтерлерді сату сатуға мүмкіндік (Sale og Balance Flats — SBF) бағдарламасымен қатар жүреді. SERS ба5дарламасының барлық блоктары бойынша қайта құру схемасы ескі тұрғын үй кешендерін жаңартуға бағытталған. Егер адам SERS тұрғыны болса, жаңа 99 жылдық жалдау шартымен жаңа үйге көшу мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар SERS пәтер иелеріне өтемақы және қоныс аудару бойынша жеңілдіктер мүмкіндігін ұсынылады.
Сингапурда қолжетімді баспананың жабық экожүйесі құрылды, онда азаматтардың жекелеген санаттары ғана жеңілдікті жылжымайтын мүлікті алады. Олардың тұрғын үйді сату мүмкіндігі бар, бірақ тек осы экожүйе ішінде ғана болады, тиісінше алыпсатарлыққа жол берілмейді. Сонымен қатар, Сингапурда халықтың бірдей мұқтаж санаттары үшін жеке тұрғын үйдің қайталама нарығы бар, онда пәтерді сатуға немесе жалға беруге болады.
Сингапур тәжірибесі ҚР үшін нарықты екі бөлікке бөлетін тұрғын үй қатынастарын, атап айтқанда жеілдетілген мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары мен жек құрылыс компаниялардың нарықтық тұрғын үй саудасын екіге бөлуге үлгі боларлық. Бұл модель мемлекеттік тұрғын үйді тек жабық нарықта бекітілген бағалар бойынша, жеке тұрғын үйге қатысты қолданылатындардан өзгеше заңдар мен саясаттардың жеке жиынтығын ескере отырып сатуға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл мол сұранысты қанағаттандыру үшін мемлекеттік тұрғын үйді «жинақтауға» мүмкіндік береді. Бұл саясат Сингапурға үймен қамтылу деңгейінің 91%-ға жеткізуге көмектесті, бұл әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
Сондай-ақ, сала мамандарының пікірінше, біздің елімізде де тұрғын үй нарығын бөлудің ұқсас үлгісін енгізу кезекте тұрған адамдарды баспанамен қамтамасыз етуді жеделдетуі мүмкін. Бөлінген нарықта кезекте тұрған адам алған мемлекеттік тұрғын үйді қалаған уақытында жабық нарықта кезекте тұрған сол адамға ғана сата алады. Сонымен қатар, бұл нарықтағы баға мен басқа да жағдайларды жекелеген заңнамалық актілер реттелетін болады. Осылайша, қолжетімді баспананы алыпсатушылар азайып, тұрғын үйге шынымен мұқтаж азаматтарды көбірек баспанамен қамтылуға мүмкіндік тумақ.