Сәуір айының қорытындысы бойынша, теңге бағамы 1,1%-ға, яғни 1 АҚШ доллары үшін 442,05 теңгеге дейін нығайды. Қазақстан қор биржасында сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 225 млн АҚШ долларынан 234 млн АҚШ долларына дейін ұлғайды. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 5,1 млрд АҚШ долларын құрады.
Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін сәуірде 1 056 млн АҚШ долларына валюта сатылды. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 21%-ын және күніне 48 млн АҚШ долларынан аспайтын мөлшерді құрады. Ұлттық Банк Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде нарықтағы бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын біркелкі қалыпта сатуды білдіреді. Мұндай тәжірибе Ұлттық қордағы операциялардың валюта нарығына әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді.
Ұлттық Банк сәуірде БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру мақсатында биржадағы сауда-саттықта шетел валютасын сатып алуды жалғастырды. Оның жалпы сомасы 500 млн АҚШ долларын немесе нарықтың жалпы көлемінің шамамен 10%-ын құрады.
Ұлттық Банк сәуірде валюталық интервенциялар жүргізген жоқ.
Республикалық бюджетке трансферттер бөлуге Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдері бойынша 2024 жылғы мамырда Ұлттық Банк Ұлттық қордан 750 млн АҚШ долларынан 850 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатылуын күтеді.
2024 жылғы мамырда БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін ұстап тұру үшін 450 млн АҚШ долларынан 500 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатып алу көзделген.
Ұлттық Банк ашықтық қағидаты аясында валюта нарығында жүргізілетін барлық операция туралы ақпаратты толық ашып көрсетеді. Қысқамерзімді перспективада теңгенің динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады. Ұлттық Банк теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстана береді.