Freedom Finance Global 2023 жылдың қыркүйегінде шағын және орта бизнеске арналған ауқымды тоқсан сайынғы зерттеуді бастады. Мұнда түсімнің, қызметкерлердің және бизнес көлемінің өзгеруі секілді түйінді бизнес көрсеткіштеріне талдау жүргізіледі. Сондай-ақ несиенің қолжетімділігі, өсімді шектейтін кедергілер, рубльдің теңгеге қатысты әлсіреуіне байланысты жағдаяттық мәселелер мен төлем нысаны да бағаланады. Мұнымен қоса шағын және орта бизнес іскерлік белсенділігінің меншікті индексі есептелді.

Мәліметтерді жинау әдісі-телефондық сауалнама (CATI). Зерттеудің әрбір толқынында (тоқсан сайын) өндірістік және өндірістік емес салалардағы шағын және орта бизнестің 500 өкілімен сауалнама жүргізіледі. Сауда, кен өндіруші және өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс және қызмет көрсету салаларындағы кәсіпкерлік субъектілері іріктеліп алынды. Іріктеме өңірлік квоталарды – Қазақстан Республикасының 20 өңіріндегі (17 облыс және үш республикалық маңызы бар қала) бизнестің қатысуын, салалық квоталарды және негізгі жиынтықтағы бизнес субъектілерінің саны мен олардың ЖІӨ-ге қосқан үлесін көрсететін кәсіпорындардың көлемін ескере отырып құрылды. 

Бұл материалда 2023 жылдың үшінші тоқсанының қорытындылары ұсынылған.

Бизнесті кеңейту келелі мәселе емес

Іскерлік көңіл-күй индексі төрт негізгі қосалқы индекстерден тұрады: «Сатылымдар», «Кадрлар», «Несиелер», «Инвестициялар». Қосалқы индекстердің арасындағы ең жоғары көрсеткіш «Инвестицияларда» тіркелген – 65,1 байна. Ол бизнесті нақты және болашақта кеңейту мәселелерін ескереді және қазақстандық бизнесмендердің өз қызметін орта есеппен қысқартып емес, кеңейтіп жатқанын және/немесе мұны жоспарлап отырғанын көрсетеді.

Екінші орында 56,4 байна жинаған «Кадрлар» қосалқы индексі тұр. Ол қызметкерлердің нақты өзгерістерін және оны кеңейту бойынша жоспарларды ескереді. Басқа «Несиелер» және «Сатылымдар» екі қосалқы индексінің  әрқайсысында 55 байнадан бар. «Несиелер» санатында соңғы үш айда банктік несие алу әрекеті туралы сұраққа жауаптарды ескеріледі, «Сатылымдар» бағаны түсімнің нақты өзгеруі мен болжалдарын көрсетеді.

Айналым өзгерген жоқ, бірақ көпшілігі өсуді күтеді

Түсім (айналым) мәселесінде оның соңғы үш айдағы нақты өзгерісіне қатысты бизнестің бейтарап жауабын көруге болады. Кәсіпкерлердің 28%-ы түсім өсті деп жауап берсе, бұл ретте 26%-ы кереғар жауап берген, ал тағы 44%-ы оның сақталуын атап өткен. Осы сандардың теңгерімі бойынша тұтастай алғанда бизнес айналымының өзгермегенін түсінуге болады. Дегенмен салалар мен өлшемдерге қараған кезде айтарлықтай айырмашылықтарды байқауға болады. Сонымен, өнеркәсіпте түсім компаниялардың 40%-да өсті, ал тек 9%-да ғана төмендеді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен құрылыс салалары да жақсы нәтижелер көрсетіп, соңғы үш айда компаниялардың 39 және 37%-ы айналымын арттыра алды. Бірақ қызмет көрсету саласында, көтерме және бөлшек саудада сәйкесінше компаниялардың 30 және 38%-да түсімнің төмендеуі байқалады. Бұл салалардағы пайданың өсуін респонденттердің 18 және 20%-ы ғана атап өтуде.

Ірі компаниялар да бәрі жақсы, бірақ мұндағы нәтижелер арасындағы айырмашылық салалар тұрғысынан алғандағыдай үлкен емес. Олардың арасында 1,036 миллиард теңгеден астам тауар айналымы бар 37%-ы пайызы түсімін үшінші тоқсанда арттыра алған. Осы орайда, көлемі шағынырақ компаниялар арасында мұндай табыстылар 27-29% аралығында болды.

Ұқсас жағдайды қызметкерлердің көлемінен де көруге болады. Бұл тұрғыда ірі компаниялар әлдеқайда жақсы нәтиже көрсетті. 101-ден 250-ге дейін қызметкері бар фирмалардың 45%-ы түсімді арттыра алды. Бұл ретте, 15-ке дейін қызметкері бар компаниялардың тек 24%-ы ғана мұндай көрсеткішпен мақтана алады.

Түсім өсімін күту мәселесінде қазақстандық шағын және орта бизнес (ШОБ) оптимистік көзқарасты көрсетті. Респонденттердің 47%-ы төртінші тоқсандағы түсімнің өсуі туралы сұраққа оң жауап беріп, ал 21%-ы кереғар жауап берді. Ең жақсы күтулер 68%-ы түсімнің өсуін күтетін ауыл шаруашылығы саласында болды. Бұдан маусымдықтың жауаптарға әсері туралы қорытындыны сақтықпен жасауға болады. Жылдың соңғы тоқсаны ауыл шаруашылығы компанияларының көпшілігі үшін қорытынды шығаратын кезең болмақ.

Сұрау салынғандардың 60%-ы тауар айналымының ұлғаюын күткен өнеркәсіп те шамалы артта қалуда, үшінші тоқсандағы өнеркәсіптік компаниялардың тек 9%-да ғана түсімнің төмендеуін ескергенде, бұл таңданыс тудырмайды. Ал сауда саласында жаңа жылдық мерекелерге қарамастан, тек 38%-ы ғана өсуді күтеді.

Айналым мөлшері болжалдар мәселесінде соншалықты шешуші фактор емес болып шықты. Ірі компаниялардың 30%-ы төртінші тоқсанда түсімнің төмендеуін күтсе, шағын компанияларда бұл көрсеткіш 19-23% аралығында. Нәтижесінде 106–1035 млн теңге айналымы бар компаниялар ең оптимистік көзқараста болып, ал 26–105 млн айналымы бар фирмалар олардан шамалы артта қалды.

Түсімге қатысты екі мәселе бойынша да ең жағымды өңір Маңғыстау облысы болып табылады. Онда кәсіпорындардың 66%-да пайда өсті, ал 85%-ы оны төртінші тоқсанда өседі деп күтуде. Барлық көрсеткіштер бойынша ең нашар өңір деп Солтүстік Қазақстан облысын атауға болады, мұнда кәсіпорындардың 15%-ы ғана тауар айналымын арттырып, ал 12%-ы өсімді күтуде.


Қызметкерлерге деген қажеттілік артты, бірақ барлық жерде бірдей емес

Жалпы алғанда үшінші тоқсанда қазақстандық бизнес қызметкерлерінің саны өсті. Бизнесмендердің 14,3%-ы штаттың ұлғаюын көрсетсе, 10,4%-ында ол қысқарған. Қалған респонденттердің барлығы дерлік қызметкерлер санының өзгермегенін атап өтті. Салалар тұрғысынан жауаптардағы айтарлықтай айырмашылықты қайтадан көруге болады. Өнеркәсіпте штат компаниялардың 35%-да, ал құрылыста 19%-да өскен. Бұл ретте қызмет көрсету саласында бұл көрсеткіш небәрі 8%-ды, ал саудада – 7%-ға жетті. Аталған салаларда, сонымен қатар, керісінше, штатын қысқартқан көптеген компаниялар байқалады: тиісінше 13 және 10%. дегенмен 13% көрсеткіш ең жоғары теріс нәтиже болды. Яғни, біз ешқандай салада кадрлардың күрт жаппай қысқаруын байқамаймыз. Айналым тұрғысынан компанияның көлемі, керісінше, нәтижедегі айтарлықтай айырмашылықты көрсетпеді. Орташа алғанда жылына 26 млн теңге және одан да көп табыс табатын компаниялардың 19%-ы штатты ұлғайтқан. Түсімі 25 млн теңгеге дейінгі шағын компаниялар ғана теріс таза нәтиже көрсетті: мұндай фирмалардың 11%-ы штатын қысқартып, ал 10%-ы штатын ұлғайтқан.

Әлдеқайда сенімдірек көрсеткіштерді алдағы төртінші тоқсанда қызметкерлерді қабылдау мәселесінен көруге болады. Компаниялардың 30%-ға жуығы қызметкерлерді көбейтуді көздесе, тек 5,3%-ы керісінше жауап берді. Салалар арасындағы айқын көшбасшылар ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп болып табылады: компаниялардың 51 және 47%-ы сәйкесінше штатты кеңейтуге ниет білдіріп отыр.

Дегенмен басқа салалар да таза оң нәтиже көрсетті. Осылайша, аутсайдерде сауданың атынан компаниялардың 15%-ы қызметкерлерді көбейтуді жоспарлап отыр және тек 6%-ы ғана қызметкерлерді төртінші тоқсанда қысқартуды жоспарлап отыр. Бұл ретте, компания неғұрлым үлкен болса, штатты арттыруды жоспарлағандардың үлесі соғұрлым аз: айналым бойынша сараланған ірі компаниялардың тек 13%-ы ғана қызметкерлерді көбейтуді жоспарлауда. Мұнымен қоса жауап беруге қиналғандардың жоғары үлесін атап өтеміз – 24%, бұл мұндай компаниялардың күрделі құрылымын және сұхбат алған басшыда нақты ақпараттың болмауын көрсетуі ықтимал. Штатты арттыру мәселесінде ең жағымды нәтижені орташа компаниялар көрсетеді. Жылдық айналымы 106–1035 млн теңге аралығындағы компаниялардың 37%-ы қызметкерлер санының өсуін жоспарлап отыр.


ШОБ біртіндеп кеңеюде

Қазақстанның шағын және орта бизнесі қысқарғаннан  гөрі көбіне кеңейіп келеді. Оның үстіне, бұл тезис үшінші тоқсандағы өткен кеңейту мәселесінде де, болашақ мәселесінде де дұрыс. Сауалнамаға қатысқан компаниялардың 37%-ы зерттеу кезеңінде бизнесін кеңейтуде жүзеге асырды. 29%-ы - өз қаражаты есебінен, 8%-ы - несиелер есебінен. Компаниялардың тек 5%-ы ғана бизнесті қысқартуға мәжбүр болды.

Салалар тұрғысынан 58% көрсеткішпен ауыл шаруашылығы айқын көшбасшы. Өнеркәсіп те жақсы жұмыс істеді, компаниялардың 46% кеңейтілді. Соңғысы құрылыс және қызмет көрсету салалары болды (екі жағдайда да 23%-дан). Дегенмен егер қызмет көрсету саласында бизнестің қысқаруы соншалықты жиі құбылыс болмағанымен (6%), құрылыста ол 11%-ға жетті. Біз сондай-ақ қарыз қаражаты есебінен ұлғайған өнеркәсіптік компаниялардың жоғары үлесін атап өтеміз (17%). Күтілгендей үлкен құрылымдар өздерінің жоғары базасына байланысты басқаларға қарағанда азырақ деңгейде кеңейді. Ірі компаниялардың ішінде мұндайлар 24%-ы ғана болса, ең жоғары көрсеткіш (45%) жылдық айналымы 106–1035 млн теңгеге тең компаниялар арасында болды. Үздік өңір Түркістан облысы болды, онда компаниялардың 60%-ы өз ісін кеңейтті.

Отандық ШОБ компанияларының 38%-ы төртінші тоқсанда бизнесін кеңейтуге ниет білдіріп отыр. Бұл ретте 28%-ы өз қаражаты есебінен, 10%-ы қарыз қаражаты есебінен жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ бұл мәселеде компаниялардың 56%-ы өз ісін кеңейтуге ниет білдірген ауыл шаруашылығы саласы көшбасшы болып тұр. Алайда бұл жолғы көшбасшылық соншалықты айқын болмады, өйткені төртінші тоқсанда өнеркәсіптік кәсіпорындардың 56%-ы кеңеюді жоспарлап отыр. Бір қызығы, ауыл шаруашылығы компанияларының 15%-ы қарызды кеңею үшін қарыз қаражатын пайдалануды жоспарлап отыр, бұл ең жоғары мән. Аутсайдер тағы да қызмет көрсету саласы болып шықты, мұнда компаниялардың 24%-ы ғана кеңеюді жоспарлауда. Көлемі тұрғысынан жағдай алдыңғы сұраққа ұқсас болып келеді. Айналымы 106–1035 млн теңгені құрайтын санаттағы компаниялардың 48%-ы кеңеюді жоспарлап отыр. Сауалнаманың көшбасшысы Маңғыстау облысы болды, мұнда кәсіпорындардың 69%-ы өсуді жоспарлап отыр.


ШОБ өкілдерінің төрттен бірі несие қол жеткізе алмайды

Үшінші тоқсанда банктен несие алу әрекеті туралы сұраққа компаниялардың 9%-ы өтініш беріп, мақұлданғанын айтып жауап берсе, ал 5,4%-ына бас тартқан. Респонденттердің 17,5%-ы бұрыннан қолданыстағы несиелері бар деп жауап берді, 16,6%-ы жоғары мөлшерлемеге байланысты өтініш бермесе, ал 4,9%-ы оларға несие   бәрібір мақұлданбайды деп шешкен. Нәтижесінде, компаниялардың 26,9%-ы бизнес үшін несие алу мүмкіндігіне қалай болғанымен қызығушылық танытады, бірақ әртүрлі себептермен олар оны ешқашан алмайды. Кәсіпорындардың 40%-ы қазір несие оларға қажет емес деп санайды.

Салалардың ішінде ең көп мақұлдау ауыл шаруашылығы мен саудада байқалады, мұнда респонденттердің 13%-ының несиелері мақұлданған. Дегенмен сауда жағдайында, ең алдымен, шағын бизнестің айналым қаражатын толықтыру үшін қарапайым тұтыну несиесін алудың кең таралған тәжірибесін ескере отырып, несиелерді жеке кәсіпкерлер рәсімдейді. Ауыл шаруашылығы жағдайында бұл саланы – шағын шаруашылықтарды да, ірі агрофирмаларды да қолдау үшін жеңілдікті несиелеу тәсімдерінің болуын атап өтуге болады, бұл жоғары мақұлдау үлесінен көрініс табады. Сондай-ақ бас тартулардың ең көп саны (компаниялардың 9%-ы) ауыл шаруашылығында байқалады. Жалпы, бұл сала бұл мәселеде ең белсендісі: ауыл шаруашылығы компанияларының 26%-ы ғана несие алу мүмкіндігіне қызығушылық танытпайды.

Қызмет көрсету және сауда салаларындағы бизнесті жоғары тарифтер көбірек алаңдатады, сәйкесінше компаниялардың 21 және 19%-ы мұны көрсетеді. Бір қызығы, бизнестің көлемі ақшаның құнына қатысты алаңдаушылыққа көп әсер ете қоймаған. Қаржы теориясы компания неғұрлым үлкен болса, несие ақшасы соғұрлым арзан болады деп айтады. Айналымы 1,036 млрд теңгеден асатын ірі фирмалар несиеге өтініш бермеген. Айта кетейік, сауалнамада мұндайлар саны 19 ғана болған.


Шағын және орта бизнестің ІБИ оң аймақта болып шықты

Іскерлік белсенділік индексі (ІБИ) бүкіл дүниежүзі бойынша бизнестің іскерлік белсенділігін анықтау үшін кеңінен қолданылатын метрика болып табылады. Ағымдағы ІБИ, Ұлттық банктің мәліметі бойынша, нақты сектордағы бизнестің сауалнамасының негізінде 49 байнаға тең. Freedom Finance Global зерттеулерінің нұсқасы бойынша шағын және орта бизнестің ІБИ көрсеткіші үшінші тоқсанда 56,7 байнаға жеткен. Бұл ШОБ арасындағы жағымды бизнес ахуалын көрсетеді.

Ең жоғары нәтиже өткен айдағы өндіріс жағдайындағы өзгерістер мәселесінде тіркелді: компаниялардың 30%-ы жағдайдың жақсарғанын, ал 13%-ы нашарлағанын атап өтті. Оң және теріс жауаптардың аз үлесін ескере отырып, бұл сұрақтың қызмет көрсету және сауда саласындағы компаниялардың көпшілігі үшін аса өзекті болмағанын және қолдануға келмейтінін атап өтеміз. Екінші жағынан, құрылыс, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларындағы компаниялардың 41-ден 43%-ға дейінгісі өткен айда өндіріс жағдайларының жақсарғанын атап өтті. Өндіріс мәселесі бойынша ірі компаниялар өздерін жақсы сезінеді. Олардың 37%-ы жағдайдың жақсарғанын және 15%-ы ғана нашарлағанын тіркейді. Ал, айналымы 106 млн теңгеден н 1,035 млрд теңгеге дейінгі компаниялар, керісінше, бейтарап дерлік нәтиже көрсетті: 19% теріс жауапқа қарсы 20% оң жауап.

ІБИ екі компоненті де өзін жақсы жағынан көрсетті: «Жеткізу уақыты» және «Жаңа тапсырыстар», олар сәйкесінше 57,7 және 57,3 байна жинады. Өткен айда компаниялардың 23%-да жеткізу мерзімі жақсарды, ал тек 8%-ы ғана нашарлауды атап өтеді.  Бұл сұрақ өңдеу секторы үшін өзекті болып шықты. Құрылыс саласында компаниялардың 35%-ы осы компоненттің жақсарғанын атап өтсе, тек 1%-ы ғана теріс пікір білдірген. Ал айналымы ең көп кәсіпорындар, керісінше, «Жеткізу уақыты» көрсеткішінің нашарлауын сезінген. Мұны ірі фирмалардың 23%-ы көрсетті, 19%-ы олармен келіспейді. Басқа өлшем топтарында жағдай керісінше және жағымды. «Жаңа тапсырыстар» сегментінде ірі фирмалар айтарлықтай жақсаруды көрсетеді: 14%-ға қарсы 56% оң жауап, ал басқа компаниялардың әлдеқайда нәтижелері біршама қарапайым. Тұтастай алғанда, компаниялардың 34%-ы жаңа тапсырыстардың артқанын, ал 20%-ы төмендегенін көрсетеді. Салалар арасында жаңа тапсырыстар бойынша ең жоғары өсімді ауыл шаруашылығы бизнесі атап өткен: 49%-да ұлғаю, ал тек 10%-да төмендеу бар.


Экономикалық саясаттың белгісіздігі басты кедергі 

Зерттеу барысында сонымен қатар кәсіпкерлік қызметті шектейтін негізгі факторларға сауалнама жүргізу арқылы құрастырылған бизнес кедергілер индексін есептеді. Бизнес кедергілер индексінің 100 ұпайдан жоғары көрсеткіші бизнесті жүргізуге айтарлықтай кедергілердің бар екенін көрсетеді; 100 ұпайдан төмен ұпай сіздің жеке бизнесіңізді жүргізуді айтарлықтай қиындатпайтын орташа кедергілерді көрсетеді.

Индекс  88,4 байнаға жетіп, бұл кедергілердің шамалы әсерін көрсетеді. Респонденттердің 26%-ы оларда айтарлықтай кедергілер жоқ деп жауап берді, бірақ ең жоғары нәтижеге (19%) келесі нұсқа ие болды: «Жалпы экономикалық саясаттың белгісіздігі (мысалы, салықтар, мемлекеттік шығындар, реттеу, Орталық банктің саясаты)». «Қаржылық шектеулер» 18% нәтижемен екінші орынды иеленді. Сондай-ақ үздік үштікке «Жеткіліксіз сұраныс» (13%) жауабының нұсқасы кірді.

Ауыл шаруашылығынан басқа, аталған салалардың барлығында, «Жалпы экономикалық саясаттың белгісіздігі» басты 3 кедергіге кірді. Ал, қызмет көрсету секторын, мысалы, жалгерлік құны көбірек алаңдатады: респонденттердің 16% бұл нұсқаны таңдаған. Бұл ретте аграрлардың 25%-ы «Қаржы шектеулері» көрсеткіші олар үшін дамуды тежейтін негізгі фактор деп санайды. Бір қызығы, бұл кедергілерді мүлде байқамайтын компаниялардың басым бөлігі құрылыс саласында. Бұл жерге, 26% орташа жалпы мәнде, олардың 50%-ы жиналған.

Компаниялардың көлемі де үлкен рөл атқарды және кедергілердің айырмашылығын көрсетті. Ең ірі фирмалардың күн тәртібінде «Қаржы шектеулері» (35%) және «Жұмыс күшінің тапшылығы» (30%) тұрса, анағұрлым шағын компанияларда бұл факторлар орташа есеппен сәйкесінше 18 және 9%-ды жинады. «Жалпы экономикалық саясаттың белгісіздігі» (28%) маркері, «Жалдау құны» (20%) секілді жыл сайынғы айналымы 26–105 млн теңгені құрайтын компанияларды көбірек  алаңдатады. Ең шағын компаниялар негізгі кедергілер ретінде келесілерді атап өтті: «Қаржы шектеулері» (18%) және «Жеткіліксіз сұраныс» (15%).


Рубль әлсіреуінің әсері асыра бағаланды ма?

Сондай-ақ қазақстандық шағын және орта бизнеске 2023 жылдың үшінші тоқсанында ең өзекті болып көрінуі мүмкін жағдаяттық бірнеше сұрақтар қойылды. Бірінші сұрақ теңгенің рубльге қатысты нығаюына байланысты болды. Компаниялардың басым көпшілігі (62,7%) бұл оқиға олардың бизнесіне ешқандай әсер етпеді деп жауап берді. Компаниялар мен салалардың біршама көп саны үшін рубльдің әлсіреуі жағымды дегеннен гөрі, жағымсыз әсер етті. Респонденттердің 7,7%-ы жағымсыз әсерді жеке сезінгенін атап өтсе, 6,9%-ы керісінше жауап берді. Салалар тұрғысынан қызмет көрсету саласы ең бейтарап танытты: компаниялардың 76,8%-ы ешқандай әсердің жоқтығын атап өтті. Рубльдің әлсіреуі сауда мен өнеркәсіпке ең көп әсерін тигізді.   Сауда саласының әрбір оныншы кәсіпорны жағымды әсерді сезінсе, 8,9%-ы жағымсыз әсерді атап өткен. 

Компанияның көлемі де қандай да бір айтарлықтай корреляция көрсетпеді. Рубльдің әлсіреуі шағын компанияларды алаңдатпайды, ал оның әсерін жылына 26–105 млн теңге айналымы бар кәсіпорындар қатты сезінді. Бір қызығы, Ресеймен шектесетін өңірлердің бизнесі рубльдің әлсіреуінен барынша жағымды әсер алды: Солтүстік Қазақстан (21,1%), Қостанай (20,8%) және Павлодар (17,1%). Керісінше, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарындағы бизнес барынша көп жағымсыз әсерді сезінді. Онда компаниялардың 27,4 және 25%-ы тиісінше рубль әлсіреуінің жағымсыз  әсерін бастан кешірді.


Төлемнің дәстүрлі түрлері әлі де бар

Бизнес үшін келесі қызықты мәселе тауарлар мен қызметтер үшін төлемді қабылдау нысаны болды. Респонденттердің 60%-ы төлемді шот қою  арқылы, ал 55,6%-ы қолма-қол ақшамен қабылдаймыз деп жауап берді. жаңадан енген QR кодтар  45,2% нәтижемен үшінші орынды иеленді. Сауалнамаға қатысқан компаниялардың клиенттері 36,5% жағдайда банк картасымен төлем жасайды, ал бизнестің 30,2%-ы картаға аударымдарды қабылдайды.

Салалар тұрғысынан қолма-қол ақша ауыл шаруашылығында (70,3%) және саудада (66,6%) көбірек пайдаланылады. Мұнымен қоса осы сауда саласында клиенттер QR кодтарды (64,6%), банк карталарын (49,1%) және карточкалық аударымдарды (39,4%) пайдалана отырып төлемді жиі пайдаланады. Өнеркәсіпте картаға аударымдар бірдей деңгейде сұранысқа ие: сауалнамаға қатысқан компаниялардың 39,2%-ы төлемнің осы түрін қабылдайтынын мәлімдеді. Жалпы, сауда саласы төлемдерді қабылдау жағынан ең икемдісі болып шықты. Сондай-ақ, шот қою ауыл шаруашылығынан басқа барлық салаларда аса сұранысқа ие: орта есеппен осы төрт саладағы компаниялардың шамамен үштен екісі есеп айырысудың осы түрін пайдаланады.

Келесі үрдіс атап өтіледі: компания неғұрлым үлкен болса, ол соғұрлым қолма-қол  ақшаны азырақ пайдаланады. Айналымы жылына 1,036 млрд теңгеден асатын кәсіпорындардың 7%-ы ғана қолма-қол ақшаны пайдаланса, шағын кәсіпорындар арасында бұл көрсеткіш 64%-ға жетеді. Сондай-ақ ірі компаниялардың арасында карталарға аударымдар (20,4%), банктік карталармен (14,9%) және QR-код бойынша төлемдер (6,4%) сұранысқа ие емес. Ірі компаниялардың басым көпшілігі (74,8%) клиенттеріне шот шығарады. «Қолма-қол ақша» Жетісу облысының бизнесінде барынша сұранысқа ие болса (90,2%), ал Атырау облысының кәсіпорындары арасында сұранысқа анағұрлым азырақ ие болып отыр (24,6%). QR кодтарымен төлем жасауды Ұлытау облысында көбірек жақсы көреді, оларды шағын және орта бизнес өкілдерінің 85,2%-ы пайдаланады, ал ең азы тағы да – Атырау облысында (20,6%).


Қорытындылар мен тұжырымдар 

Бұл зерттеудің негізгі қорытындысы 2023 жылғы қыркүйекте қазақстандық шағын және орта бизнестің іскерлік көңіл-күйінің жиынтық индексі 57,8 байнаға жеткенінде болып отыр. Еске салайық, 50 байна оң және теріс аймақтар арасындағы шекара болып саналады. Қазақстандық ШОБ орта есеппен қазіргі және болашақтағы жағдайын оң бағалайды болып отыр.

Қазақстандық шағын және орта бизнес ірі кәсіпорындармен салыстырғанда анағұрлым оңды болып шықты. Іскерлік белсенділіктің компоненттерін талдау ШОБ-тың нақты айналымдағы тоқырауын қоспағанда, айқын көрініс тапқан жекелеген келелі мәселелерінің болмауын көрсетеді. Дегенмен компаниялар болашаққа оң көзқараспен қарайды және жалпы алғанда төртінші тоқсанда түсімнің өсуін болжайды. Кейбір салаларда бұл тоқсан жаңа жылдық мерекелер мен егін жинау қарсаңындағы ең жақсы кезең екенін ескере отырып, маусымдық фактордың да маңызды рөл атқаруы ықтимал. Сонымен қатар ШОБ белсенді түрде кеңеюде және оны болашақта да жоспарлап отыр, ал жұмыскерлер штаты орта есеппен азаюдың орнына, ұлғая түсуде. Тіпті несиелердің атышулы жоғары құнының өзі,  жалпы алғанда, шағын және орта бизнестің дамуына айтарлықтай кедергі бола қоймаған, себебі несиелердің көпшілігі негізінен қажет емес немесе қолданыста бар.

Сондай-ақ белгілі бір компания жұмыс істейтін салаға байланысты нәтижелердегі өте үлкен айырмашылықтарды көруге болады. Сауда және қызмет көрсету салаларында түсімдердің төмендеуі байқалады, ал басқа салаларда өсу байқалады. Ауыл шаруашылығы саласында кәсіпорындар несиеге көбірек мақұлдау алады және тұтастай алғанда, оларды алуға қызығушылық өте жоғары, бұл көптеген жеңілдікті бағдарламаларға байланысты болуы ықтимал. Бірақ сонымен бірге ауыл шаруашылығы компанияларының басқа салаларға қарағанда әлдеқайда көп үлесіне несие беруден бас тартылады. Өнеркәсіпте бизнесті кеңейту үшін қарыз қаражатын пайдаланатындардың айтарлықтай жоғары үлесі бар. Сонымен бірге сауда, қызмет көрсету және құрылыс салаларында өз бизнесін ешқалай да кеңейтпеген немесе қысқартпаған көптеген компаниялар қызметін жалғастыруда.

Ұлттық банктің мәліметінше, қыркүйек айында ШОБ ІБИ ірі компанияларға қарағанда біршама жоғары болды. Жалпы алғанда, барлық компоненттер бойынша жағымдылық байқалады. Бірақ бірқатар сұрақтар жарамсыз болған, кейбір салалардағы компаниялардың да үлесі жоғары. Қазақстандық ШОБ бизнесті дамытуға тосқауыл болатын кедергілердің жалпы бар екенін атап өтеді. Компаниялардың төрттен бірінен сәл астамы ғана айтарлықтай кедергілерді көрмей отыр. Бизнесмендерді «Жалпы экономикалық саясаттың белгісіздігі», «Қаржы шектеулері» және «Жеткіліксіз  сұраныс» көрсеткіштері алаңдатады.

Сондай-ақ Қазақстандағы ШОБ-не рубльдің әлсіреуінің әсері мен төлем нысанына қатысты екі жағдаяттық сұрақ қойылды. Көптеген компаниялар бірінші фактордың әсерін байқамаған. QR кодтары немесе картаға аударымдар түріндегі жаңа төлем түрлеріне келетін болсақ, олар әлі дәстүрлі әдістерді толығымен ығыстыра алмаған. Барлық нұсқалардың көшбасшысы төлемге шот қою болып саналады

Қорыта келгенде, шағын және орта бизнесті зерттеу айтарлықтай қызықты нәтижелер көрсетті, бұл ірі компаниялардың ұқсас зерттеулерінен біршама ерекшеленеді. Сонымен қатар, тақырып пен сұрақтарға егжей-тегжейлі үңілу белгілі бір салаларда, өңірлерде немесе компаниялардың айналымы тұрғысынан жағдайдың қандай екенін түсінуге мүмкіндік береді. Екінші жағынан, «аман қалғанның қателігі» болуын ескере отырып, жалпы оң көзқарас өте қисынды екенін түсінген жөн.  Тек қазіргі мәртебесін ескере отырып, жақсы табыс табатын компаниялар ғана сауалнамаға қатысады, сәйкесінше олар болашақ пен ағымдағы жағдайға оң көзқарас танытады. Не дегенмен, шағын және орта бизнес өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік билік органдары үшін бұл зерттеудің нәтижелері өте пайдалы болады, себебі олар ШОБ-тың жалпы және жекелеген санаттардағы - көлемі, саласы, атап айтқанда өңірі бойынша үрдістері мен көкейтесті мәселелерін түсінуге мүмкіндік береді.

Авторы: Данияр Оразбаев, Freedom Finance Global талдаушысы