2024 жылғы наурызда екінші деңгейдегі банктер экономикаға берген кредиттер 0,9%-ға 28,7 трлн теңгеге дейін (2024 жылдың басынан бері 2,7%-ға өсу), оның ішінде ұлттық валютада 0,8%-ға 26,5 трлн теңгеге дейін, шетел валютасында 2,1%-ға 2,2 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Нәтижесінде кредиттердің теңгемен үлес салмағы 2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 92,3%-ды құрады.
Бизнес субъектілеріне берілетін кредиттер 2024 жылғы наурызда 0,3%-ға 11,1 трлн теңгеге дейін азайды (2024 жылдың басынан бері 0,9%-ға төмендеу). Олардың құрылымында заңды тұлғаларға берілетін кредиттер 0,9%-ға 9,5 трлн теңгеге дейін азайды (2024 жылдың басынан бері 2,3%-ға төмендеу). Оның ішінде ШОБ субъектілеріне қарыздар 1,2%-ға 5,5 трлн теңгеге дейін, ірі бизнеске қарыздар 0,5%-ға 4,0 трлн теңгеге дейін азайды. Сонымен қатар, дара кәсіпкерлерге берілген кредиттер 2024 жылғы наурызда 3,0%-ға 1,7 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2024 жылдың басынан бері 8,0%-ға өсу).
Биыл наурызда бизнесті несиелендірудің төмендеуі ірі қарыз алушылардың қолданыстағы қарыздарын өтеуге, баланстан тыс шоттарға проблемалық несиелерді есептен шығаруға байланысты болды. Теңге бағамының АҚШ долларына қатысты 0,8%-ға нығаюына байланысты валюталық кредиттерді теріс қайта бағалау да елеусіз әсер етті.
2024 жылғы наурызда бизнес субъектілеріне 1,3 трлн теңге сомасына жаңа қарыздар берілді, бұл 2023 жылғы наурызбен салыстырғанда 12,3%-ға артық (2024 жылдың басынан бері 3,9 трлн теңге берілді, бұл 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 30,6%-ға артық).
Өткен жылдың ұқсас кезеңдерімен салыстырғанда жаңа қарыздар беру көлемінің өсуіне қарамастан, бизнеске кредиттер көлемі ұлғаймайтынын атап өту маңызды, өйткені 2023 жылы жаңа қарыздар беруде жоғары ставкалар жағдайында кәсіпкерлерге негізінен қысқа мерзімді қарыздар басым болды (1 жылға дейін) – 8,9 трлн теңге немесе берілген қарыздардың жалпы көлемінің 57,3%, оларды өтеу ағымдағы жылға тиесілі. Осылайша, жаңа қарыздар берудің әсері бұрын берілген қысқа мерзімді қарыздарды өтеумен теңестіріледі.
Халыққа берілген кредиттер 2024 жылғы наурызда 1,7%-ға ұлғайып, 17,5 трлн теңгені құрады (2024 жылдың басынан бері 5,1%-ға өсу). Халыққа берілген кредиттердің өсуі ипотекалық кредиттеудің 0,7%-ға 5,4 трлн теңгеге дейін ұлғаюына, сондай-ақ тұтынушылық қарыздардың 2,1%-ға 10,9 трлн теңгеге дейін өсуіне байланысты.
2024 жылғы наурызда бизнес субъектілеріне ұлттық валютада берілген кредиттер бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі 19,3%-ды (2024 жылғы ақпанда – 19,5%), халыққа қатысты – 19,1%-ды (2024 жылғы ақпанда – 17,5%) құрады.
2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша банк секторы бойынша мерзімі өткен берешегі 90 күннен асатын қарыздар деңгейі (NPL 90+) несие портфелінің 3,1%-ын немесе 929 млрд теңгені құрады (2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша – 2,9% немесе 864 млрд теңге).
ШОБ-ты есептегенде заңды тұлғалардың портфелінде NPL90+ қарыздарының деңгейі 2,2%-ды немесе 278 млрд теңгені, жеке тұлғалардың портфелінде 3,7%-ды немесе 650 млрд теңгені құрады. Жұмыс істемейтін қарыздарды провизиялармен өтеу жоғары деңгейде сақталып, 73,4%-ды құрайды (01.01.2024ж. – 75,9%).